Қазақтың ақбас тұқымын брендке айналдырмақ
Тарбағатай төсінде ірі қара мал сапасын арттыруға үлес қосып жатқан шаруалар жетерлік.
Солардың қатарында Екпін ауылдық округіндегі «Мәуліт» шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырларын брендке айналдыру үшін күн-түн демей еңбек етуде. Мың бастық бордақы алаңында жиырма бес адам жұмыс істейді.
«Мәуліт» шаруа қожалығының өкілі Данияр Қасеновтің айтуына қарағанда, бордақыда тұрған бұқашықтар аудандағы ірілі-ұсақты қожалықтарға жалға беріледі немесе сатылады. Жалға бергені үшін мемлекеттен субсидия алады. Сатылған жағдайда бір жасқа енді шыққан бұқашықтардың бағасы кемі 300 мың теңге тұрады. Бағасына түр-сипаты сай, етті әрі ірі.
Жасыратыны жоқ, көптеген шаруалардағы ірі қара малының басым көпшілігі ұсақталып, «ешкіге» айналып кеткендерін аңғару қиын емес. Міне, асылдандыру ісі осы олқылықтың орнын толтырмақ. Асыл тұқымды ірі қара ұстаған тиімді, өйткені жай тұқымды мен асыл тұқымды жемшөпті бірдей жегенімен, өнімі әртүрлі. Салмағы жағынан асыл тұқымды басым тұрады, сатылса, сәйкесінше қымбатқа өтеді, мол кіріс әкеледі. 2011 жылы құрылған қожалық бүгінде іріленіп, нарықтағы бәсекеге қабілетті негізгі «ойыншылардың» біріне айналған. Қосалқы жылқы да, қой да өсіріп отыр. Негізінен, ірі қараға басымдық берілген.
Сойып беретін жағдайда өздерінің талапқа сай қасапханасы да бар. Еліміздің өзге қалаларына да ет жөнелтіп келеді. Етінің қоңдылығымен, дәмділігімен танылған ірі қараларға Семей, Өскемен, Алматы жақтан «құда түсетіндер» көп екенін айтады Данияр Қасенов.
Біз барып шаруашылықпен танысып жатқанда қос тіркемесімен «Ықыбай» шаруа қожалығының азаматтары келіп, бір мезетте мөлшері 50 млн. теңгеге бұқашықтар сатып алып, «Камаз» жүк көліктерін лықа толтырды.
Жалпы, «Мәуліт» шаруа қожалығы бұқашықтарды ешқайдан жинамайды. Жылдағы төлін суалған соң енесінен бөлек ұстап, бордақыға қояды. Сосын сатады, жалға береді. Бір жағы, кәсіп, екінші жағынан, аудандағы мал сапасын арттыруға қосып жатқан елеулі үлес екені даусыз. Қожалықтың «асыл тұқымды» деген мәртебесі «Қазақтың ақбас сиыры» республикалық палатасымен расталған.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, кезінде жергілікті ірі қара мен герефорд тұқымын будандастыру арқылы қазақтың ақбас сиырының сапасы арта түскен. Мәселен, төл тұқымның салмағы мен еттілігі шетелдік асыл тұқымды малдан аспаса, кем түспейді. Бұған қоса, ол мал азығын талғамайды, сондай-ақ еліміздің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне төзімді келеді.
Ақбас тұқымды ірі қараға қазір сұраныс біртіндеп жоғарылап келеді. Ресми деректерге зер салсақ, 1991 жылы Қазақстанда қазақтың ақбас сиырының саны 1 млн. 200 мың болса, 2010 жылы оның тек 75 мыңы ғана қалған екен. Бүгінде бұл тұқымның саны 430 мыңға жуықтап, оның ішінде асыл тұқымды малдың басы 315 мыңнан асыпты. Тұтастай алғанда, еліміздегі етті бағыттағы асыл тұқымды 740 мыңнан астам ірі қараның 60%-ға жуығын қазақтың ақбас сиыры құрап отыр деседі.
– Жыл он екі ай ұстамаймыз, жаз мезгілінде жайлауға жібереміз. Тауда неше түрлі дәруменге бай шөптерді жейтін бұқашықтар түрленіп шыға келеді. Кейін суық түскенде қазан айынан бастап бордақыға қоямыз, – деген Данияр Қасенов қожалықтың алға қойған мақсаттары ауқымды екенін атап өтті. Ауданның ауыл шаруашылығына үлес қосумен қатар, келешекте шет елдерге ет экспорттауға да ниетті.
Ерлан Бапанов, Тарбағатай