Қайта екпе алу өте қажет

Қытай ғалымдары коронавирустың тағы бір жаңа штамын таптық деп жатыр. Бұл вирус күннен-күнге түрлене беретін сияқты. Өйткені оның басты мақсаты – өзінің аман қалуы. Ғалымдардың пікірінше, сол себепті ковидке қарсы ревакцинация жасау өте маңызды. 27 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда COVID-19-ға қарсы 8 726612 адам толық вакцинацияланған. Бұл 45,50%-ды құрайды. Бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастыру тұрғысынан жақсы көрсеткіш. Алайда коронавирустың «омикрон» жаңа штамының пайда болуы ревакцинация жасау, яғни, вакцинацияланған адамдар үшін вакцинаның қосымша дозасын салу қажеттілігін тудырды. Коронавирусқа қарсы ревакцинацияның не беретіні туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл айтып берді.
– Манар Асырқызы, коронавирустың «омикрон» штамының бұрын белгілі болған штамдардан қандай айырмашылығы бар?
– Алғаш рет «омикрон» штамы 2021 жылдың 9 қарашасында Ботсванада және бірнеше күннен кейін Оңтүстік Африкада анықталды. Желтоқсан айының соңында Еуропада «омикрон» штамын тұрғындардың 90% жұқтырғаны тіркелді. Яғни, осы екі айда «омикрон» «дельта» штамын толығымен алмастырып, басым шықты. Бұл нені білдіреді? Бұл – штамм аса жұқпалы дегенді көрсетеді, яғни ол адамнан адамға өте оңай беріледі және тез таралады. Бұл – «омикрон» туралы бізге белгілі маңызды фактілердің бірі. Екінші маңызды факт – «омикрон» инфекциясы мен ауру бұрын коронавирустық инфекцияны жұқтырған адамдарда және вакцинацияланған адамдарда жиірек кездеседі. Яғни, «омикрон» бізде антиденелердің болуына немесе болмауына қарамастан қайталама инфекцияны тудыруы мүмкін. Желтоқсан айында «омикрон» Еуропа елдерінде, атап айтқанда Ұлыбритания мен Данияда белсенді түрде тарала бастағанда, қолданыстағы вакциналардың бізді «омикроннан» қорғауға қабілеттілігі туралы зерттеулер жүргізіле бастады. Осы зерттеулердің нәтижелері ревакцинациядан өткен адамдарда антиденелер титрі өте жоғары және олар үшін инфекция қаупі әлдеқайда төмен екенін көрсетті. Әрі қарай, вакцинаның екінші компонентін алғаннан кейін, 4-5 айдан кейін антиденелер титрі азайып, адам коронавирус инфекциясына, әсіресе, «омикрон» штамына қайта осал болатыны анықталды. Бұл штамда ағзаның иммундық реакциясын айналып өту қабілеті пайда болды. Сондықтан біріншіден, бұрын вакцина салдырмағандардың вакцинациялануы, екіншіден, уақтылы ревакцинацияның маңыздылығы туралы мәселе туындады.
– Ревакцинация туралы тарқатып айтып берсеңіз?
– Естеріңізде болса, желтоқсан айында «омикрон» штамы және оның иммундық реакцияны айналып өту қабілеті туралы ақпарат алғаш рет пайда болған кезде, біз вакцинацияланбаған адамдарға вакцина салдыру қажеттігі туралы ескерткен болатынбыз. Вакцинаның екінші компонентін алғанына үш айдан аспайтын адамдар үшін инфекцияның жұғу ықтималдығы әлдеқайда төмен. Вакцина алғанына үш айдан аспағандар мен ревакцинация жасағандар «омикрон» штамын жеңіл көтеретінін айта кеткен жөн. Қазір ондай адамдарда «омикрон» қарапайым суық тию сияқты жүреді деседі ғалымдар. Вакцина салдырмаған немесе бұрын вакцинацияланған, бірақ ревакцинация мерзімі жеткен адамдарда «омикрон» штамы ауыр жүреді, ауруханаға жатқызу және өліммен аяқталу қаупі артады. Сондықтан бүгінгі күні ревакцинация қажеттілігі туралы мәселе өте өзекті.
– Қандай вакциналармен қайта вакцинациялау керек?
– Қазақстанда ревакцинация үшін “Спутник V”, “Спутник Лайт” вакциналары, отандық өте тиімді “QazVac” вакцинасы және 60 жастан асқан адамдар мен медицина қызметкерлері үшін “Pfizer” вакцинасы қолжетімді. Ревакцинация үшін адамға бұған дейін алған вакцинаны немесе басқа вакцинаны салады. Бүгінгі таңда гетерологиялық ревакцинацияның пайдасын көрсететін деректер бар, яғни ревакцинацияны басқа вакцинамен жасау. Гетерологиялық вакцинация жағдайында антиденелердің деңгейі едәуір жоғары екені байқалды. Бұл адамдардың ревакцинация туралы білуі тиіс маңызды мағлұматтар дер едім.
– Егер екінші компоненттен кейін алты ай өтпесе, қайта вакцинациялауға бола ма?
- Қазір бұл мәселе – вакцинациядан кейін үш айдан астам уақыт өткен адамдарды ревакцинацияға жіберу қарастырылуда. Көптеген елдерде ревакцинация мерзімі үш-төрт айға дейін қысқарды. Бізде екінші компоненттен кейін алты айдан кейін қайта вакцинациялау туралы ұсыныс бар. Бұл мәселедегі саясат жақын арада қайта қаралады деп ойлаймын.
Әзірлеген –Айна Ескенқызы