«Дидардың» қонағы

Қарғаш Атыманова, «Қарлығаш» балабақшасының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты: – Балаға, ең бірінші, мейірім керек

Жақында Өскемендегі «Қарлығаш» балабақшасы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған тұңғыш қазақ тілді балабақша 30 жылдың ішінде екі мыңға жуық баланы ұлттық салт-дәстүр негізінде тәрбиелеп, қияға ұшырыпты. Осы орайда мерейтойын атап өтіп отырған балабақша директоры Қарғаш Жолжақсықызы Атымановамен сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

 Тәрбиеші де, домбырашы да болдым

Қарғаш Жолжақсықызы, балабақшаның 30 жылдық мерейтойы құтты болсын. Осы орайда балабақша тарихы туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алған соң Өскеменде қазақ балабақшасын ашу туралы мәселе күн тәртібіне қойылса керек. Сөйтіп, қазақ тілді білікті меңгеруші керек деп іздей бастайды. Сол кезде Айгүл Берғалиқызы Сүртікенова апамыз Өскемендегі орыс балабақшасында тәрбиеші болып істеп жүрген екен. Орыс балабақшасының директоры Галина Харченко «менде осындай мықты тәрбиеші бар» деп білім бөліміндегілерге ұсыныс жасайды. Жалпы, Айгүл Берғалиқызы Зайсанда да балабақша меңгерушісі болыпты. Сөйтіп, 1992 жылдың мамыр айында Өскеменде  бүлдіршіндерге арналған тұңғыш қазақ тілді «Қарлығаш» балабақшасы алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдайды.

Айгүл Берғалиқызы сол кезде  қазақ тілді балабақша ашудың қаншалықты қиынға түскенін үнемі айтып отыратын. «Алғашында үш-ақ адам болдық. Қазақ тәрбиешілері жоқ.  Қатты қиналдық» деп айтатын еді. Бүгінде ол кісі зейнет демалысында, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

Ал мен балабақшаға 1995 жылдың қаңтарында Айгүл Берғалиқызының шақыртуымен келдім. Ол кезде енді   ғана институтты бітірген кезім.  Айгүл Берғалиқызы «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, балаларға домбыра үйретуді қолға алайықшы, сен осыған көмектесші деп, мені осы балабақшаға домырашы ретінде алды.  «Үйретіп көрейін, ісімізден нәтиже шықса шығып қалар» деген оймен ұсынысты қабыл алдым. Менің алдымда бір-екі жігіт келіп,   балалармен жұмыс істей алмай кетіп қалған екен.

Шынымды айтсам, балаларға домбыра үйрету оңай болды деп айта алмаймын, өйткені республиканың өзінде мұндай тәжірибе болған жоқ. Музыкалық мектептің өзіне баланы  бесінші сыныптан бастап қана қабылдайтын. Ал біз бес жастағы балаға домбыра үйретуді қолға алдық. Өскемендегі Бақыт Кеңшілікұлы деген шеберге домбыра жасауға тапсырыс бердік. Ол домбыраларды баланың бойына қарай шағындап жасаттық. Жоқ, бала деген сорғыш қағаз секілді ғой, тез қағып алады екен.

Жалпы, мен өмірі балабақшада жұмыс істеймін деген адам емес едім. Бірақ осы жерде жұмыс істегеніме 28 жыл болыпты. Балабақшаның барлық қызығы мен қуанышын бастан өткердік. Домбырашы да болдым, тәрбиеші де болдым, тіпті бір кездері логика пәнінің мұғалімі жоқ болып, оны да алмастырған күндер өтті.

Жалпы, бір байқағаным, «Қарлығаш» балабақшасы жеке тұлғаны дамытуға көп көңіл бөліп, ғылыми негізде жұмыс істейді екен…

– Біздің балабақша  ұжымының  «Мен – жеке тұлға» деп аталатын төл бағдарламасы бар. Сол бағдарламаны қолға алғанда «бала қалай жеке тұлға болады?» деп қарсылық білдіргендер көп  болды. «Бала жеке тұлға бола алмайды» дейді олар табандап. Ал, шындығында, бала дүниеге келді ме, ол қайталанбас тұлға екені сөзсіз. Ол бала екінші рет қайталанбайды, баланың ата-анасынан алған гендік ерекшелігінен бөлек, баланың бойында өзіне ғана тән қабілеттері болады. Ендеше, неге оны тұлға етіп қалыптастырмасқа? Бірақ біз ешқандай қарсылыққа қарамай бағдарламамызды жетілдіре бердік. 1996 жылы Сорос-Қазақстан қорының «Тәй-тәй» жобасымен жұмыс істеген кезімізде де баланы жеке тұлға деп қарастыратын. Кейін балабақша дарынды балаларға арналған «Восток» ҒЗДОАО-ның құрамына кіріп, дамыта оқыту технологиясы жүйесінде жұмыс істеді. Онда да баланың тұлғалық қасиетін дамытуға үлкен мән берілетін. Кейін «Мен – жеке тұлға» бағдарламасын министрліктің жанындағы «Мектепке дейінгі балалық шақ» атты республикалық орталыққа ұсындық. Бағдарлама оларға ұнады. Сөйтіп, біздің бағдарлама сол кездегі Астана қаласындағы бес балабақшаға эксперимент ретінде енгізілді. Кейін «сіздердің бағдарламаларыңыз бойынша жұмыс істейік» деп едік деп Шымкенттен, Тараздан қоңырау шалғандар болды. Сол кезде республика бойынша «Қарлығаш», «Арман», «Мен  – жеке тұлға», «Қайнар» дейтін төрт бағдарлама ғана бар еді. Кейін республикаға бір бағдарлама жетеді деп, үлгілік оқу бағдарламасы әзірленді. 2018 жылдан бастап біз де үлгілік оқу бағдарламасымен жұмыс істеп келе жатырмыз.

Бизнесті емес, баланы бірінші орынға қойса деймін

Қазіргі күні елімізде мемлекеттік балабақшадан бөлек, жекеменшік балабақшалардың саны артып келеді. Сіздің осы жекеменшік балабақшаға көзқарасыңыз қандай? Бала тәрбиесін жекенің қолына беруге бола ма?

– Жекеменшік балабақша  бірінші орынға бизнесті емес, баланы, баланың дамуын бірінші орынға қойса, қарсылығым жоқ. Әрине, бизнес те керек. Бірақ жекеменшік балабақша санитарлық нормаларға ғана жауап бермей, баланың қызығушылығын, педагогикалық процесті басты назарда ұстауы тиіс. Жоғарыдағылар да жекеменшік балабақша қандай бағдарламамен жұмыс істейді, қандай нәтижеге жетуді көздейді деген сауалдарға жауап алған соң ғана қызметіне   рұқсат берсе деймін. Содан кейін олар әрбір қадамына есеп беріп отыруы керек. Неге? Өйткені ғаламтор желісіндегі  небір сұмдықтарды көргенде шошисың. Маған мынаны көріңіз деп кейде ата-аналарым түрлі видеоны жібереді. Құдай-ау, тіл мүкістігі бар балаларға зорлық-зомбылық көрсету деген не сұмдық? Оны қалай ақтап алуға болады? Өмірден өзі теперіш көрген баланы қорлауға қандай моральдық құқығы бар? Балаға, ең алдымен, мейірім керек. Мейірім бермесең, бала ашылмайды. Қол жұмсап, баланы бағындырам деу бекер. Сондықтан да тәрбиеші деген біздің елде ең қадірлі мамандық болу керек.

Сіз шетелдің балабақшаларында болып көрдіңіз бе?

– 2012 жылы Парижге жолым түсті. Өкінішке қарай, мемлекеттік балабақшаға кіруге рұқсат бермеді де, жекеменшік балабақшаларды араладық. Сол жерде байқағаным, олар балаға көп ерік береді екен. Бала суретті жерде жатып сала ма, ертегіні домалап жатып тыңдай ма, өз еркі. Бір балабақшаға барсақ, бір бала есіктің алдында киініп отыр. Желтоқсан айы. Біз «ойбай, мына бала не істеп отыр, суық тиеді ғой» деп бәйек болып жатырмыз ғой. Қасымыздағы біреу баланы көтеріп алды. Сөйтсек, тәрбиешісі «Жоқ, ол бала үйренген» дейді.

Бір қызығы, онда біздің жатын бөлмедегідей тізілген төсек жоқ. Балалар матрасқа  киімін де шешпей, домалай кетеді екен. Біздікідей ақ жайма да төсемейді. Ал балалардың салған суреттерін көрсеңіз ғой. Керемет!

Қазір бұл тәжірибе біздің елге де келіп жатыр. Өткенде мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің съезінде бұл мәселе сөз болыпты. «Балаға ерік беріңдер, қатырмаңдар, мектепке дейінгі кезеңде бала партада отырмасын. Шығармашылығын еркін дамытуға, еркін дамуға жағдай жасаңдар» деген әңгіме қозғалыпты.

Осыдан екі-үш жыл бұрын үш тұғырлы тіл деген сәнге айналып, тіпті сол үштілділікті балабақшаға енгізу керек деген әңгіме қозғалды. Тіпті кейбір балабақшалар бұл тәжірибені енгізіп те жатты. Сіздің осы мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Бұл мәселені  бір кездері бізден талап етті. Талап еткеннен кейін біз бұл бағытта  жұмыс та істедік.  2014 жылы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Ainaline» тілдердің үштік бірлігін дамыту бағдарламасын жасадық.  Тіпті баламен белгілі сөздерді жаттап үйрену туралы ата- аналарға арналған минимум жасадық. Түйгенім, бала мектепке дейінгі кезеңде тілдің барлығын  қабылдай береді. Бірақ бала сөйлеген кезде қай тілде сөйлеп тұрғанын аңғармайды. Бәрі бір тіл екен деп ойлайды. Сөйтіп, бала тілі шұбарланып шыға келеді. Бірақ өз басым мектепке дейінгі кезеңде бала өзінің ана тілін бойына сіңіріп алуы керек деп ойлаймын. Негізі, біз еліктеуші халықпыз ғой. Біреудің баласының ағылшынша сөйлегенін көріп, менің де балам  сондай болса екен дейміз. Баланы әурелеп, балалық шағын ұрлаймыз. Өз қызығушылығымызды балаға таңамыз. Негізі, өз ана тілін жетік меңгерген бала орыс тілін де, ағылшын тілін де алып кетеді. Кейбір ата-аналар орыстан қалып қалмасын деп баласын орыс мектебіне беріп жатады. Ал мен оларға «балаңыз өз қазағыңнан қалып қалды ғой» деймін. Негізі, өзім еліміздегі барлық балабақша қазақ тілді болса екен деймін. Өйткені бала кезінде үйренген тілді бала ешқашан ұмытпайды.  Біздің балабақшада орыс та, өзге ұлт өкілдері де болды. Кейін орыс мектебіне барса да, қазақшасын ұмытқан емес.

Ата-ананың өз амбициясы бар

Сіздерге баланы ғана емес, ата-аналарды да тәрбиелеуге тура келетін шығар…

– Бұл – үлкен мәселе. Бізде баладан қиындық тумайды. Бала – бізге дос. Біз баламен бала болып кеткен адамдармыз. Тәрбиешілеріміздің өзі бала секілді. Бір нәрсені  қатты айтсаң, бала секілді бұртиып қалады. Сондықтан да біз бір-бірімізді баладай сыйлауға тырысамыз.

Ал ата-ананың өз амбициясы бар. «Мен саған әкелдім, саған мемлекет ақша төлеп отыр, сен міндеттісің» деп өктем сөйлейтін ата-аналар баршылық. «Неге майкісін теріс кигізесің?» деп ұрыс шығаратындар да болады.

Бір күні бір баламыз далада ойнап жүріп, курткасын  жыртып алыпты. Мұны көрген анасы баланың курткасын  әкеліп, маған лақтырып жіберді. «Мен мына куртканы кеше ғана сатып алғанмын, сіздің тәрбиешілеріңіз не істеді, көріңіз» дейді долданып. Сабыр сақтап: «Әрине, кешіріңіз. Біздікі қате болды. Ең бастысы, баланың еш жеріне ештеңе болмады ма? Егер сізге баладан гөрі киім қымбат болса, онда біз сізге ертең куртка сатып алып береміз» деп едім, ол кісі бірден түсінді.

Бала  еш жерін былғамай отыру керек болса, онда ата-ана баланы бақшаға не үшін береді. Баланы тап-таза етіп үйде ұстап отырмай ма?

Сондықтан да баланы бақшаға апарарда ата-ананың өзінің дайындығы болуы керек. Баланың бейімделу кезеңінен өтетінін, бақшада коммуникативтік ортаның болатынын,  ол жерде баланың жас ерекшелігіне сай түрлі конфликтердің де кездесетінін білсе деймін. Сонымен бірге баланың темпераментін есепке алмайды ата-аналар. Бір бала  меланхолик, тағы бірі сангвиник. Кейбір бала өзінің отбасында жақындарымен ғана араласқанды жақсы көреді…

Алдағы жоспарларыңыз?

– Жоспар көп. Өз қазанымызда қайнай бермей, тәжірибемізді жас ұрпаққа үйретсек, ізбасар тәрбиелесек деймін.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button