Ардагер

Қолынан айырылса да еңбекке араласты

Соғыс ардагеріне теңестірілген тыл еңбеккері, Аршатының тумасы, марқұм Қайырдыбай Іргебаев жас кезінен тағдыр тауқыметін көрген жан еді.   

– Әкем 1928 жылы дүниеге келген. Соғыс жылдары «Пограничный» совхозында жылқы бағып жүріп, оң қолын сындырып алады. Аудан орталығына арбамен жеткізген екен әкемді. Ашық сынық болған соң  қолын кесуге тура келеді. Ауруханадан шыққан соң қайта еңбекке араласып, 1948 жылы «Соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» орденімен марапатталады, – деп еске алады Өскеменде тұратын кіші ұлы Ардашер Қайырдыбайұлы.

Қайырдыбай 1959 жылға дейін «Пограничный» колхозында, 1959 жылдан бастап Өрел қой совхозында шопан болды. Өрел ауылдық округінен депутат болып сайланады. Осылайша, қоғамдық өмірге де атсалысты.

– Әкем Аршатының Қоралы, Шындығатай деген жерлерінде қой бақты. Бір жылдары 100 қойдан 125 қозы алып, озат шопан атанды. Зейнетке шыққаннан кейін тағы екі жыл қой бақты. Оның өмір жолы,  еңбекқорлығы, жауаптылығы, отбасындағы орны мен тәлім-тәрбиесі ұрпағына үлгі-өнеге бола бермек. Әкеміз 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1980 жылы «Онжылдық екпіндісі» төсбелгісімен, көптеген грамоталармен, Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталған, – дейді Ардашер Қайырдыбайұлы.

Қайырдыбай жары Жәмиле Қапосқызымен дүниеге екі ұл әкеліп, олардан бүгінде сегіз немере, жиырма шақты шөбере тарап отыр.

– Атамды бала кезімде көріп қалдым. Әкем ол кісі туралы үнемі айтып отырады. Бір қолынан айырылса да өмір бойы еңбекке  араласты. Ешімге масыл болған жоқ. Әкемнің айтуынша, Аршаты жақтағы Қыдыр деген шағылда  Мұхтар Қасымханов дейтін ауылдасы екеуі мал жайған кездері болыпты. Бір күні әлгі Мұхтар деген кісі тауда аяғын сындырып алыпты, соны атам ойдағы фермаға жаяу көтеріп әкелген екен. Мал байлайтын бұйда арқанды тісімен қиятынын естіп таңғалушы едік. Сонда жоқ қолының орнына тісін икемдеп алған екен. Атамыздың ат үстінде отырып, жердегі қойды алдына өңгеріп алатынын да естідік. Қандай жұмыс болсын, ешкімді әурелемей, өзі аяғына дейін жеткізетін қайсар адам еді, – дейді немересі Ербол Ардашер.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы

 

Back to top button