ПЦР-зерттеуі қашан қолжетімді болады?

-Коронавирустың екінші толқыны болады деп ескертіп жатыр. Жаз айларында ПЦР-зерттеуінен өту оңай болған жоқ. Алда осы мәселе қалай шешіледі?

 Рахмет Бекенұлы, Аягөз ауданы.

 Сауалға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан жауап береді:

-Пандемия кезінде облыста үш мемлекеттік, бір жеке меншік зертхана жұмыс істеп, барлығы 182 мыңнан астам ПЦР-тест өткізілді. Біз елімізде тест жүргізу көрсеткіші бойынша үштікке ендік. Тәулігіне жүргізілген екі-үш мың зерттеудің 90 пайызы медициналық сақтандыру аясында тегін, қалған он пайызы ақылы жасалды. Негізінен Казцинк, ҮМЗ сияқты кәсіпорындар өз жұмысшыларының денсаулығына мониторинг жүргізіп, анализді ақылы өткізіп отырды.

ПЦР-зерттеуі қашан қолжетімді болады?

Алдағы дайындыққа келер болсақ, Өскемен, Семей қалалары мен Күршім ауданында үш мемлекеттік ПЦР-зертханасы іске қосылады. Аягөз ауданындағы Ақтоғай кен байыту комбинатында модульді зертхана ашылған. Бұдан басқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің келісімімен Ветеринарлық қадағалау қызметінің екі ПЦР –зертханасының бейіні өзгертіліп,  коронавирусты анықтауға бағытталды.  Бұл зертханалардың қызметінің адам материалдарымен жұмыс істейтін зертханалардан еш айырмашылығы жоқ.  Олар Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылы мен Алтай ауданында орналасқан. Облыстағы барлық ПЦР-зертханаларының қуаты тәулігіне бес мың тест жүргізуге жетеді. Бұл өңірдің қажеттілігін толық өтеуге тиіс. Өткен жолы сонымен қатар тест қорытындыларын кеш алу проблемасы болған. Тестің нәтижесі бір апта, кейде он күнге дейін кешігіп келді. Нәтижелерін кешіктіру зертханалардың өз қуаттылықтарынан жоғары міндеттерді алуынан болғанын анықтадық. Қазір зертхана  саны артқандықтан, ондай проблема болмайды деп сенеміз.

Тұрғындардан түсетін шағымдардың тағы бірі- жұмыс берушілердің жұмысқа шығарда ПЦР зерттеу қорытындысын талап етуі. Бұл – заңсыздық. Жоғарыда айтылды, үлкен кәсіпорындар қызметкерлері арасында вирустың таралуына жол бермеу мақсатында зертханамен жасалған арнайы келісімшарттың негізінде өз жұмысшыларын ақылы түрде тексеріп отырды.  Ал жұмыс берушілердің жеке адамдардан  өз есебінен тест тапсыруды талап етуі – заңға қайшы.

Әзірлеген –Айна Ескенқызы.