Пульмонология орталығының маңызы зор
Өңірімізге іссапармен келген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой облыс орталығындағы бірнеше медициналық нысанда болып, аймақтағы денсаулық сақтау жүйесінің коронавирус індетінің болжамды екінші толқынына дайындығын тексерді. Министр өңірдің тұмауға қарсы екпемен, дәрілік препарат, медициналық бұйым және мобильді бригадамен қамтамасыз етілуін қарап шықты.
Министр аралаған нысандардың ішінде Өскемен қалалық №2 емханасы, облыстық аурухана және бұрынғы жедел жәрдем ауруханасының жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ғимараты бар.
Жөндеу жұмыстары біткен соң, бұл жерде инфекциялық стационар ашылады деп жоспарланған болатын. Алайда соңғы ақпарат бойынша, бұл жерге Өскемен қалалық № 4 ауруханасы көшіріліп, 150 орынға арналған пульмонология орталығы өз жұмысын бастайтыны белгілі болды. Мұнда енді тыныс алу органдарының патологиясы бар науқастарға мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін болады. Стационар эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Маусымдық асқыну кезінде ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандарды емдейді, сондай-ақ коронавирус індеті тағы да асқынғандай болса, инфекциялық бағытта пайдаланылады.
Стационардың диагностикалық блогы жылжымалы рентген және компьютерлік томография аппараттарымен жабдықталған. Өз ПТР-зертханасы бар. Барлық палата орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген. Жағдайы ауыр науқастар үшін ӨЖЖ, монитор және басқа да емдеу-диагностикалық аппараттармен жабдықталған 15 орындық жансақтау бөлімшесі жұмыс істейді.
–Біз үшін аймақтардың коронавирус індетінің екінші толқынына дайындығын көру маңызды. Соның ішінде сіздердің өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанының куәсі болдық. Денсаулық сақтау саласына жете көңіл бөлініп, заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған, – деді сала министрі Алексей Цой.
Министр сонымен қатар Өскемен қаласының №2 емханасында болды. Медициналық ұйым бір ауысымда 667 пациентке есептелген, мұнда 95 дәрігер мен 233 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Емхана құрамында 28 орындық терапевтік бөлімше, алты төсектік хирургия бөлімшесі бар. Жыл басынан бері емдеу орнында үш мыңнан астам науқас емделді.
Алексей Цой «Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы» диагностикалық орталығының жұмысымен де танысты. Ол жерде ересектерге стационарлық, стационарды алмастыратын, консультациялық-диагностикалық және телемедициналық көмек түрінде мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Аурухана қызметінің негізгі бағыты – қан айналымы жүйесі ауруларын емдеу. Медициналық ұйымда 16 түрлі жоғары технологиялық операция жасалады, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Министр облыстағы Ұлттық сараптама орталығында да болып, қызметімен танысып қайтты.
Кәмал Естай