Ата Заң

Құқықтық құжат

1995 жылы 30 тамызда еліміздің Конституциясы қабылданған. Бұл күн заңға сай мемлекеттік мерекелер тізіміне енген болатын. Конституция күні жалпыхалықтық мейрамға айналды.

Конституция 1995 жылғы 30 тамызда халықтың тікелей қатысуымен референдум арқылы қабылданды, осылайша халық өз болашағын айқындады.

Ата Заң жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямыз – ел тәуелсіздігінің, мемлекеттігінің тірегі, саяси-құқықтық төлқұжаты. Ата Заң – халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтап, әлемге Қазақстан деген мемлекет барын паш еткен құқықтық құжат.

Ата Заңымыздың 2-ші бөлімі «Адам және азамат» деп аталып, адамның табиғи құқықтары мен бостандықтары әркімге тумасынан жазылған, олар абсолютті деп танылды.

16-бап әркiмнің жеке бас бостандығына құқын жария етті. Яғни, заңда көзделген реттерде ғана және тек сот санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi.

17-бапта «адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды» делінген. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.

Ата Заң «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейді» деп жария етті. «Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығын» бекітіп берді.

Азаматтарды үймен қамту үшiн жағдайлар жасалады. Ата Заң әркімнің меншік құқына кепілдік береді. Азаматтар заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады.

Ата Заң әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығын жария етті.

Сондай-ақ азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы бар. Азаматтар кепiлдi медициналық көмектi тегiн алуға хақылы. Ата Заң азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк бередi. Орта бiлiм алу мiндеттi. Азаматтың мемлекеттiк жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн бiлiм алуға құқығы бар. Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке  әкеп  соғады.

Сонымен қатар 27-бап «неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады» деп жария етті. Бұл ретте балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.

Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады. Халық өзі қабылдаған заңын құрметтеп, қастерлеуі керек. Заң жақсы жұмыс істеу үшін оны бұлжытпай орындау күнделікті дағдыға, әдетке айналуы керек.

Ерік Айтбаев,

Алтай аудандық сотының приставы

 

 

Осы айдарда

Back to top button