Мереке

Қос мереке сән-салтанатпен өтеді

Үш жыл бойы пандемияның кесірінен атаусыз қалған Конституция күні және Қала күні мейрамдарын биыл қала басшылығы бар сән-салтанатымен, ауқымды мерекелік іс-шаралармен атап өтуді жоспарлап отыр.

Бағдарламада кез келген жастағы азаматтардың сұранысына, кез келген талғамға жауап беретін, танымдық-интеллектуалды ойындардан бастап, әртүрлі конкурстарға, спорттық жарыстарға дейін қарастырылған. Орталық сахнада жергілікті өнер топтарынан басқа, елімізге танымал эстрада жұлдыздары да өнер көрсетеді.

Жылда Конституция күні Қала күнінің көлеңкесінде қалып қойды дейтін сыннан қорытынды шығарған болу керек, биыл Конституция күнінің іс-шаралары 22 тамыздан басталып кетеді екен.

– Конституция күніне орай 22 тамыздан бастап Конституцияға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында дәрісханалар апталығы басталады.  Қала кітапханаларында жұртшылықтың қатысуымен “Жаңа Қазақстанның жаңартылған Ата Заңы” атты дөңгелек үстелдері ұйымдастырылады. Ал 30 тамызда Орталық алаңда Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара және концерттік бағдарлама өтеді, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.

Қала күні мерекесіне тұрғындарды жаппай тарту мақсатында әлеуметтік желілерде тамыз, қыркүйек айлары бойы   #меніңқалам #мойгород  хэштегімен “Менің отбасымның тарихы – менің қаламның тарихы” челленджі жүреді. Онда әр өскемендік өз отбасының қаламен байланысты тарихын айтады.  Шығармашыл тұрғындар  сонымен қатар біздің заманымыздың кейіпкері деп санайтын адам туралы жазып,  “Батырлар жанында” конкурсына  қатыса алады. Материалдарды geroy.ryadom@bk.ru электронды мекенжайға жолдау қажет. Барлық сұрақтар бойынша +7 (7232) 250-190 телефонына хабарласуға болады.

Орталық алаңда, дәлірек айтқанда, субұрқақтың жанына  Абайдың қара сөздеріне арналған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты, сонымен қатар, «Қала тарихы мен жетістіктері» және «Қаланың көрнекті тұлғалары» атты тақырыптық үш  киіз үй тігіледі.

Қазір «Өскемен дауысы» конкурсының іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Онда 14-50 жас аралығындағы кәсіби емес өнерпаздар бақтарын сынауына болады. Бас жүлдеге IPHONE, екінші орынға ноутбук және 3 орынға  AirPods сияқты гаджеттер тігіліпті. Конкурстың Гала-концертін амфитеатр алаңында 26 тамызда тамашалаймыз.

Биыл мерекеге орай «Шығыс дәмі» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылмақ, онда қаланың мейрамханалары мен дәмханалары түрлі шығыс тағамдарын ұсынып, шеберлік сабақтарын өткізеді.

Әдеттегі бал, қауын, қарбыз жәрмеңкелері Достық үйінің жанында өтеді.

Белсенді әрі қызыққұмар тұрғындар мен қала қонақтарын «Селфи-квест» марафоны, 1960, 70, 80, 90, 2000 жылдардағы стильдерді қамтыған, “Уақыт машинасы немесе қала тарихының беттері” атты костюмді ретро кеші, «White party» кеші тосып тұр. «White party» кешінде ақ киімді адамдардан басқа не болатынын қатысқан адамдар ғана біледі.

Ал 30 тамызда  кешкі сағат 18.30-да орталық алаңда қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама басталады. Тұрғындарды Қала күнімен құттықтау үшін танымал эстрада жұлдыздары да келіп, өнер көрсетпек. Әзірге кімнің келері белгісіз. Жергілікті атқарушы органдар өнер адамдарымен келіссөздер жүргізіп жатыр.

– Қала тұрғындарын құттықтауға әнші Мирас Жүгінісовтің келетіні сөзсіз. Одан да басқа танымал өнер адамдарымен байланыстамыз. Бәрі эстрада жұлдыздарының кестесіне байланысты, – деп нақтылады Ирина Смит.

Сондай-ақ Қала күнінде мерекелік отшашу бола ма, жоқ па, ол жағын да әкімдік кесіп айта алмады.

Айтпақшы, мерекелік бағдарламаның әр пункті бойынша қалалық әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшасында қосымша хабарланатын болады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button