Акция

Қайырымдылық шапағатына бөленді

Облыстық ана мен бала орталығында ауыр жағдайда жатқан балалар бүгін бір сәтке болсын  тәндерін қинаған дерттерін ұмытып, мейірімділік пен қайырымдылық шапағатына бөленді. Жастар ресурстық орталығы мұрындық болған «Сәби жүрегі» акциясы аясында ұйымдастырушылар балғындарға тәтті сыйлықтарын тапсырды. Сонымен қатар облыстық төтенже жағдайлар  департаменті мамандары кішкентай пациенттерге суреттерін бояйтын альбомдар табыс етті.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы бастау алған болатын. Осы марафон аясында облыс орталығында бірнеше қайырымдылық шараларын өткіздік. Өткен аптада әріптестерімізбен жиырма дүкенде қайырымдылық сөрелерін аштық. Бүгін, міне, жүрегі үлкен мейірімді жандардың қолдауымен ауырып жатқан балаларға қуаныш сыйлауды жөн көрдік. Бұл бастамамызды білім ордалары мен жастар қызмет ететін басқа мекемелер де іліп әкетеді деп сенеміз. Көңілін мұң мен күдік шалған жандарға кейде бір ауыз жылы сөз де жеткілікті. Соның өзінен сауығып кетпесе де, көңіл-күйлері жақсарып қалары анық, – дейді жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Акцияға «Эмиль»  сауда үйі қолдау білдіріпті. Олар отыз бес бала үшін өздерінің сапалы тәтті өнімдерінен тұратын дорбалар жолдаған. Сонымен қатар өздерінің шағын отбасылық бизнесін дөңгелетіп отырған  «Арайлым» жеке кәсіпкерлігі  дәруменге бай жеміс-жидектер мен бал өнімдерін әкелсе, игі шарадан жастар ресурстық орталығының қызметкерлері де шет қалмай, балақайларға тәтті-дәмділерін алып келіпті. Бұдан басқа облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары балаларға бос уақыттарын пайдалы өткізу үшін  тақырыптық сурет альбомдарын сыйлады.

-Бүгінгі таңда кішкентай бүлдіршіндеріміздің өрт қауіпсіздігін білмеуінің кесірен бақытсыз оқиғалар орын алып жатқаны өте өкінішті. Біз осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін  облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен жобаны қолға алмақпыз. Оттан келетін бақытсыздықты кішкене достарымыз қазірден түсіну үшін оларға тақырыптық бояу альбомдарын тараттық. Осылайша бір жақсы шараның ішінде тағы бір тәрбиелік мәні зор істі қолға алдық, – деп толықтырды Арайлым Есімбекова.

Таяуда тағы да бір отбасының бес бүлдіршіні  өртте көз жұмды. Бұл ең алдымен балаларда өрт қауіпсіздігі мәдениетінің қалыптаспауынан екені түсінікті. Облыстың құтқарушылары осындай қайғылы оқиғалар орын алмас үшін балақайларға өрт қауіпсіздігін кішкентайынан үйрету керектігін айтады.

-Бүгін біз осындай көлемді, ұлттық игі іске қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Балаларға өрт қауіпсіздігін түсіндіру үшін оны өз тәжірибеңмен көрсету маңызды. Балғындардың бойында қауіпсіздік мәдениетін дамыту қажет. Оларға сыйлаған кеңсе тауарларындағы бейнелер, альбомдардағы суреттер арқылы өрт қауіпсіздігі туралы білімдерін жетілдірсек дейміз, – деді ТЖД-нің мемлекеттік өрт қадағалаудың бас маманы  Анастасия Скляр.

Облыстық ана мен бала орталығының емдеу жөніндегі басшысы Ю. Шершнева аталмыш шараның науқас балалар үшін қаншалықты маңызды болғанын айтып берді.

-Бүгінгі шара біздің кішкентай пациенттеріміз үшін өте қуанышты жағдай болғаны сөзсіз. Стационарда әртүрлі патологиямен өте көп балалар жатыр. Балақайлардың риза болғандары жүздеріне көрініп тұрды. Ауырып жатқан балғындар үшін кез келген жылы сөз, мейірім өте маңызды, медперсонал тарапынан болсын, бөтен адамдардан болсын. Демеушілер сыйлаған дәрумендер мен жеміс-жидек олар үшін өте пайдалы, – деп атап өтті басшы.

Суреттерді түсірген – Тілеубек Шаяхмет

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button