Сұраңыз

56 мыңнан астам ерікті зейнетақы шоты ашылды

         Бүгінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын жинақтауды жүзеге асыратын жалғыз ұйым. Осы орайда облыс тұрғындары тарапынан зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер, зейнетақы жинақтарының жай-күйіне қатысты жиі қойылатын сауалдардың бірқатарына «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Марат Сейітқалиев жауап берді.

      Бір ай бұрын мен жеке кәсіпкер атандым және қазір кеңсе тауарларын сатумен айналысамын. Бұрын үлкен компанияда жұмыс істедім және мен үшін міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс беруші төлеп отырған болатын. Қазір ол жердегі жұмыстан шығып, тек жеке кәсіпкерлікпен ғана айналысып жүрмін. Енді мен зейнетақы қорына қандай сома салуым керек?

Мадина Серікқызы

Семей.

      – Жеке практикамен айналысатын адамдардың, жеке кәсіпкерлердің өз пайдасына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуі тиіс міндетті зейнетақы жарналары оның алатын табысының 10 пайызы мөлшерінде, бірақ жалақының ең төменгі мөлшерінің 10 пайызынан кем емес және жалақының 50 еселенген ең төменгі мөлшерінің 10 пайызынан жоғары емес мөлшерде белгіленеді. Естеріңізге сала кетейік, биылғы ең төменгі жалақы – 42 500 теңге.

Бұл ретте жеке практикамен айналысатын адам немесе жеке кәсіпкер өз пайдасына табысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін дербес айқындайды. Табысы уақытша болмаған жағдайда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» өз пайдасына ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебінен міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы.

Жеке кәсіпкер бола отырып, сіз жарналарды аудару жөніндегі агентке айналдыңыз. Агент міндетті зейнетақы жарналарын аударуды қолма-қол ақшасыз төлемдер арқылы жүргізеді. Банктер мен ұйымдарда шоттары жоқ адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін банкке қолма-қол ақшамен енгізеді. Міндетті зейнетақы жарналарын қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол емес тәсілмен төлеу банктер арқылы «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңда айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

        Биыл қаржылық жағдайымның қиындауына байланысты микрокредиттік ұйымға жүгініп, одан қарыз алуыма тура келді. Қазір мен оны төлей алмаймын, өйткені қаражатым тек күнделікті қажеттіліктеріме ғана жетеді. Микрокредиттік ұйым мені сотқа береміз деп қорқытуда. Білейін дегенім, зейнетақы қорынан үзінді көшірмені менен басқа кім ала алады және аударымдарым туралы кім біле алады?

    Талғат Мұқанұлы

     Алтай ауданы.                                                                                                                                     

– «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 57-бабына сәйкес зейнетақы жинақтарының құпиясы зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын салымшыға, алушыға, салымшының (алушының) жазбаша келісімі негізінде кез келген үшінші тұлғаға ғана ашылуы мүмкін. Алайда  қажет болған жағдайда жеке зейнетақы шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы анықтамалар:

1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына – олардың жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша;

2) соттарға – сот ұйғарымы негізінде олардың жүргізуіндегі істер бойынша;

3) сот орындаушыларына – сот санкциясы бойынша сот орындаушысының қаулысы негізінде олардың жүргізуіндегі атқарушылық құжаттар бойынша;

4) мемлекеттік кіріс органдарына – тексерілетін тұлғаның міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеуге, ұстап қалуға (есебіне жазуға) байланысты мәселелер бойынша;

5) прокурорға – оның қарауындағы материал бойынша өз құзыреті шегінде тексеру жүргізу туралы қаулы негізінде  берілуі мүмкін.

Бұлардан басқа, мәліметтер уәкілетті органға – салымшының (алушының) өтінішіне немесе оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін тексеруді жүзеге асыруына байланысты туындаған мәселе бойынша; қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға; салымшының (алушының) өкілдеріне – нотариат куәландырған сенімхат немесе сот шешімі негізінде; орталық атқарушы органға; Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жыл сайынғы міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға; Халыққа қызмет көрсету орталықтарына салымшының (алушының) өтініші негізінде мемлекеттік қызмет көрсету үшін берілуі мүмкін.

        Жаңалықтардан болашақта ерлі-зайыптылар үшін бірлескен аннуитет жасалуы мүмкін екенін естідім. Сонда, мәселен, жұбайлар ажырасқан кезде зейнетақы жинақтары бірлесіп жинаған мүлік болып санала ма, жоқ па?

 Гүлайым Ырысханқызы

Өскемен.                           

      – «Неке және отбасы туралы» Кодекске сәйкес ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кездерінде жинаған мүлкі олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады; ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін иелену, пайдалану және билік ету ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады. Алайда зейнетақы активтері заттық құқықтар санатына жатады. Яғни, зейнетақы жинақтарын салымшы да, оның жұбайы да  пайдалана алмайды және билік те жүргізе алмайды. Бұл өкілеттіктер салымшыға зейнеткерлік жасына толуына немесе заңда көзделген өзге де негіздерге сәйкес зейнетақы жинақтарын алған кезде ғана қолжетімді болады. Сондықтан зейнетақы қорындағы салымшы алмаған зейнетақы жинақтары ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып танылмайды.

        Қазіргі коронавирус індеті кезінде тіпті әйгілі әлемдік компаниялардың да шығынға ұшырап жатқанын көріп отырмыз. Осы орайда сұрайын дегенім, зейнетақы жинақтарым қаншалықты қорғалған? Күні ертең жинақ ақшамды жоғалтпайтыныма қандай да бір кепілдік бар ма?

Ермек Сағиев

Күршім ауданы.                                                   

– Уайымдауға еш негіз жоқ, өйткені қазақстандық жинақтаушы жүйе зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік жүйесімен ерекшеленеді. Зейнетақы активтерінің сақталу кепілдігі барлық жинақтардың акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі, ал сенімгерлік басқарушысы – Ұлттық Банк болып белгіленген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жинақталуы арқылы да қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 5-бабына сәйкес, мемлекет алушыларға зейнетақы төлемдеріне құқық алған кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген жарналар мөлшерінде сақталуына кепілдік береді. Инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырманы есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» жүзеге асырады. Басқаша айтқанда, мемлекеттік корпорация барлық аударылған жарналардың сомасын жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңдегі инфляция деңгейімен есептейді және салымшының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарымен салыстырады. Белгіленген күнге зейнетақы жинақтары қалдығының сомасы туралы ақпаратты зейнетақы қоры береді. Егер зейнетақы жинақтарының қалдығы инфляция деңгейін ескере отырып, жарналардың есептелген сомасынан төмен болса, онда мемлекет бұл айырманы өтейді. Бұл салымшылардың жинақтары сенімді қорғалғанын білдіреді және ол қаржы нарығындағы оқиғалардың қалай дамитынына және инвестициялық табыстың қандай жағдайда қалыптасатынына байланысты емес.

       Жақында мен зейнетақы қорына міндетті жарналардан басқа ерікті зейнетақы жарналарының да аударылатыны жайлы естідім. Олардың артықшылығы неде, кез келген адам аудара ала ма?

Кәбира Сейітханқызы

Зайсан ауданы.

– Ерікті зейнетақы жарналары – бұл салымшының бастамасы бойынша зейнетақы қорына өз пайдасына немесе жақын адамының шотына (жұбайына, баласына) аударатын ақша. Ерікті зейнетақы жарналарын жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да жүзеге асыра алады. Тіпті кәмелетке толмағандардың өзі ерікті зейнетақы жарнасы туралы шарт жасай алады. Мұндай жағдайда қажетті құжаттар пакетін заңды өкілі ұсынуы керек.

Ерікті зейнетақы жарнасының артықшылықтарының бірі – салымшы олардың мөлшері мен кезеңділігін өз бетінше анықтай алады. Сонымен қатар сіздің ерікті жинақтарыңызға міндетті зейнетақы жарналарыңыз сияқты активтеріңізді көбейтуге мүмкіндік беретін инвестициялық табыс есептеледі. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдерді 50 жастан бастап алуға болатындығын жағымды бонус деп қабылдауға болады.

Ерікті зейнетақы жарнасы бойынша өз пайдасына жеке зейнетақы шотын enpf.kz сайтындағы «Электрондық сервистер» бөлімінде электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен ашуға болады немесе зейнетақы қорының кеңсесіне жеке куәлікпен келу керек. Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейдегі банктер арқылы төлеуге болады. Олардың кейбіреулері ерікті зейнетақы жарналарын ұялы қосымша немесе терминалдар арқылы төлеу қызметін ұсынады.

Егер салымшы ерікті зейнетақы жарнасы туралы шартты өз пайдасына жасаса, онда оның жеке куәлігі ғана жеткілікті. Егер үшінші тұлғаның пайдасына болса, онда екеуінің де жеке басын куәландыратын құжаттар қажет болады. Заңды тұлғалар enpf.kz сайтында көрсетілген құжаттар тізбесін ұсынады.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың бірінші қазанында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ерікті зейнетақы жарнасы бойынша 56,5 мыңнан астам жеке зейнетақы шоты ашылды. Оларда 2,14 млрд. теңгеден астам қаражат жинақталған.

 Әзірлеген Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button