Тарих

Әпкеміздің көз жасынан жаралдық

Әпкеміздің көз жасынан жаралдық


Руы сайболат ішінде мәметек әжеміз Қамила алты құрсақ көтеріпті. Олар – Шәмшәріп, Қанипа, Жанахмет (Жәкі), Биғайша, Айтахмет (Әйтіш), Мәкен. Әжеміз көзі тірісінде осы аға-әпкелеріміздің ішінен Шәмшәріпті алабөтен атап, аузынан тастамаушы еді. «Бозша ауылының үлкендері «Балаң болса, осы Шәмшәріптей болсын» десетін. Айтып-айтпай не керек, Шәмшәрібім бала болса да, дана болды. Мектепте үздік оқыды. Өңі ажарлы, қайратты қара шашы тілерсегінен келетін» дейтін.

Сүйегі Владивостокта қалды

1934 жылы атамыз Долдабай колхоз төрағалығын атқару кезінде «үштіктің» қарауылына ілініп, бір шелек бидай үшін «халық жауы» атанады. Колхоздың есепшісі Иманғажы да осы «қылмысқа» қатысты болып, жазаға тартылады.

Айдауыл ат арбасымен келіп «айыпкерлердің» үйлеріне ат басын тірейді. Атамыз үй-ішімен қоштасу кезінде артында қалып бара жатқан алты баланы әжемізге аманаттағаннан кейін 13-14 жастағы үлкен қызы Шәмшәріпке сенім арта қарап:

– Айналайын, сенің ақылың бар ғой. Алдарыңда қандай зауал күтіп тұрғанын кім білсін. Мына жуас шешеңе сүйеу бол, – депті. Әкесінің ақылын қабыл алған әпкеміз айдауылға қарап:

– Әкемді айдататындай не жазығы бар еді? – деген екен. Өжет қыздың именбей айтқан сөзі шымбайына инедей қадалғандықтан ба, әлде мұндай сауалды күтпегендіктен бе, айдауыл:

– Қаршадай болып, қарай гөр өзін! Әкеңнің қандай кінәсі барын бойжеткенде білерсің, – деп зекіп, меселін қайтарып тастапты.

Долдабай мен Иманғажы аталарымыз арбаға таңылғаннан кейін, айдауыл көлігін ауылдың терістік бетіндегі қара жолға бағыттайды. Арбадағылар Көкпекті ауылына тақағанда, Иманғажы сырқаттанып қалып, айдауыл оны осы елді мекендегі емдеу орнына тапсырады да, сапарын одан әрі жалғайды.

Айдауылдың қарауында қалған Долдабай атамыздың бұдан кейінгі тағдыр-таланы беймәлім. Ұзынқұлақтың «ақпарына» қарағанда, атамыз Приморьск өлкесінің тау-кен өндірісіндегі ауыр қол еңбегі жұмысында денсаулығы кемігендіктен, көз жұмып, сүйегі Владивосток қаласының маңында көмілсе керек.
Ал Иманғажы Көкпектідегі емдеу орнынан сауығып шыққаннан кейін ақталып, ауылға оралыпты. «Иманғажы келе жатыр» деген хабарды есіткен Шәмшәріп әпкеміз оның алдынан жүгіріп шығып, мойнына асыла кетіп:

– Әкем Сізбен бірге айдалып кетпеп пе еді. Оны қайда қалдырдыңыз?—деп ботадай боздап, құлындағы дауысы құраққа шығып, көріскен екен. Сонда бұлардың жанына жиналған ауыл тұрғындары көз жастарын тыя алмай, теріс айналып кетіпті.

Әке қамқорлығынан тыс қалған отбасына қаратүнек заман көлеңкесін түсірді де. Долдабай атамыздың қоштасарда айтқан соңғы уәжі Шәмшәріпті бейжай қалдырмаса керек, жалаңбас, жалаңаяқ дегендей, қыстың сақылдаған сары аязында қар көмкерген егіс танаптарынан дірдектеп жүріп масақ жинап, бауыр-сіңлілерін асырайды. Колхоз сиырларының көк сүтін әкеліп, талғажау етеді.

Бірде алты баланың тауқыметін арқалаған әжеміз аяқ астынан науқас-танып, ұзағырақ жатып қалыпты.Үйдің ендігі бас көтерері өзі болғандықтан, Шәмшәріп бауыр, сіңлілерімен қоса әжемізді де күтіп, емдетіп, оның бетін бері қаратқан екен.

Бүкіл қосты ауылға өзі тасыған

Қу тірлік бұларды бір орында тұрақтатпапты. Бірде Қарадала егіндігі-нен 15-16 шақырым жердегі Бозша ауылына көшулеріне тура келген. Көшер кезде қосын жұртта қалдырғысы келмейді. Қалдырайын десе, бұдан басқа бас сауғалар қалқа да жоқ. Жүк артатын күш-көліктен де жұрдай.

Кедейлік бұл әулеттің түп-тұқиянынан қалмай келген көлеңке де емес-ті. Арғылты бабамыздың тұсында оның ұрқы тұрмыстан кенделік көрмеген. Оның жеті жүз қаракөк жылқысы болған екен. Баймын деп аспаған, бимін деп таспаған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, сол заманның сұрқылтайлары бабамыздың малынан тігерге тұяқ қалдырмай ортаға салғызған көрінеді. Мұны азсынған қолшоқпарлар қарқарадай киіз үйін қоса алып кетіпті. Арғылтыдан тараған ағайынды Ихсан мен Долдабайдың отбасылары осылайша қайыршылық кебінін киіп, малсыз, баспанасыз қалғаннан кейін, лажсыздан қос жасап, оны баспана еткен.

Әжеміз бәрінен бұрын қайын атасы Арғылтының тұсында өзін ханшадай сезінгенін есіне жиі алатын. «Жарықтық, қайын атам қарауындағы малшы-жалшыларға өзінің туыстарындай жанашырлық көрсететін. Оларды өзімен тең санап, алдына мал салып, бойдақтарын үйлендіріп, отау құрғызып жататын. Той-томалақтың шығынын да өзі көтеретін. Қарауындағы малшы-жалшылар да, рубасылар да Арғылтыны сол қасиеттері үшін құрметтейтін. Енді сол қайын атамызға құлаққа түрпідей тиетін «бай-құлақ» деген ат қойылып, айдар тағылғаннан кейін, оның есімін ауызға алудан да қалдық» дейтін. Бұдан айрандай ұйыған елдің тапшылық торына өздігінен түспегені байқалады. Ендігі ит тірлігі мынау…

Әпкеміздің көз жасынан жаралдық

Қайыршылық қамытын киген әжемізге «Қой, бала-шағаның ересектерін бастап, жасы кішілерін көтеруді Шәмшәріпке тапсырайын да, қосты өзім арқалайын» деген ой келіп, оның жабдықтарын көтермек болғанда, Шәмшәріп:

– Қама, сен бала-шағаға ие бол. Сен солар үшін қажетсің. Қосты мен алып жүрейін,-депті. Сонда әжеміз:
– Қой, шырағым, қостың зілдей ағаштары мен жабындыларын арқалау оңай деймісің? Өзім көтерейін, – деп көнбепті. Бірақ Шәмшәріп әпкеміз де бір беткейлігінен танбапты.

Бірде қостың ағаштарын, бірде оның жабындыларын қозыкөш жерге дейін кезек-кезек арқалай жүріп, Шәмшәріп әпкеміз араға екі-үш күн салып барып, Бозша ауылына әупірімдеп жеткізген екен. «Құлыным-ай, десеңші, қарны аштықтан қабысып, үні көмейінен құмығып шықса да, қостың зіл батпан жүгін жаяу тасымалдауда қыңқ етпеді ғой» деп отыратын.

Оқуға баратын күні қыршынынан қиылған

Әжеміз қызының жанашырлығы мен мейірбандығын ет жүрегі езіле отырып баяндайтын. Әкеміз Жанахмет 11-12 жасында қызуы көтеріліп, көздерінің алды көгеріп, қатты сырқаттаныпты. Сонда Шәмшәріп әпкеміз аспанға қарап, екі қолын жайып: «Алла тағала, мына бауырымды ажалдан сақтай гөр. Ол қара шаңырақтың болашақ иесі емес пе? Ошағымыздың отын өшіре көрме! Алсаң, мына мені ал!» деп құдайға жалбарыныпты.

Оның мұң-зары құдайдың құлағына шалынса керек, бірер күннен кейін қоста кірпігі әзер қимылдап, сұлық жатқан әкеміз сауығып кетіпті де, іле-шала еліктей ойнақтап жүрген әпкеміз кенеттен көз жұмыпты. Бұл 1936-1937 жылдардың бірі болса керек.

Оның дүниеден озуы мына оқиғамен қанаттас келіпті. Құзырлы орындардың бірінен мектепті үздік бітірген он алты жасар Шәмшәріп әпкемізге педучилищеде білім алуына жолдама беріліпті. Сол үшін әжеміз бір ірі қарасын сатып, одан түскен қаражатты қызының жолына арнамақ болады.
Әжеміз осындай қуаныш құшағында жүріп, Шәмшәріптің оқуға аттанатын күні таңертең оны оятпақ болып қосқа кірген екен. Ұйықтап жатқан балаларының шет жағында, іргеде жатқан қызын оятпақ болғанда, оның мәңгі ұйқыға кеткенін біліп, есінен танып қалыпты. «Осы оқиғадан кейін әжелеріңнің қара шашы ақ зоңдай болып кетті» дейтін тұстастары.

Әжеміз «Егер Шәмшәрібім болмаса, Долдабайдың тұқымынан ешкім қалмас еді… Әттең, дүние-ай!» деп отыратын.

Долдабай әулеті қазір бір рулы елге айналған. Қазір осы әулеттен тарағандардың қай-қайсысы болмасын «Шәмшәріп әпкеміздің бір тамшы көз жасынан жаралдық» деп жатады.

Амангелді Жанахмет,
ардагер журналист
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button