Өзекті

Қуаңшылық қалай әсер етіп жатыр?

Тасқын Болатұлы

Шығыс Қазақстан ет, сүт өндіруде республика бойынша алдыңғы лекте. Ал Тарбағатай – облыстағы ең малды ауданның бірі. Аудан тұрғындарының кейбірі былтыр және оның алдыңғы жылдары 250-300 мың теңгенің шамасында өткізген сиырын биыл 130 мың теңгеден «бере салып» отыр. Бұл ненің көрінісі?

Мал  алушылар қарасы көрінбей кетті

Облысқа мал алушылар негізінен Алматы облысынан келетін. «Сөмкелеріне ақшаларын толтырып алып, тау кезіп жүретін» саудагерлердің қарасы көптен бері көрінбейді. Телефон шалған тұрғындарға «Маңғыстау облысында мал бағасы түсіп кетті, сондықтан Алматыда етті арзан қабылдап жатыр. Шығыстан Алматыға алып келсек, шығынымызды ақтамайды» деп жауап береді.

Бағаның төмендеуі, жемшөптің тапшылығы туралы облыста алғашқылардың бірі болып «Ақжол» демократиялық партиясы Семей аймақтық филиалының басшысы Рахат Алтай мәселе көтерді.

– Біздің партияға облыстың оңтүстік аудандарының шаруаларынан өтініш көп түсті. Тарбағатай ауданындағы Қызылкесік ауылында қуаңшылықтан шөп шықпай қалған. Сатушылар бір орам шөпті 10-15 мың теңге арасында бағалап отыр. Бұл шамадан тыс қымбат. Қыстық отынын да, мал азығын да, балаларының мектеп киімін де төрт түлігін өткізіп алатын халықтың қолында ақша таусылған. Күз болса, міне, келді. Ауылға мал алуға бір ғана жүк мәшинесі келген екен, ол небары 130 мың теңгеден жиыны 80 бас мал алып кетіпті. Саудагерлер «берсең де, бермесең де өзің біл» деп тұрып алған. Сиырды «сутегін бере бергеніміз болмас» деп, ақыры өздері малын тиеп Алматыға баруға талпынып көрген. Дәл жеткенде полиция карантин екенін айтып бекеттен кері қайтарыпты. Бұдан кейін халықта еш амал қалмады. Асырайтын шөбі болмаған соң, малды сойып тастап отыр. Алматы облысында да биыл жемшөп аз, олар да малдарын арзанға бермейміз деп соя бастаған. Шығыс Қазақстаннан мал қабылданбауы керек деген жасырын тапсырма да бар секілді, – деді телефон арқылы тілдескен Рахат Алтай.

Оның айтуы бойынша, қиыншылықтан шығу үшін көршілес Ресей, Қытай мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынасты жандандыру керек.

– Шөптен тарығу болмайтын Жарма ауданындағы үлкен қожалық иелері «өзімізге жетерлік мөлшерде жинап алсақ, соның өзі олжа» дегенді айтады. Абай ауданындағы ахуалмен бәрі таныс: жалпы 50 мың тонна жемшөп керек болса, қазір 20 мың тоннадан астам ғана жиналған. Ал Тарбағатай ауданы әкімдігінің «тығырықтан өз күшімізбен шығамыз» дегеніне сену қиын. Техникасы бар қожалықтар ойдан-қырдан шөп шауып, қор жинап алар, ал ауыл ішінде отбасын қолдағы малымен асырап отырған жұмыссыз халықтың қамын кім ойлайды? Үкімет батыстағы облыстарда мал қырылғаннан кейін барып кеш қимылдады. Ол жаққа әсер еткен қуаңшылық бізді де айналып өтпеді. Ресеймен достық қарым-қатынас аясында Алтай аймағынан шөп тасып, елге лайықты бағаға беру керек. Шөп алу үшін халыққа пайызсыз қайтаратын қаражат беруді қарастыру қажет. Субсидияға бөлінетін ақшаны осыған жұмсауға болады. Қайткенде де мал басын сақтауды ойламасақ, ауыл шаруашылығына байланған Шығыс жұрты 90-жылдардағыдай қала-далаға тентіреудің алдында тұр. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін ет өткізу бойынша облыс әкімі Даниал Ахметов Қытаймен келісімшарт жасасқан. Сол кезде Қытай бізден бір келі етті алты мың теңгеден қабылдаған. Облысымызға ең жақын нарық – Қытай екенін ескере отырып, сол істі қазір жандандыруға күш салу керек, – деді Рахат Алтай.

«Жағдайды өз азаматтарымыз қиындатып отыр»

Көкпекті ауданында да жағдай керемет дей алмайсыз. Оны мал азығын жинау науқаны басталардағы аудан әкімдігінің отырысында көтерілген мәселелерден анық байқауға болады. Жергілікті «Жұлдыз» газетінің жазуы бойынша, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин жергілікті халықты толық қамтамасыз еті үшін шөпті көрші аудандарға сатуды тоқтату керегін айтқан.

– Іргелі шаруа қожалық басшыларымен сөйлесіп отырмыз. Шаруашылық басшылары шөп жеткілікті, қажетті мөлшерде жинап алған соң жергілікті тұрғындарға сатып, халықтың бәрін қамтамасыз етеміз деп отыр. Арпа мен бидай орылған соң сабанды тұрғындарға тегін беретін болып келісім жасалды. Ауыл әкімдері халыққа қажеттілікті анықтап берсе, сол бойынша нақты жұмыс істейміз. Ең бастысы, жалғызбасты қарттар мен көпбалалы отбасыларға көмек көрсету қажет. Қазіргі кезде бір мәселе бар – ол шөптің бағасын қымбаттатып отырған өзіміздің жергілікті азаматтар. Шөбі бар, жағдайы бар азаматтар көрші аудандарға шөп сатады. Бұл жағдайды тоқтатсақ. Биыл шынымен де шөп аздау, бірақ өзіміздің халыққа жетеді. бар мәселе – ауданнан тысқа сатылып кетіп жатқаны. Осыны тоқтату үшін учаскелік полиция инспекторлары да жұмыс істесе. Бірінші кезекте аудан халқын жемшөппен қамтамасыз ету керек болып тұр, – дейді Дәурен Қойгелдин.

Ол қарапайым халыққа мал азығын дайындау үшін қосалқы жерлер мен жол шетіндегі шөпті қажетті адамдарға шабуға рұқсат беру туралы ұсыныс айтқан.

Арнайы штаб құрылды

«Ақжол» партиясының өкілі жоғарыдағы мәселе туралы жергілікті басылымдарға сұхбат бергеннен кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян баспасөз конференциясын өткізіп, жеті аудан мен бір қалада қуаңшылық ерекше байқалғанын растады. Олар: Бесқарағай, Тарбағатай, Аягөз, Көкпекті, Жарма, Ұлан, Абай аудандары мен Семей қаласының аумағы.

– Өңірімізде малдың аштан өлгені туралы факті тіркелген жоқ. Мал азығын жинау үшін техника мен жұмысшысы жоқ жеке үй шаруашылықтарына ерекше назар аударамыз. Орынбасарым аталған аудандарды аралап, тиімді шаралар қабылдауға іс-сапарға шықты. Аудандарда тұрғындардың өтініштерін тыңдау үшін арнайы штаб құрылғанын біле жүріңіздер, – деді Владимир Гайламазян.

Облыстық статистика департаментінің дерегіне сүйенсек, облыста үй шаруашылықтарында өнім көлемі мол өндірілетінін байқауға болады. Былтыр жеке үй шаруашылықтарында жалпы ет көлемінің 45,4%-ы, сүттің 61,3%-ы, жұмыртқаның 81,3%-ы, жүннің 51,1%-ы өндірілген.

Шығыста үй шаруашылықтарында жемшөп жинау, мал сату проблемасы былтыр да қозғалған. Ауыл шаруашылығы саласындағы басшылар сол кезде «ерекше назар аударатынын» айтқанымен, айтарлықтай жұмыс жүргізілмеген. Мәселен, жоғарыда аталған Тарбағатай ауданының тұрғындары қыс ішінде бір-бірінің қорасынан шанамен шөп тасып, берекесі кеткенін айтады. Ең қорқыныштысы, олар биыл да «баяғы жартас – бір жартас» күйі қалады, «өлместің күнін кешерміз» дейді әлден үміт үзіп отырғанын байқатып.

Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуы бойынша, үй шаруашылықтары отбасы мүшелерін асырауға ғана қауқарлы. Олар күзгі науқанды еңсеру үшін бірлесуі керек. Бірақ ауыл шаруашылығында ұжымдастыру жұмысы сылбыр жүргізіліп келеді.

Осы айдарда

Back to top button