Қайта екпе алуға үндеді
Қазақстанда COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми Telegram арнасының мәліметі бойынша, елімізде соңғы тәулікте (18-тамыз) 915 жаңа жағдай тіркелді. Шығыста өткен тәулікте 18 науқас анықталды.
Республикада өткен демалыс күндері саябырсып тұрған коронавирус инфекциясы енді қайта өрши бастады. 14 тамызда 930 науқас, 15 тамызда одан да аз, 789 науқас тіркелсе, 16 тамыздан бастап ковидтің жаңа жағдайлары қайта көбейгені байқалады. Бір тәулікте 200 жаңа жағдай қосылып, 17 тамызда науқастардың саны мыңнан асты.
Ковидтің жаңа жағдайлары әдеттегідей Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде күрт өскен. Аймақтар арасында Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа қатысты карантин енгізілуі мүмкін. Солтүстік «сары» аймаққа таяп қалды. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, облыстағы стационарлардың жүктемесі 50 пайызға жуықтайды. Күніне орта есеппен ондаған пациент ауруханаға жатқызылады, бұл аймақ үшін айтарлықтай көрсеткіш. Өңірде наурыз айының ортасынан шілде айының басына дейінгі кезеңде инфекциялық стационарлар бос тұрыпты. Қазір КВИ жұқтырған 417 науқас емделіп жатыр.
Күрделі жағдай бізде де орын алмас үшін облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шығысқазақстандықтарды COVID-19 қарсы вакцина салдыруға және қайта ревакцинация жасауға шақырады.
Қайтара ревакцинация жасату өркениетті елдер арасында COVID-19-дың айналымдағы және жаңа штамдарымен күресудің тиімді шараларының бірі деп танылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, өңірде 1 қыркүйекке дейін 455692 адам ревакцинация жасатуға тиіс болатын. 17 тамыздағы мәліметке сәйкес, олардың 86,3 пайызы немесе 393126 адам ревакцинация жасады. Ревакцинация салдыруда Риддер қаласы, Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Самар, Күршім, Тарбағатай, Ұлан аудандарының көрсеткіші 100 пайыздан артып кетті. Өскемен қаласында ревакцинация алуға жататын 224202 адамның 70 пайызы ғана салдырған. Аудандар арасында жүз пайыздық көрсеткішке жетпеген жалғыз аудан – Шемонайха, 97,5 пайыз. Қазір облыста 20 мыңнан астам доза синофарм вакцинасы бар. Ревакцинация жасатуға ниет білдірушілер шығып жатса, аудандардың барлығында да синофарм препараты қолжетімді.
Мамандардың өздері «коронавирус әлсіреді, бұрынғыдай күші жоқ» десе де, оның жұқпалылығы әлі де жоғары. Осы аптада Америка Құрама Штаттарының бірінші ханымы Джилл Байден, Қорғаныс министрі Ллойд Остин және Pfizer фармацевтикалық компаниясының басшысы Альберт Бурла коронавируспен ауырып қалғаны туралы ақпарат тарады. The New York Times газеті олардың барлығында инфекцияның жеңіл түрі деп жазады. Дегенмен АҚШ-тың бірінші ханымы екі рет вакцина алып, екі рет ревакцинация жасатқан екен.
Айна Ескенқызы