Жаңа дәуірге қадам бастық
1995 жылдың 30 тамызы – Конституциямыз қабылданып, ел тарихында алтын әріппен жазылған күн. Бұл – еліміздің тәуелсіздікке қол жеткеннен бергі екінші Конституциясы.
1993 жылы қабылдаған Конституция тарихи маңызға ие болғанымен, жаңа мемлекеттік қажеттіліктеріне жауап беретін құқықтық нормалар мен идеяларды тұжырымдаған жоқ. Сондықтан жаңа Конституцияны қабылдау ең өзекті мәселе болып, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қолданыстағы Ата Заңымыз қабылданды.
Ата Заңымыз – дүниежүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі.
Тарих үшін 27 жыл – қас-қағым сәт. Алайда бұл мемлекет өміріндегі сындарлы жылдар болды. Осы қысқа да болса мазмұнды мерзімде халқымыздың бүгінгісі мен болашағына байланысты қыруар саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени мәселелер шешімін тапты.
Осыдан жиырма жеті жыл бұрын 30 тамызда халқымыз тарихи шешім қабылдап, еліміз жасампаз жаңа дәуірге қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың қайнар бастауына айналды.
Дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу – парызымыз.
Әр азамат еліміздің негізгі Заңының маңызын, тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу арқылы Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз, еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз.
Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымы, азаматтардың, ұлттардың, әлеуметтік топтардың міндеттері, құқықтары көрсетіледі.
Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық.
Ата Заң азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын, яғни тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге немесе жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығын бекітті.
Азаматтардың мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, референдумға қатысуға және мемлекеттiк қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар заңмен белгiленедi.
Ата Заңымыз азаматтарына құқықтар мен бостандықтар белгілеумен қатар, бірқатар міндеттер жүктейді. Ең алдымен, әркiм Конституцияны және заңдарды сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi. Әркiм мемлекеттiк рәміздерді құрметтеуге мiндеттi.
Конституция күні – халқымыз жоғары дәрежеде атап өтетін маңызды мерекелердің бірі. Осы мереке күні барша қазақстандықтарға татулық пен келісім, денсаулық, молшылық тілеймін!
Шынар Ісләмова,
Өскемен қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының кеңсе меңгерушісі