Ардагер

Асылдан қалған бір тұяқ

Бүгін Күлпаш Нұрғазықызы әдеттегідей ерте оянды, таң атыпты. Айналаға жарық түскен. Терезеге көз салып еді, қарауытып көрінген ауланың тоғайлары бір түрлі жасыл киім киген тобырға ұқсайды. Одан бері көк мұзға ұқсап жарқырап Ертіс көрініп жатыр. Судың беті қозғалыссыз болғаны желдің жоқтығы шығар деп ойлайды Күлпаш апай.

Есіне бүгінгі атқарар қыруар жұмысы оралды. Ең алдымен таңертеңгі асты әзірлеу керек екен-ау деп ойлады ол. Немересі Қуанышқа тәтті араласқан палау жасаса, басқаларына шай және оның қосымша жейтінін қою керек. Келіні мен баласының бөлме есігін ептеп ашып, әлі тәтті ұйқыда жатқан оларды ұйықтасын деп дыбыс шығармады. Көңілінің түбінде оларға деген ыстық ықылас пен мейірім ұялап, қуаныш толқыны бойды тербеп өткендей болды. Ас үйден дайындық істерін тәптіштеп таза атқарған Күлпаш апай өмірлік жолдасын оятпақ болып бөлмеге кірсе, Мәуітқазы аға шалқасынан жатыр екен. Шалы жетпістен асып, сексенге таяп қалса да, әлі сол баяғы жас кезіндей, оны көрген сайын жүрегінің түбінде бір сезім ұялап, оның ұйқыдағы әдемі жүзі қайдағы бір ұмтылмас өткен бір кезді есіне түсіреді. Япыр-ау, соған қанша жыл өтті екен, ә.

Ол 1950 жылдың күзі болатын, дәл қарсы алдында күлім қаққан орта бойлы ақсары жігіттің кездескені есінде.

Содан махаббаттары жарасып, міне, 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріпті. Бұл аралықта небір оқиғалар өтті. Тұла бойы тұңғышы Серікбек туғанда, енесі марқұм қандай қуанып еді. Мәуітқазы жұмыста жүргенде сарылып үйдегі барлық жұмысты бір өзі атқармады ма! Ойындағы бір арманы осы Мәуітқазының ел алдында абыройы асып, оның жолы болса деген тілектен өзге ешнәрсені Алладан сұрамаған шығар.

Мәуітқазы үйде болсын, түзде болсын, әр нәрсенің өз орнында болуын талап етіп, оның орындалуын қатаң бақылады, балаларын әке тілін алуға, оны сыйлап, құрметтеуге үйретіп отырды.

Әйел адам – ана, тек қана бала өсіру емес, ең алдымен, жолдасы үшін өмір сүруі керек.

– Мысалы, мен Мәуітқазының таусылмас көп қонақтарын сыйлап, олардың үйде көңілді әрі риза болып аттануына көп күш салатынмын, – дейді ол.

Шынында, Күлпаш апай қай кезде, кім үйге келмесін қабақ шытпай қарсы алып ренжімейтін. Азаматы түзден табыс тапса, Күлпаш апай үйдегі шаруаны ұйымдастырып, Мәуітқазы ағаның көмекшісі, ақылшысы және ең бір жанашыр адамы бола білген жан еді.

«Асылдан қалған бір тұяқ» тақырыбын алып отырғанымыздың да өзіндік сыры бар. Мәуітқазы Зүкенұлы Жарма ауданы, қазіргі «Қызылағаш» ауылында Көкпекті өзенінің «Ақ құлын» бұлағы басында 1933 жылдың басында дүниеге келіпті. Қашан да, қай замандарда да азамат үшін Отанын қорғаудан қымбат, одан артық абырой да, қасиетті борыш та болуы мүмкін емес. Әсілі, ер-азамат үшін туған жер топырағын бұйыртуды жазбағаннан асқан қасірет жоқ шығар. Әкесі Зүкен –ел басына күн туғанда толарсақтан қан кешіп, болашақ бейбіт өмір үшін жанын пида етіп, жат елде қаза болған жауынгер ұл. Ұлттық болмысымыздағы «Асылдан қалған бір тұяқ» деген ұғым пенде атаулының барлығына бірдей тиесілі емес. Тек қана бойына біткен сан қырлы қасиетімен, адамгершілік тұлғасымен әке өмірін жалғастырған ерекше жандар ғана бұл жоғары атаққа ие болады. Мәуітқазы аға бала күннен-ақ өнерге, өлең-жырларға бейім болады. 1970-1980 жылдары аудан, республика көлемінде өткен айтыстарға Жарма ауданы атынан түсіп, жүлделі орындарға ие болған айтыскер ақын. Ұзақ жылғы еңбегі арқасында «Михайловка» совхозының мәдениет үйіне «Халық театры» атағын алып берді, өзі сонда режиссер болып қызмет етті.

1980 жылдары Жарма аудандық «Рауан» газеті редакторының орынбасары болды. Көп жылдар бойы ұстаздық жұмыста, кәсіподақ ұйымдарында аянбай еңбек етті.

Ақын, журналист, ұстаз. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәуітқазы Зүкенұлының «Бес белес», «Дала қырандары», «Қасен қажы әулеті», «Темір жол тарланы», «Айналайын ауылым», «Өмір өрнектері», «Күлейік те, ойлайық», «Өнері өрістеген Жарма», «Жарма ақындары», «Ер жігіттің үш жұрты», «Сұрапыл соғыс сарбаздары» жинақтары жарыққа шығып, оқырмандар жылы қабылдады, оған қоса 20 автордың шығармаларына редактор болған. 2015-2018 жылдары тағы екі кітабы жарық көрді.

Бүгіндері зейнеткерлікке шығып, балаларына ақылшы болып отырған Күлпаш апай мен Мәуітқазы ағаның ұлдары  Серік – инженер-архитектор, Манарбек – ішкі істер бөлімінің майоры, зейнеткер және Назарбек, Ербол – техник-инженер, қыздары  Меруерт, Маржан – жоғары білімді ұстаз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тұжыра айтсақ, ұлттық әдебиетіміздің әртүрлі жанрына өзіндік үлесін қосып жүрген Мәуітқазы ағамыздың үлкен еңбегін аңғарамыз. Көп жылдардағы адал еңбегінің арқасында бірнеше медаль иегері, Жарма ауданының Құрметті азаматы атанды.

…Күлпаш апаның ақ дастарханынан дәм татып болған соң Мәуітқазы аға ас қайырды. Отбасынан ерекше бір жылылық сезілді. Іштей осы бір жылылықтың мәңгілік үзілмеуін тіледім.

Мәулітбек Омаров 

 

Back to top button