Ауыл шаруашылығы

Пайдаланылмаған жер қайтарылып жатыр

Бүгінгі таңда өңірде пайдаға жаратылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарының ең көбі  Абай, Аягөз және Тарбағатай аудандарында тіркелген. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасы хабарлады.

Жыл басындағы есепке сәйкес, қазіргі уақытта облыста жалпы көлемі 12,2 млн. гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері тіркелсе, оның басым бөлігі егістік, жайылым және шабындық жерлер, ал 83,5 мың гектары тыңайған жерлер санатына жатады.

– Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруге мораторий енгізді. Сол себепті бұл есеп жүргізілмейді. Жалпы, 2003 жылдан бастап 2016 жылды қоса алғанда облыстағы шаруашылықтар мен тұрғындарға  81,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері берілсе, оның 73,6 мың гектары жайылым, 4,2 мың гектары егістік, ал 2,8 мың гектары шабындық болып келеді, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы облыста «Qoldau» веб-порталында ауыл шаруашылығы құрылымдарының жайылымдар мен егістіктерді пайдалану жұмыстарына талдау жүргізілген. Нәтижесінде, 4,7 млн. гектардан астам жайылымды алған 5311 жер пайдаланушының жерді пайдаланбай, я болмаса ұтымсыз пайдаланып жатқаны белгілі болған. Қазіргі уақытта пайдаланылмай жатқан жайылым мөлшері 1,6 млн. гектардан асып жығылса, ұтымсыз пайдаланылатын жайылым көлемі 3 млн. гектардан көп. Осылайша, 2,4 млн. гектар алаңда жер учаскесін пайдалану қажеттігі туралы 2992 хабарлама жіберіліп, пайдаланылмайтын жайылымдық алқаптарға қатысты мемлекеттік бақылау жүргізу алгоритмі жасалған.

Сондай-ақ берілген егістікті пайдаланбайтын 120 жер пайдаланушы анықталып, олардың 56-на хабарлама жіберілген.

– Соңғы екі жыл аралығында қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары 150,3 мың гектар пайдаланылмайтын жерді мемлекеттік меншікке қайтарса,  оның 48,7 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылды, – дейді Надежда Михейлис. – Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарының ең көп бөлігі Абай ауданында – 31,1 мың, Аягөз ауданында – 33,1 мың және Тарбағатай ауданында – 39,2 мың гектар анықталды.

Оның айтуынша, бос жерлер туралы ақпараттар мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында орналастырылған көрінеді. Сонымен қатар бос жер учаскелері туралы ақпаратты облыстың http://www.vkomap.kz мекенжайындағы геопорталы арқылы да алуға болады.

 

Аудан, қалалар Соңғы екі жылда қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің ауданы (га) Оның ішінде ауыл шаруашылығы айналымына тартылғандар

(га)

Абай 31 138,2 22 840,0
Аягөз 33 093,0 11 327,0
Глубокое 0,0 0,0
Бесқарағай 1 608,4 420,9
Бородулиха 167,4 0,0
Жарма 0,0 0,0
Зайсан 3 196,0 0,0
Алтай 0,0 0,0
Катонқарағай 9 161,6 4 281,2
Күршім 5 708,7 0,0
Көкпекті 1 074,6 0,0
Тарбағатай 39 186,1 0,0
Ұлан 6 335,0 96,5
Үржар 3 937,9 0,0
Шемонайха 0,0 0,0
Риддер қ. 114,0 0,0
Семей қ. 15 546,3 9 690,7
Өскемен қ. 0,0 0,0
Жиыны 150 267,2 48 656,3

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button