Қоғам мүддесін көздейді
Жарқын жаздың соңғы күндерінің біріне белгіленген айтулы мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні де келіп жетті. Бұл күнді бүкіл еліміздің бір кісідей мейрамдап, салтанатпен атап өтетіні тегін емес.
Өйткені, Ата Заң – біздің өмір-тіршілігіміздің, мемлекет тірлігінің барша салаларын тегіс қамтып, жөн сілтеп, жол нұсқап отыратын заңдардың жиынтығы. Демек, біз осы заңдардан айнымай қадам басып, межелеген әр ісімізді Ата Заңда егжей-тегжейлі, барынша ұғынықты етіп, жіліктеп отырып жазылған баптардың аясында жүзеге асырып отыруға тиіспіз. Тұжыра айтқанда, Конституция – барлық тірлігіміздің, ел болып өзгелермен тең өмір сүруіміздің басты кепілі, бағыт-бағдарламасы.
Ел Конституциясы – әу дегеннен біржола бекіп, қатып қалған қағидалар жиынтығы емес, ол уақыт өткен сайын замана ыңғайына орай жаңарып-жаңғырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыратын заңды құжат. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолға алған бойда осы Ата Заңға өзгерістер енгізіп, реформа жасауға талпынғаны – уақыт талабы, заңды да табиғи құбылыс.
Конституциялық реформа – Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Үндеуінде айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды шара. Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылатын шара. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі құқықтанушылар мен конституциялық құқық саласының мамандары әзірлегенін жақсы білеміз. Оған Конституциялық кеңестің оң бағасын бергені де көпке мәлім. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Олар, атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған: суперпрезидентік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.
Бұл заң жобасы республикалық баспасөзде ресми түрде жарияланған болатын. Байыппен көз салып, зерделеп оқыған адамға бұл өзгерістерді түсіну, олардың мәні мен маңызын ұғыну қиын емес. Ендеше, аталған реформаға бәріміз бірдей түсіністікпен қарап, бір кісідей қолдағанымыз дұрыс болмақ.
Ең бастысы – ел іргесі тыныш болып, халқымыз бақуатты тірлік кешіп, мемлекетіміз биіктерден биіктерге өрлей берсін!
Айнұр Құрманғалиева,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі Күршім аудандық бөлімінің басшысы