Экология

Қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар қашан ашылады?

Соңғы 4-5 жылдың көлемінде ауламыздан тұрмыстық қалдықтарды жинайтын контейнерлерден бөлек, оның қасында пластмасса ыдыстарды, картон, қағаз секілді макулатураларды жинайтын арнайы экологиялық контейнерлерді де көріп жүрміз. Оларды арнайы көліктер күн сайын болмаса да, екі-үш күнде бір жинап әкетеді. Сонда оларды жинаумен кімдер айналысады, қайда апарады? Қайда өткізеді? Облыс орталығында бұл қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар бар ма?

 

Экоконтейнерлерді ұрлап кетеді

Темір торлы жәшіктердің бірінің сыртына жазылған «Эковосток-лидер» компаниясының астында жазылған телефонға хабарласып көріп едік, өкілі телефонмен ақпарат бере алмайтындарын, мүмкіндік болса, мекемеге келіп кетуімізді өтінді. Өскеменнің Промбаза ауданындағы Индустриальная көшесі, 2 мекенжайында орналасқан базасына барып, директоры Динара Әкімжановаға жолығып, жоғарыдағы сауалдарымызды қойдық. Әңгімелесе келе, бұл қызметтің де проблемасы шаш етектен екенін түсіндік.

Жеке кәсіпкер Динара Төлеғалиқызы бұл қызметті 2016 жылы бастаған екен. Басты мақсаты – облыс орталығының онсыз да оңбай тұрған экологиясын жақсартуға мүмкіндігінше қолдау білдіру болған. Өкінішке қарай, 2020 жылға дейін ойдағыдай жүргізіп келген аталмыш кәсібі  бүкіл елімізді жайлаған пандемияның кесірінен мүлде тұралап қалған екен. Ол жайында сәл кейінірек тоқталамыз.

Қазіргі уақытта Өскемен қаласында 320 аула болса, соның 250-іне өзіміздің экологиялық контейнерлерімізді орнаттық. Оның сыртында қаладағы түрлі кәсіппен шұғылданатын 120 кәсіпорынға екі-екіден тағы орнаттық. Пластикалық заттарды жинайтын бір контейнердің бағасы қазіргі таңда 70 мың теңге тұрады. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы секілді жабық сары контейнерлердің бағасы 200 мыңға дейін жетеді. Енді осыларды сатып алып, орнатып шығуға қанша қаражат кететінін есептей беріңіз. Өкініштісі, адамдар осыларды ұрлап та кетеді. Былтыр үш темір жәшігіміз қолды болды, – дейді кәсіпкер.

 

Ай сайын 300 тонна қалдық өткізеді

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Өскеменде бұлар жинайтын тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын зауыт жоқ. Кәсіпкер жиған қалдықтарын престеп, басқа жаққа өткізумен келеді. Мәселен, пластмасса заттарды тазалап, жуып-шайып болған соң престеп, Шымкент қаласына жөнелтеді. Ал қағаз заттарды да дәл солай қаптап, нығыздап, Алматы қаласындағы кәсіпорынға өткізеді. Солардан алатын қаражат – жеке кәсіпкердің негізгі табыс көзі. Бір айта кетерлігі, күнбағыс майы құйылған ыдыстар қабылданбайды екен, оларды күнделікті тамақ қалдықтарымен бірге қала сыртындағы қоқыс полигонына тастауға мәжбүр. Мұнымен қатар кәсіпкер консервінің, сыраның босаған ыдыстарын да жинап, өткізіп келеді. Мекеме басшысының айтуынша, ол басқаратын кәсіпорын қалдықтарды күнде жинап, ай сайын жоғарыда аталған екі қалаға 300 тонна пластмасса және макулатура өткізеді.

Динара Төлеғалиқызынан қалада қанша бәсекелестеріңіз бар деп сұрадық.

Бәсекелес деген жетеді. Алайда солардың көбі жарты жылдан соң жабылып қалады. Олардың бәрі бұл оңай шаруа, қалдықты жинап өткізіп, пайданың астында қаламыз деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес, бұл – пайдасы аз кәсіп. Себебі қалада қайта өңдеумен айналысатын зауыт жоқ. Ешкім айналысқысы келмейді. Қазір Риддер қаласында, Алтай мен Глубокое аудандарында филиалдарымызды аштық. Оларда контейнерлер жоқ, бірден жинап әкеліп, бізге өткізеді. Қағаз үшін контейнер қою тиімсіз, өйткені тез толады және салмағы да өте аз, сондықтан көбінде бөтелкелерді жинауға мән береміз, – дейді ол. Айта кетерлігі,  пластик құтылар екінші рет қолдануға жарамайды, оларды зауытта ерітіп, түрлі формада қайтадан жасайды.

Осы арада «пластик жинайтын Динара секілді шыны бөтелкелерді де жинап өткізетін, қайта өңдеумен айналысатын белсенділер де неге табылмайды екен?» деген ой да санамызда жаңғырып тұрды. Себебі олар да көрінген жерде керексіз болып, аяқ астында шашылып жатыр ғой.

 

Алты-ақ адам жұмыс істеп жүр

Өкінішке қарай, 2020 жылы еліміздегі бүкіл кәсіпкерлердің дөңгелетіп отырған кәсібіне ауыр соққы болған коронавирустық инфекция зардабы Динараны да айналып өтпеген. Айтуынша, қала бойынша жиналатын заттардың көлемі тым азайып кетіп, қол астындағы жұмысшыларға жалақы төлеу мүмкін болмай қалған. Соның кесірінен жұмысшылар саны 30 адамнан алтауға дейін қысқарған. Ал қоймадағы екі-ақ адам күн сайын тау болып үйіліп қалатын заттарды престеп жинайды.

Алты адам қаладағы бүкіл 250 контейнерді қалай жинап шығады деп отырған шығарсыз. Айтайын, бізде нақты кесте бар: бүгін бір ауданды жинап әкетсек, келесі күні тағы бір ауданға барамыз. Бірінші кезекте, ең көп жиналатын контейнерлер тазаланады. Мысалы, Назарбаев даңғылы бойындағы бір темір жәшік бір аптада ғана бір толады. Оған бір аптада бір соғамыз. Болашақта жағдай оңалса, қайтадан адам санын көбейтеміз, – дейді кәсіпкер келіншек.

Динарадан әйтеуір ешкім айналыспайды екен, өзіңіз неге қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорын ашпайсыз деп сұрап көрдік.

Әрине, бұл – ойымда бар дүние, бірақ еш мүмкіндік жоқ. Бұған дейін бірнеше рет грант алуға қатысып, өтпей қалдық. Өзіміз ашқанға шамамыз жетпейді. Дегенмен, алдағы даму жоспарымызда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт ашу бар, бірақ ол үшін қолдау қажет, – деді ол.

Кәсіпкер қызмет аясын кеңейте түсу үшін Өскемендегі күнделікті тұрмыстық қалдықтардың түгелін контейнерлерден арнайы жүк көліктеріне тиеп әкетіп, қала сыртындағы қоқыс полигонына төгетін «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС-мен де байланыс орнатып көріпті, яғни жалпы контейнерлердегі өздеріне қажетті пластиктерді сұрыптап көрген. Алайда, шығыны өте көп болғандықтан, серіктестік нәтиже бермеген.

Шынында да, ойланарлық дүние бұл. Аталған кәсіпорын қаншалықты күн сайын жинап әкетсе де, көшеде шырыннан, басқа да сусындардан босаған пластик құтыларды тұрғындар лақтырып кете береді жол бойына. Оны айтасыз, үйінен ала шыққан пакеттегі тамақ қалдықтарын контейнерге жеткізбей, кіреберіске, үй ауласына тастай салатындарды көріп жүрміз. Бұған енді жаз мезгілінде табиғат аясына, су жағасына шығып, сол әдемі жерлерді полиэтилен қапшықтарға, шыны мен пластик бөтелкелерге толтырып кететін туған жердің «патриоттарын» қосыңыз.

 

Жапония қайда, біз қайда?

Ал шетелде тұрмыстық қалдықтарға байланысты жағдай мүлдем басқа. Мысалы, жапондар әуел бастан бұл мәселеге өте мәдениетті түрде қарайды әрі жүйелі түрде жолға қойылған. Мәселен, жапон азаматы үйінен бес түрлі тұрмыстық қалдық алып шықса, бесеуін бес арнайы қапшыққа салып, үй ауласындағы немесе кіреберістегі бес жәшікке бөліп-бөліп салып кетеді. Бұл сұрыптауға да өте оңай. Ал бізде ше? Қыс болса, контейнер маңы шашылған тамақ қалдықтары, жаз болса, құжынаған шыбын-шіркей, жағымсыз иіс. Айтуға да ұяласың…

Ой, сіз де айтасыз, Жапония қайда, біз қайда? Біздің елде тұрмыстық қалдықтарға келгенде тұрғындардың сексен пайызының мәдениеті төмен. Бұл – тек Өскемен ғана емес, еліміздегі барлық ірі қалаларға тән жағымсыз жайт. Өзіңіз білесіз, экологиялық контейнер деген ұғым соңғы бес-алты жылдың көлемінде ғана пайда болды. 2019 жылы күшіне енген жаңа Экологиялық кодекстің 301 бабында көрсетілгеннен кейін ғана біздің қоғам бұл мәселеге мән бере бастады. Мүмкін, болашақта жағдай оңға қарай өзгеретін де шығар. Біз неге табысы мардымсыз болса да, басқа кәсіппен айналыспай, осы қызметте әлі жүрміз. Себебі біз – өз жеріміздің, туған қаламыздың патриотымыз. Өз жеріміздің экологиясының жақсаруына өз үлесімізді қосқымыз келеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, пластик заттар ондаған жылдар бойы шірімей жатады, қоршаған ортаға өз зиянын тигізеді. Болашақта олардың орнын, бұрынғы кеңестік замандағыдай, шыны мен қағаз ыдыстар алмастырса деген ұсынысым бар. Әйтпесе, егер бәрі осылай кете берсе, біздің балаларымызға, артымыздағы ұрпаққа ештеңе де қалмайды, соны естен шығармауымыз керек, – дейді тұрмыстық қалдықтарға қатысты әңгімеміздің соңғы нүктесін қойған Динара Әкімжанова.

Бұл айтылғандарға біздің де алып-қосарымыз жоқ. «Елдің бәрі осы Динарадай ойласа» деген ойдың жетегінде қайттық.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button