Ата Заң

Өз құқымызды біліп жүрейік

Заң саласында ұзақ уақыт жұмыс атқарғанымды білетін жұрттың кездескен жерде кеңес сұрайтыны бар. Көбінесе еңбек дауларын білгісі келіп жатады. Негізінен біреудің малын бақтым, кірпішін құйдым, шөбін шаптым, алайда еңбекақымды дұрыс төлемеді, себепсіз жұмыстан шығарып жерді, еңбек кітапшамды толтырып бермеді деген сауалдар қояды. Осы қарапайым ғана еңбек заңдылығын біліп жүрсін деген мақсатпен газет редакциясына өз кеңесімді жолдап отырмын.

Еңбек кодексі бойынша қызметкер немесе жұмыс беруші арасындағы келісім еңбек шарты деп аталады. Жұмысқа қабылданған қызметкер немесе жұмысшы жұмыс берушімен еңбек шартын міндетті түрде жасасуы керек. Жұмыс беруші мемлекеттік органдар жұмысшы не қызметкерлермен еңбек шартын жасасуды жөнге қойған. Ал кейбір кәсіпкерлік нысандар, кәсіпкерлер, жекелеме жұмыс берушілер ешқандай еңбек шартын жасасуға құлық білдірмейтіні бәрімізге аян.

Еңбек шартының заңдылығына тоқталсақ. Еңбек шартында жұмыскердің жұмыс орны, жұмыс кестесі, еңбекақы мөлшері, қосымша төлемақылар, еңбек шартының мерзімі, кәсіпорын не ұйымның орналасқан жері көрсетіліп, тараптар қолдарын қойып танысады. Егер жұмыскердің еңбек кітапшасы қолында болса, дереу жұмыс берушіге өткізуі тиіс. Жұмыс беруші қызметкер не жұмысшы жұмыстан шыққан ретте еңбек кітапшасын дереу 3 күн ішінде толтырып, төлемақысын төлеп, қайтарып беруі тиіс.

Бізде немесе басқа өңірде жүріп еңбек шартын жасамай жұмыс атқарып жүрген адамдар баршылық. Бұл – заңсыздық. Жұмыс берушінің ештеңесі кетпейді. Өзіміз қиналамыз.

Себебі, біріншіден, еңбек шарты болмаса, жалақы заңға сәйкес болмайды. Екіншіден, жұмыс беруші еңбекақыңызды бермей жұмыстан шығарып жіберсе, олардікі заңды болып сот арқылы іздене алмайсыз. Үшіншіден, еңбек шартының жоқтығынан Сіз жұмыс атқарған мерзім ішінде зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына қаражат аударылмайды. Төртіншіден, медициналық сақтандыру жүйесіне қатыса алмау себебінен дәрігерге қарала алмай қалуыңыз мүмкін.

Еңбек шарты еңбек шарты мерзімінің аяқталуы негізінде, сондай-ақ жұмыс берушінің бастамасы бойынша, жұмысшы немесе қызметкердің бастамасы бойынша, штат бірлігінің қысқаруы бойынша, жұмысшы не қызметкер үш сағаттан астам уақыт негізсіз жұмыста болмаған кезде, жұмыскердің денсаулық жағдайы бойынша бұзылуы мүмкін.

Жұмыс беруші қызметкерге немесе жұмыскерге ақылы еңбек демалысын жұмысқа кірген уақыттан бастап 6 ай ішінде беруі керек. Мұнымен қоса, жұмыскерге еңбек заңдылығы бойынша 3 күн ішінде еңбек демалысының қаражаты төленуі тиіс. Еңбек шарты бойынша қызметкер немесе жұмыскер мереке күндері жұмысқа олардың келісімі бойынша жіберілуі керек. Сондай-ақ жұмыс беруші оларға өтемақы төлеуі тиіс.

Кімде-кім жұмысқа тұрған кезде міндетті түрде жұмыс берушімен еңбек шартын жасауы керек. Ата Заңымызда: Мемлекетіміздің басты құндылығы – адам және адам құқын қорғау – басты міндетіміз» делінген.

Сәбет Жәлелбеков, заң саласының ардагері                                                                      

Ақсуат ауылы

Осы айдарда

Back to top button