Партизан-жазушы Тоқтағали Жангелдин жайында не білеміз?
Ұлы Отан соғысының сұрапылы аяқталғалы 71 жыл өтсе де, соғыс жаңғырығы таусылмақ емес. Есімі әйгілі партизан –жазушылар Қасым Қайсенов, Әди Шәріповтермен қатар аталуға лайық тағы бір партизан-жазушы жерлесіміз барын әркім біле де бермес…
Ұлы Жеңісті жақындатуда зор үлес қосқан партизандық қозғалыста қазақтардың еңбегі ерекше. Белоруссияның «Дядя Коля» партизан бригадасының құрамында шайқасқан қазақстандықтар көп болды. Солардың бірі – Қызыл Ту орденімен және 1-дәрежелі «Ұлы Отан соғысының партизаны» медалімен марапатталған біздің жерлесіміз, Аягөз ауданының тумасы Тоқтағали Жангелдин.
Тоқтағали Жангелдин ауыр кезеңді басынан өткізген қазақ зиялы қауымының буынына жатады. 1916 жылы Семей облысы Аягөз ауданында дүниеге келген. 1938 жылы Тоқтағали Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтына келіп түседі. Оны бітірген соң біраз жыл мұғалім болып қызмет етеді. 1940 жылдың ақпанынан әскер қатарына шақырылады.
Алғашқы күннен бастап-ақ майданның алғы шебінде болып, артиллерияның взвод командирі қызметін атқарды. Ауыр шайқаста аяғынан жараланған ол Смолевичи қалалық госпиталінде емделеді. Жаралыларды әкетуге мұршасы болмаған біздің әскерлер кейін шегініп, Тоқтағали жау тылында қалып қояды. Жергілікті халық, белорусь шаруалары оның сауығуына көмектесіп, жазалаушы отрядтан жасырып, аман алып қалады.
Көп ұзамай Тоқтағали жасырын ұйым мүшелерімен байланысып, орманда партизандар отрядын құруға белсене араласып кетеді. Листовкалар таратып, жауға қарсы күресуге шақырады. «Коммунар» партизан отрядының бөлімше командирі болады. Кейін осы отряд негізінде аты аңызға айналған «Дядя Коля» партизан бригадасы құрылады. Борисов қалалық комсомол комитетінің мүшесі ретінде партизандар арасында саяси жұмыстарға белсене араласып, басқыншыларға қарсы аяусыз күрес жүргізуге шақырады. Бөлімшенің тәжірибелі жас командирін байқаған бригада комиссары Н.Чулицкий көп ұзамай Тоқтағалиды өзіне орынбасар етіп алады.
Бригада комиссары орынбасарының негізгі міндеті – жас халық кекшілдерінің күш-жігерін басқыншыларға қарсы күреске бағыттау еді. Мақсат айқын, бірақ күрестің жаңа, тиімді түрін ойластыру керек. Комсомолдар ұсынысымен барлық отрядтарда комсомол-жастар бөлімшелері, бригадада «Лениншіл» атты комсомол-жастар отряды құрылды. БЛКЖО-ның 25 жылдығына орай жастар арасында жаудың көзін құртудың социалистік жарысы ұйымдастырылды.
«Барлық бастамаларда комсомол жетекшісінің ұйымдастырушылық қабілеті айқын көрініп тұратын», – деп жазды Борисов жасырын қалалық комсомол комитетінің секретары В.Гранов өз естелігінде. Бригада комиссары орынбасарының жастармен жұмысы оңайға түскен жоқ. Қаруластары Анатолий деп атаған Тоқтағалиды жолдастары қарапайымдылығы, әскери тапсырманы орындау кезіндегі салқынқандылығы, ұстамдылығы, принципшілдігі, командованиенің бұйрығын орындау кезіндегі табандылығы үшін қатты құрметтеді.
Т.Жангелдиннің бастамасымен бригадада «Халық кекшілдері» деген журнал шығарылды. Тоқтағали тек қана жастармен жұмыс істеп қоймай, әскери операцияларға қатысып отырды. Гитлершілдердің екі бірдей жазалаушы отрядымен болған ірі шайқастарға қатысып, жаудың екі гарнизонын талқандайды. Оның отряды тас жол бойындағы үш тосқауылға басшылық жасап, үш автокөліктің көзін жояды, 18 фашисті жер жастандырып, 26 жауды жаралап, қолға түсіреді. Бұл 1943 жылдың мамыр айында ғана болған шайқастың бір көрінісі ғана еді.
Т. Жангелдин 1944 жылы Қазақстан БЛКЖО Орталық Комитетіне қызметке жіберіледі. Мәскеу жоғары партия мектебін, 1954 жылы Мәскеудің қоғамдық ғылымдар Академиясын бітірген, әртүрлі лауазымдық қызмет атқарады. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақ КСР Ғылым Академиясының философия және құқық институтын басқарды. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Партизан-жазушының қаламынан шыққан «Сын сағатта», «Күнделік беттерінен» атты шығармалары партизан өмірінен сыр шертеді. С.Сейфуллин, Ш.Құдайбердиев, М.Әуезов туралы жазған еңбектері өз алдына. Отан алдындағы ерен еңбегі үшін Т.Жангелдин екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Чехословакияның «Партизан Жұлдызы» медалімен марапатталған. 1973 жылы Алматы қаласында дүние салды.
Алматыда Т.Жангелдин тұрған үйге мемориалды тақта орнатылып, Қазақстан Орталық мұражайында партизан-жазушы өмірінен сыр шертетін стенд ұйымдастырылған. 2004 жылы Белоруссияның фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 60 жыл толуына орай Белоруссияның естелік медалімен марапатталды.
Үстіміздегі жылдың күз айында жерлесіміз Т.Жангелдиннің туғанына 100 жыл толады. Осыған орай жуырда Алматыдағы «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында Т.Жангелдиннің мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Конференция жұмысына Белорусь елшілігінің қызметкерлері, академиктер, ғалымдар, қоғам қайракерлері, студент жастар қатысты. Онда Тоқтағали Жангелдиннің есімін мәңгі есте қалдыру туралы бастама көтерілді. Осы игі бастамадан жерлестері де тыс қалмас деген ойдамыз.
З.Мұхтарханқызы,
А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың өлкетанушысы