
Өңірімізде екпе егу өткен жылдың сәуірінен қарқын алған-ды. Содан бері ауданда дерт кең тараған емес, дәрігерлер өз ісіне тиянақты қарап, инфекцияның етек алмауына мол үлес қосып келеді.
«Парасат» емханасына аудан орталығындағы жиырма мыңға таяу тұрғынның 6325-сі тіркелген. Осы күнге дейін олардың 4095-і екпе қабылдады. Емханада «QazVac», «Sinofarm» вакциналарын алғандар саны 650-ге, «Pfizer» вакцинасын салдырғандар 1256-ға жетті. Жүкті әйелдер мен емізетін сәбиі бар аналардың 278-і, мектеп оқушыларының 637-сі екпе салдырды. Былтырғы қарашада емханаға тіркелгендерді ревакцинациялау басталды.
– Біздегі 25 дәрігер мен медбикенің бәрі екі реттен екпе қабылдады. Аудан ауруханасы мен емханаларында бірнеше мобилдік топ құрылған. Олардың міндеті – осы дертпен не пневмониямен ауырып қалған тұрғындарды аудандық ауруханаға жеткізу, не өз үйлерінде емделуіне жағдай жасау, – дейді емхана меңгерушісі Талант Әмірхан. – Осы уақытқа дейін бізге қарасты тұрғындардан шағым болған емес.
Аталған емханаға аудан орталығының ғана емес, іргедегі Қызылту, Бұрған ауылдарының тұрғындары да тіркелген.
Мұндағы дәрігерлер мен медбикелер елдегі, шет мемлекеттердегі емдеу орталықтарына жіберіліп, айлап тәжірибе жинап, білімдерін жетілдіріп отырады. Індет басталмай тұрып біраз дәрігер Израильге, Балтық жағалауы елдеріне барып келген.
Үржар ауданы.