Ардагер

Қайнарлының қажырлы қариясы

Хасен ЗӘКӘРИЯ

Осы жұқа өңді, пысық-ширақ, белсенді қариямен бұрын да талай жолыққанбыз. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде түрлі жиындарға Марқа өңірінен келіп, қатысып жүретіні есімде. Ардагер ұстаз екенінен, ұзақ жыл директорлық қызмет атқарғанынан да хабардар едім. Дегенмен, бетпе-бет дидарласып, емен-жарқын сырласқан кезде ғана ағамыздың шынайы бейнесін, мінез-құлқын толық ұғынғаным рас.

Марқа өңіріндегі шеткері елді мекендердің бірі – Қайнарлы ауылына ат басын әдейілеп бұрғанымыздағы көздегеніміз ескі көздердің бірі, ардақты азамат, табанды тәлімгер Төлеубек Матаев қартпен жолығу болатын. Тау-тау қардың құшағында мүлгіп жатқан шағын ауылға кештете жеткен біз межелеген үйге келіп, тізгін тарттық.

Ақсақал демалып жатыр екен. Баласы Сабыржан оятып, жағдайды түсіндірген кезде тоқсандағы қария жас жігіттей атып түрегеліп, бізбен жадырай амандасты. Мені алып барған осы өңірдегі белгілі азамат Амантай Иқамбаевпен төс қағыстырып амандасқан қарт оның көптен бері із салмай кеткеніне ренжіген сыңай білдіріп, зілсіз назын ортаға салды. Әдейілеп келген шаруамызды естіген соң, келіні Арайға шай қоюды ескертті де, бәлденіп жатпастан әңгімесін бастап кетті.

– Осы өңірдің байырғы тұрғынымын, – деп бастады әңгімесін ардагер ұстаз, Қазақ КСР халық ағарту саласының үздігі, Күршім ауданының Құрметті азаматы Төлеубек Матаев. – Өзім 1933 жылдың сәуірінде іргедегі Тарлаулы деген жерде дүниеге келіппін. Ол кезде әлгі ауыл «Тельман» атындағы колхоз болатын. Ал Қайнарлы Архиповка деп аталды, орыстар көп тұрғандықтан, мектеп те орысша болды. Сөйтіп, 1946 жылы осы ауылдағы мектепке барып, бірінші класты орысша оқып бітірдім. Абырой болғанда, келесі жылы қазақ кластары ашылып, екіншіні қазақша бастадым. Сегізжылдық аяқталған соң, аудан орталығы Алексеевка селосына барып оқып, 1956 жылы орта мектепті тәмамдадым. Ол кезде он класс бітірген адам өте білімді болып есептелді ғой, мені аудандық оқу бөлімі Приречное ауылына (қазіргі Алтай ауылы) жіберіп, интернат меңгерушісі етіп тағайындады. Ал келесі жылы мұғалім болып, сабақ бере бастадым.

1958 жылы Алматыға барып, Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Мұғалім бола жүріп, оны 1964 жылы сырттай оқып бітірдім. Диплом жұмысын профессор Мұхаметжан Қаратаевтың алдында «Бейімбет Майлин – сатирик» деген тақырыпта қорғадым.

Жоғары білімді ұстаз атанған соң мені Ардынка ауылына (қазіргі Жиделі) мектеп директоры етіп жіберді. Сөйтіп, сол кездегі Марқакөл ауданындағы 30 директордың бірі болып шыға келдім. Әйгілі халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевпен жақын араласып, көп өнегесін алдым. Қырда өскен басым бұл ауылда әрең жүргенімді несін жасырайын? Ертістің жағасы, ылғалды ауа, маса-шыбын деген сұмдық, бес жыл өтсе де үйрене алмадым. Ақыры сол кездегі аудан басшысы М.Дәуленовке барып, жағдайымды айттым. Ол кісі байыппен тыңдап алды да: «Олай болса, орныңа кісі тап, сосын ауыстырайын» деді. Мен сол уақытта жұмыссыз жүрген Ардынканың жігіті Айтқали Садықовпен келісіп, орныма соны ұсындым. Сөйтіп, өз ауылыма оралуға мүмкіндік туды.

Мен қайта келгенде Архиповкада орыстар азайып, мектеп қазақшаға айналдырылған болатын. Сол шақта 156 оқушы бар еді, олардың 44-і интернатта тұрып оқитын. Оқу-тәрбие жұмысын жаңаша, тың қарқынмен бастап кеттім де, осы мектепте табаны күректей 42 жыл директор болдым.

1993 жылы алпысқа толдым, тойымды сол кездегі Қарой совхозының директоры Қами Шұлғаубаев ағамыз өзі өткізіп, ат мінгізді. Сол уақытта облыстық атқару комитетінің төрағасы Аманғали Сарин келе қалып, мектебімізді көріп, жағдайды сұраған болатын. Мен малшылардың балаларын ауылдарына апарып, оқуға жинайтын көліктің жоғын айтып, көмек сұрадым. Ол кісінің өзі де интернатта тұрып оқыған екен, жайымызды бірден түсініп, көп ұзамай мектебімізге жаңа автобус бергізді.

Төлеубек Сейітұлы кеңестік кезеңдегі кәсіподақтардың қуатты ұйым болғанын ризалықпен еске алып, бүгінгі таңда еңбеккерлер үшін ондай пайдасы зор ұйымдардың жоқ екенін қынжыла әңгімеледі. Өз басы сол кәсіподақтың арқасында бес рет шипажайларға барып, денсаулығын нығайтып қайтқанын баяндап өтті. Ол әсіресе 1969 жылы Сарыағаш шипажайында әйгілі батыр Бауыржан Момышұлымен бірге болғанын ілтипатты сезіммен еске алып, ерекше шабытпен әңгімеледі.

– Осынау аңыз адаммен бетпе-бет тілдесіп, жанында жүргенімді мақтаныш санаймын, – дейді Төлеубек Сейітұлы. – Ол кісінің маған ерекше көңіл аударып, жақсы көргені де шындық. Мені ылғи жанына шақырып алып, түрлі әңгімелер айтатын. Маған да айтқызып, өзі ықыласпен тыңдайтын. Бір күні жанымдағы жолдасым екеуіміз келе жатып, Баукеңмен жолығып қалдық. Әлгі досым қазанның түп күйесіндей қара, өзі де кескінсіздеу азамат еді. «Әй, сары жігіт, бері кел!» деді Баукең маған бұйрықты раймен. Сосын менің жолдасыма шаншыла бір қарады да: «Мына маймылды қайдан тауып алғансың?» деп салды. Біз абыржып, қысылып қалдық. Бірақ не дейсің, батыр ағамыз ойына келгенді тік айтатын адуын адам еді ғой.

Аудан, облыс көлемінде аты мәлім Т.Матаевтың ұрпақ тәрбиесі жолындағы еселі еңбегі еленбей қалған жоқ. Оның есімі жоғары мінберлерден құрметпен аталып, сый-сияпат пен мадақтың түр-түрін иеленді. 1970 жылы ол Лениннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Еселі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 1974 жылы «Халық ағарту саласының үздігі» атағына ие болды. Кейін Ұлы Жеңістің 60, 65, 70, 75 жылдығына шығарылған медальдармен марапатталып, омырауына «Қазақстан тәуелсіздігіне – 10 жыл» медалін, «Тыл ардагері» төсбелгісін тақты. 2011 жылы «Күршім ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Жас кезінде шынайы сезіммен ұғынысып, тіл табысқан Приречный (қазіргі Алтай) ауылының бойжеткені Нұрбағила деген қызбен көңіл қосып, шаңырақ көтерген Төлеубек Сейітұлы қосағымен бақытты да бақуатты ғұмыр кешті. Ол кісі де – ардагер ұстаз, кәнігі тәлімгер. Екеуі тату-тәтті отбасы атанып, жеті перзент сүйді. Өкінішке қарай, үлкен ұлы Айдарбек пен қызы Гүлжан көлік апатына ұшырап, өмірден мезгілсіз өтіп кетті. Қажырлы қарттар қайғырса да, қаусап қалған жоқ, басқа түскен қасіретті қайсарлықпен көтере білді. «Бергеніңді алсаң да, береріңді алма!» деген екен бабаларымыз, сол айтқандай қос қария бүгінде көз алдарындағы ұрпақтарының барлығына «тәубе» деп, солардың қызығына кенелуде. Жеті баладан 21 немере, 5 шөбере сүйіп отырған қарттар бар ықылас-ниеттерімен осылардың амандығын тілеуде.

Алтайдың қияға біткен қызыл қарағайындай қайсар да қайратты, адал да ақпейіл, тоқсанға келсе де тізесін бүкпей, тік жүрген Қайнарлының қажырлы қариясымен қимай қоштасқан біз ағамызға зор денсаулық тілеп, «Аман-сау жүріп, ғасырмен сырласыңыз!» деген шынайы пейілімізді білдірдік.

Күршім ауданы.

Back to top button