Ауыл шаруашылығы

ҚОЙ ӨСІРУГЕ ҚОЛАЙЛЫ КЕЗЕҢ КЕЛДІ

Қой қайырып, қозы бағып өскен қазақ баласына   қойдың жөні қашаннан алабөтен. Бірақ соңғы  жылдардың жүзінде облыста қой саны айтарлықтай  кеміп, өрісте мыңғырған малдың елесі ғана қалғандай болатын. Ұсақ малмен күн көріп келген ауыл тұрғындары, қожалықтар үшін қой өсіруге, қой шаруашылығын дамытуға қолайлы кезең енді туғандай.  Былтырғы қыркүйек айынан бастап елімізде қой басына, қой өсірушілерге  берілетін субсидия ережесіне өзгерістер енгізіліп, асыл тұқымды қой санын көбейткендерге берілетін субсидия бір жарым, екі есеге дейін артты.

СУБСИДИЯ ОН  БАСҚА ДА БЕРІЛЕДІ

Мирас Тоқтарқанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап елімізде мал шаруашылығының, соның ішінде қой шаруашылығының дамуына оңды әсер ететін субсидиялаудың жаңа ережесі бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Жаңа ережеге сәйкес, қойға селекция жасап, асылдандырғандарға субсидия көлемі әр қойдың басы үшін 4000 теңге болып, көбейтілді, бұрын 2 500 теңге болатын. Асыл тұқымды қой сатып алғандарға берілетін субсидия мөлшері екі есеге дейін арттырылып,  15 мың теңгеге жеткізілді, бұған дейін субсидияның осы түріне 8 мың теңге беріліп келген болатын. Сондай-ақ бұрын асыл тұқымды аналық қой басына 1 мың 500 теңге субсидия берілсе, енді 2 мың 500 теңге берілуде.  Субсидиялаудың жаңа ережесі енгізілгеннен бері шаруа қожалықтарының, ауыл тұрғындарының қой өсіруге деген қызығушылығы, ынтасы артып отырғаны байқалады. Осы уақытқа дейін қой шаруашылығына облыс бойынша жылына 600 млн. теңгедей субсидия бөлініп келсе, субсидия мөлшері өскен соң  былтыр 1 млрд. теңгеден асты. Өңірдегі мал шаруашылықтарының 95 пайызы ұсақ шаруашылықтар. Субсидия мал санына қатыссыз, асыл тұқымды қой өсіріп отырған шаруашылықтардың, қожалықтардың, кәсіпкерлердің бәріне беріледі. Он, жиырма асыл тұқымды қой ұстап отырған ауыл тұрғыны да субсидия ала алады. Ол үшін қолында тиісті талаптарға сай асыл тұқымды қойдың құжаттары болуы тиіс.

Асыл тұқымды қойларды, қозыларды өңірдегі асыл тұқымды қой шаруашылықтарынан сатып алуға болады. Облыста асыл тұқымды қой өсіріп отырған шаруашылықтар негізінен  Абай, Жарма, Аягөз, Тарбағатай, Зайсан  өңірлерінде көрінеді.   Қожалықтар мен ауыл тұрғындары малға субсидия алу үшін «Субсидиялаудың ақпараттық жүйесі» электрондық порталы арқылы министрлікке өтінім құжаттарын жолдауы тиіс. Субсидиялауға қатысты сұрақтар бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне немесе облыстық   ауыл шаруашылығы басқармасына 8 (7232) 700-715 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Субсидияның басым бөлігі шеттен келген асыл тұқымды  ірі қараға, оларды бордақылауға  бағытталып,  қой шаруашылығы өз жайына қалған соң облыста бірнеше жылдан бері қой өсіруге деген ынта, ықылас азайып, ұсақ мал етке өткізіліп, өсіп-өнуі баяулап кеткен болатын.  Сала мамандары қой шаруашылығын субсидиялауға енгізілген өзгерістен кейін күзден бастап облыста қой саны өсе бастағаны белгілі болып отырғанын айтады. Алдын ала жүргізілген  санақ бойынша биылғы жылдың қаңтарында аймақта қой саны өскені, өңірде  1 млн. 380 мың 474 бас қой бары тіркелініпті.

ЖҮНДІ ҚАРАКҮЙЕ ЖЕП ЖАТЫР

Қарап отырсақ, сатып алынған бір бас асыл тұқымды қойға бөлінетін 15 мың теңге  субсидия қой бағасының жартысындай екен. Демек, мемлекеттен көрсетіліп жатқан қаржылай қолдаудың нәтижесінде дәл  қазір қой өсіруге қолайлы кезең туып отыр. Мал шаруашылығы саласының мамандары осылай дегенмен, ақтылы түлік өсіріп келе жатқан облыстағы ең ірі қой шаруашылығы Тарбағатай ауданындағы «Көкжыра» өндірістік кооперативінің басшысы Бағдат Сағынаев қазіргі күні қой шаруашылығына субсидияның көбейгені өсімтал түліктің қайтадан молаюына үлкен мүмкіндік тудырып отырғанын, сөйтсе де, қой шаруашылығының тынысын ашу үшін оның өнімін өткізудің, кәдеге жаратудың жолын тауып, қойды қысы-жазы бағып-қағатын малшыларға әлеуметтік жеңілдіктер жасау қажеттігін айтады. Кооператив басшысымен телефон арқылы сөйлестік.

Бағдат Сағынаев, «Көкжыра» өндірістік кооперативінің жетекшісі:

-Біздің өсіріп жатқан малымыз қазақтың қылшық жүнді қойы. Кооперативте 21 мың бас қой бар. Бүкіл Қазақстан бойынша ең ірі мал шаруашылығымыз, бізден кейін Жамбыл облысы, Қызылқұм ауданының «Шәушен» мал шаруашылығы тұр, 18 мың қойы бар.  Кооперативте қысы-жазы тұрақты түрде 100-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыларға медициналық сақтандыру төлемдері ай сайын бөлініп отыр.  Қылшық жүнді қой жүні пима басуға, техникалық мақсаттардағы тауарларға пайдаланылып келді. Бірақ бүгінде қой жүні ешқайда өтпейді, ешкім алмайды. Біздің қоймада қазір 60 тонна қой жүні тұр. Өткізетін жер жоқ. Былтыр 12 тонна қозы жүнін, әр келісін 120 теңгеден Бородулиха ауданындағы пима басатын «Костенко» шағын кәсіпорынына өткізген болатынбыз. Күзде шаруашылық жұмысшыларына олардан   пима алдық. «Роза» киіз басу фабрикасына 2018 жылы біраз қой жүнін өткізген едік. Қазіргі уақытта тағы да келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ала ма, алмай ма, ол жағы белгісіз.

МАЛШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ КЕРЕК?

«Көкжыра» кооперативі басшысының айтқанындай,  малдың басын көбейтуге, мал шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырған тағы бір жайт-ауылда мал бағатын адамның қалмай бара жатқаны. Осы орайда Бағдат Әшімұлы ең алдымен малшыға жайлы  жағдай туғызу қажеттігін айтады.  Малшылардың, механизаторлардың  балаларын оқуға түсіруге жеңілдік жасаса, бейнет көріп,  қысы-жазы мал соңында ыстығы пен суығына төзіп жүретін оларды зейнеткерлікке ертерек шығарса, басқа да әлеуметтік жағдайлар қарастырылса, мал бағуға баратын жастар, отбасылар табылар еді дейді.

Басшы сөзінен «Көкжыра»  кооперативі бүгінде барынша  малшының да, тракторшының да жағдайын жасап отырғанын ұқтық.  Ұжымда 11 ай тұрақты жұмыс істеген жұмысшыға  дивидент беріледі: төрт ұрғашы тоқты және  шөп тегін үлестіріледі, жұмысшылар еттің келісін 250 теңгеден сатып алады. Қазір Тарбағатай тауларының бөктеріндегі 36 қыстақта мал бағып отырған шопандар қыстағында күн сәулесі батареялары қойылған, теледидар көрсетеді,  құдық бар.

-Биыл кооперативтің де,  ауыл тұрғындарының малына да итқұс маза бермей тұр.  Шопандарда қойға шауып жатқан қасқырды ататын қару жоқ. Малшыларға  қасқыр ататын қару беруді Ресейдегідей Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ішкі істер министрлігі деңгейінде оңды шешіп, реттеп берсе  деп ойлаймын. Әйтпесе, қасқырдың көбейгені малға да, жанға қиын болып барады,-дейді көбейіп кеткен қасқыр малшының, халықтың уайымына айналып отырғанын айтқан кооператив басшысы.

КЕДЕНДІК САЛЫҚТЫ ҚОЯ ТҰРСА ДЕЙДІ

Қой өсіріп отырған шаруашылықтардың басындағы тағы бір түйткіл  жуықта облыс кәсіпкерлері палатасында қаралды.  Қой жүнін шетелге шығарып, экспорттап жатқан облыс кәсіпкерлері қой жүніне салынатын кеден салығын алып тастауды сұрап отыр.

Қой жүнін жинаумен, қой өсірумен айналысып отырған шаруашылықтар мен кәсіпорындар өкілдерінің сөзінше  өзімізде ешкімге керексіз болып, қоймада жатқан жүн Қытай елінде үлкен сұранысқа ие. Қой жүнін экспорттауға салынып отырған кедендік салық сол көрші елге керекті шикізатты шығаруға кедергісін келтіріп, кесірін тигізіп отырған. Облыс кәсіпкерлері палатасында республикалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаевпен өткен бейнеконференцияда қой шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер кедендік салықтың салдарынан өздерінің Қытайға қой жүнін сата алмай отырғандарын мәлім етті. Себебі, кедендік салықтың салынуынан жүнді экспортқа шығару шығыны өзін-өзі ақтамауда.

– Біз кәсіпорынға құрал-жабдықтар сатып алып, орнатып қойдық. Қой жүнін жинап, жуып жатырмыз. Қой жүнінің біразын Ресейге шығарып отырмыз. Ал Қытайға сата алмай келеміз, өйткені кедендік салық  қой жүні бағасынан асып кетіп отыр. Кәсіпорын қоймасында 240 тонна дайын жүн жатыр, соның 80 тоннасы жуылған жүн ,-дейді абай ауданындағы «Дерикар» ЖШС өкілдері.

«Дерикар» ЖШС және тағы бірнеше шаруашылық қой жүнінің бір бөлігін Семейдегі «Роза» киіз басу комбинаты» ЖШС-не  өткізіп келе жатыр.

-Біз қой жүнінен пима, әскерге көрпе (одеяло), басқа да тауарлар шығарып жатырмыз,-деген «Роза» ЖШС директоры Альбина Ахметова өз өнімдерін ішкі нарықта сатып жатқандарын, бірақ Қазақстанда, облыста  қой жүні бәрібір сұраусыз, сұраныссыз қалып отырғанын, сондықтан қой жүнін экспорттауға даңғыл жол ашу керектігін, сұранысы бар  нарыққа жеткізуге жағдай жасау қажеттігін  айтты.

Облыс кәсіпкерлері палатасы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы  Асқар Жақыпбаев қой жүнін экспорттауға салынатын кедендік салық Қытайға шығарылатын жүн бағасының өсуіне әкеліп соғатынын, ал жоғары бағадағы отандық қой жүні  басқа елден келген өніммен бәсекелесе алмайтынын, қой жүні қоймаларда үйіліп жатқан Қазақстан үшін Қытай  үлкен нарық екенін айтады.

Шығысқазақстандық кәсіпкерлер мен өзге облыстың кәсіпкерлері қозғаған қой жүніне салынып отырған  кедендік салық мәселесі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының назарына алынып, кедендік салықты алып тастау, белгілі бір мерзімге шегере тұру туралы кәсіпкерлер өтініші таяу арада ведомствоаралық комиссия мен республикалық бюджет комиссиясында қаралатын болды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button