Полиция халыққа жақын болуы тиіс
Ержан Әбіш
Кеше еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Өскемендегі «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде өңір жұртшылығымен кездесіп, салада қолға алынған ауқымды реформаларды түсіндіріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кездесу тікелей әлеуметтік желілер арқылы да таратылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел полицейлеріне «Халық сеніміне ие болыңдар» деген міндет қойып отыр. Саланың жұмысы құрғақ цифрлармен емес, тұрғындардың ой-пікірімен өлшенуі тиіс. Жұртқа барынша жақын болу үшін министр барлық құрылымдық бөлім басшыларымен өңірлерді аралауға кіріскен. Облыс-аудан деңгейіндегі полиция басшылары да жер-жерде елмен кездесулер ұйымдастыратын болады.
Сала басшысы өз сөзін конституциялық реформаның маңызын түсіндіруден бастады. Жазда өткен бүкілхалықтық референдумда халықтың басым бөлігі Ата Заңға енгізілген өзгерістерді жақтап дауыс берді. Түзетулер Конституцияның үштен бірін қамтыды. Мұның бәрі елдегі саяси жүйені түбегейлі өзгертуге, билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлуге, жалпы қоғамды одан әрі демократияландыруға берік негіз болмақ.
– Конституциялық реформаның нәтижесінде біз суперпрезиденттік басқару формасынан толық бас тартып, ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік жүйеге ойыстық. Конституциялық сот органының рөлі күшейді, енді оған кез келген азамат жүгіне алады. Адам құқығы жөніндегі өкілетті тұлға институты енгізіледі. Сонымен қатар сот шешімімен азаматты мәжбүрлі еңбекке тарту мүмкіндігі пайда болды. Яғни, енді құқық бұзған адамдарды заң аясында қоғамдық жұмыстарға тартуға болады, – деді министр.
Жиында Марат Ахметжанов елдегі қылмыс жағдайына кеңінен тоқталды. Жалпы, соңғы отыз жылдың ішінде жасалатын қылмыстар саны бірнеше есе қысқарып отыр. Айталық, 90-шы жылдардың басында жылына 2600-ден астам қылмыс тіркелсе, қазір бір жылда шамамен 700-800 қылмыс жасалады. Әрине, полиция басшылығы мұндай көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайтынын айтады.
– Қазіргі кезде қоғамды есірткі бизнесі, интернет алаяқтық, отбасы-тұрмыстық жанжал, шеттен әкелінген көліктерді есепке алу сынды мәселелер көбірек толғандырып отыр. Біз осы қылмыс түрлерімен аяусыз күрес жүргізіп келеміз, – деді Марат Мұратұлы.
Облысымызға келер болсақ, елімізде тіркелетін қылмыстардың 5,6 пайызы Шығыс Қазақстанның үлесіне тиесілі. Соңғы жылдары қылмыстылық деңгейі 26 пайызға төмендеген. Десек те, қылмыстар санын адам басына шағар болсақ, біздің өңір көш басында келеді. Министр бұл мәселе егжей-тегжейлі зерделеніп, оны шешудің жолдары қарастырылатынын жеткізді.
– Бұрын ұрлық, қыз зорлау қылмыстары ауыр деп саналмайтын. Кесірінен, ұрылар ұсталған жағдайда жәбірленушіге шығынын өтеп, кешірімін алып, жауапкершіліктен құтылып кететін. Жазадан жалтарғандар рецидив жасап, одан да ауыр қылмыстарға баратын. Мал ұрлығы тіпті кәсіптің бір түріне айналып кетті деуге де болады. Заңды қатаңдатып, аталған қылмыстар жәбірленушілер тарапынан кешірілмейтін болған соң ұрлық 2,5 есе, зорлау 3 есеге азайды, – деді Ішкі істер министрі.
Полицияның алдында қазағбастылықтан арылу, жұмыс барысын цифрландыру, автоматтандыру және оңтайландыру міндеттері тұр. Қазақ полициясы біртіңдеп батыстық үлгіге көшетін болады. Полицейлер азаматтармен ілтипатты қарым-қатынас жасауға үйренуі тиіс. Ал министрлік өз кезегінде сала қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға күш салмақ.
Жиынның екінші бөлігінде министр жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Сауалдардың бір бөлігі полицейлер тарапынан жасалған заңбұзушылықтарға қатысты болды. Олар бойынша жүгінген азаматтарды сала басшысы жеке қабылдауға шақырды. Кейбір өскемендіктер соңғы кездері елімізге Ресейден келушілердің көбейгенін айтып, бұл жайтқа алаңдаушылықтарын білдірді.
– Елімізге жыл сайын шеттен 6 миллионға жуық адам келеді. Біз олардың бәрін тиісті тексеруден өткіземіз. Алаңдауға еш негіз жоқ. Жағдай бақылауда. Егер шетел азаматтары заң бұзса, тиісті жазаға тартылады. Ресейлік әріптестерімізбен байланысымыз жақсы, бірлесе жұмыс істейміз, – деді осы ретте Марат Ахметжанов.