Сұраңыз

Зауыт ұжымын алаңдатқан ахуал

Серебрянкадағы жалғыз өнеркәсіптік кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақы алмағандарына бірнеше айдан асты.

Облыстағы моноқала саналып отырған Серебрянка қаласының өзекті мәселесі бір шешілмей-ақ қойды. Мұндағы бейорганикалық өндіріс зауыты – серебрянкалықтардың нан тауып отырған негізгі жұмыс орны. Өндірістік бетперде, өнеркәсіптік сүзгілер  шығаратын бейорганикалық зауыт – осы өнімдерді шығаруға маманданған еліміздегі бірден-бір жалғыз кәсіпорын.

Қазіргі күні зауытта 50-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр, кәсіпорынның жұмысшыларына берешек жалақы қарызы 20 миллион теңгеге жетіп отыр.

Серебрянка қаласының әкімі Сергей Гордиенкодан серебрянкалықтарды, зауыт ұжымын алаңдатып отырған  ахуалды, қалыптасып отырған күрделі жағдайды түсіндіріп беруді сұрадық. Шағын шаһардың әкімі зауыттың он жыл бұрын банкрот болғанын айтты. Зауыт жабылған соң мыңдаған адам жұмыссыз қалған. Жергілікті билік  зауытқа жаңа инвестор іздеп, қордаланып қалған коммуналдық қарыздар, қала тұрғындарын жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты өткір мәселелерді шама-шарқынша шешіп келген.

– 2018 жылы зауытқа байыпты бизнес-жоспары, миллиондаған өнім өндіруге бағытталып жасалған келісімшарты бар «КТБ Восток» ЖШС атты инвестор табылған болатын. Инвестор өндірісті қайта жарақтандырып, кәсіпорынға қажетті қаржыны құйып, жұмысын алға бастырады деген үлкен үміт болды. Ұжым жаңа басшылыққа сеніп, соңынан ерді, – дейді мән-жайды бастан-аяқ баяндаған Сергей Гордиенко.

Айта кетейік, қазіргі күні зауыттың дүние-мүлкі «Проблемалық несиелер қоры» АҚ-ның мемлекеттік меншігінде. Акционерлік қоғам компанияның жағдайына қарап, зауыттың құрал-жабдықтарын, өндіріс алаңдарын  жалға алу төлемдерін кейінге шегеріп келген. Жаңа инвестор келген соң бетперделер, сүзгілер өндірісі қайта жолға қойылған. Бірақ ескі құрал-жабдықтар жаңаланбай сол қалпында қалған. Біраз уақыт өткен соң компанияның жұмысы шатқаяқтап, көп ұзамай айналым қорының таусылғаны белгілі болған.

Жығылғанға жұдырық дегендей, пандемия кезіндегі карантиндік шаралар да тоқыраған өндіріске өз кесірін тигізбей қоймаған: өнімдерге деген сұраныс азайып,  шикізат кешіктіріліп жеткізілген, өнеркәсіптік өнімдерді сертификаттауда қиындықтар туындаған. Өндірісте пайда болған күрделі жағдайлардың салдарынан 70 маман қысқарып, зауытта 50-ден астам адам ғана қалған. Алғашында оларға еңбекақы мерзімінде төленіп келгенімен, бірте-бірте тең жартысы ғана беріліп, айлық кешіктіріле бастаған. Осылайша, зауыт бүгінгі күні жұмысшыларға жарты жылдың еңбекақысын әлі  бермеген.

«Серебрянка бейорганикалық  зауыты» ЖШС бас директоры Қайрат Қуанбаевтың айтуынша, инвесторлар өз міндеттемелерін орындай алмағандықтан өткен жылдың күзінен бері қызметтерінен шеттетілген. Қазір зауытты басқаруға алғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалған, кәсіпорынның есепшоты бұғатталған. Зауытқа тағы да жаңа инвестор іздестіріліп жатыр.

Проблемалық несиелер қоры өндірістік кешеннің мүлкін сатуға орай аукцион өткізуге дайындалуда. Бір қызығы,қала әкімінің айтуынша, аукцион саудасына  «КТБ Восток» компаниясы да қатыспақ ниетте  көрінеді.

– Серебрянканың болашағы осы зауыттың жұмысына тікелей байланысты. Егер өндіріс кешені қайтадан қалпына келтірілмесе, Серебрянка қаласы ауылға айналуы әбден мүмкін, – дейді Сергей Гордиенко.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button