Полигон мәртебесіне мән берілетін болады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен Парламент Мәжілісінің назарына полигоннан зардап шеккен аймақ тұрғындарының өтініш-тілектері жеткізіледі дегенді естігеннен бері жергілікті халықтың жарғақ құлағы жастыққа тимеуде. Бұл жолы қаладағы «Үй» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген отырыста тұрғындар неше жылдан бері жинақталып қалған жанайқайларын жеткізіп бақты.
Қоғамдық тыңдау мәжілісіне жұмыс тобының жетек-шісі, облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ қатысты. Осында жиналған қауым «Семей ядролық сынақ полигоны туралы» Заңның проблемалары мен келешегі жайында өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Бүгінде Парламенттің төменгі палатасының cпикері Семей полигонына байланысты айтылған дүниелерге қолдау білдіруде. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВТІҢ айтуынша, облысты аралай келе әртүрлі ұйым, мекемелер мен ауыл-аймақтардан жалпы алғанда жүз шақты ұсыныс-пікірлер түскен. Әр жерде арнайы өткізілген қоғамдық тыңдауларға мың жарым шығысқазақстандық қатысқан. Белгілі болғандай, радиацияға ұшыраған жерлердің анықталуы, зардап шеккен тұрғындарға экологиялық төлемақы, зейнеткерлерге көмек, медициналық жағдай жасау, экономикалық дамыту сияқты ұсыныстар көптеп кездесуде. Семейде өтіп отырған осы кездесуге Ресейдің Алтай өлкесінен азаматтық қоғам өкілдері шақырылған екен. Олар да Ресейдегі жинақталған тәжірибелерімен бөлісті.
Мәселен, үш негізгі мәселе назарға алынды. Атап айтсақ, ұлттық заңнаманың ерекшелігі, Қазақстан мен Ресейде құқықтық жағдайдың қолданылу тәжірибесі, ғылыми жетістіктер мен инновацияны тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға кеңінен пайдалану, денсаулық сақтау мен халықты әлеуметтік қорғаудың болашағы мен перспективалары. Міне, осы мәселелерді екі тарап жан-жақты талқылады.
Семейліктердің айтуынша, 20 жыл бойы Семей мен Курчатов қалаларын аса қауіпті аймаққа жатқызбаған. Мүгедек балалары бар ата-аналарды ұмытпау керек. Бұл азаматтар өз құқықтарын білмейді.
– Полигоннан зардап шеккен аймақтың жоғары оқу орындарына тапсырушы талапкерлеріне жеңілдіктер қарастырылуы керектігін толық қолдаймын, – деді облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ. – 1998 жылы осыған байланысты арнайы заң өзгеріске түскен. Енді кемшін тұстарды қайта өңдеу қажет. Полигон жерін сауықтыру да кезек күттірмейтін мәселе.
Қоғамдық тыңдауда полигон жеріне байланысты қарама-қайшы пікірлер де айтылып жатты. Мәселен, бізде жер жеткілікті емес пе, полигонның жерін біржола жауып тастайық десе, енді бірі жерлерді ауылшаруашылығына пайдалануға берілгені дұрыс деп қарсы пікір айтты. Экономиканы дамыту үшін бұрынғы Семей облысының ауылшаруашылығын, жеңіл өнеркәсібін, құрылыс саласын дамытқан жөн деді тұрғындар. Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан шекарасындағы полигоннан зардап шеккендер де өз құқықтарын дәлелдей алмауда. Мәселен, Ресейде бұрынғы полигон тұрғындары жеңілдіктерге қол жеткізе алмай отырған фактілер де бар. Сондықтан да жеңілдіктер мен экологиялық төлемақылардан қағылып отыр. Алдағы уақытта полигон жері нақты анықталып, заң өзгерісі Қазақстан Парламентінде ғана емес, Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасына да енгізілетін болады. Осы жолғы қоғамдық тыңдау отырысына Рубцовск қалалық әкімшілігі мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері де қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.