Ауыл шаруашылығы

Ойсылқараның қарасы көбейіп келеді

Ойсылқараның қарасы көбейіп келеді

Соңғы жылдары осы қасиетті түліктің өңірімізде ғана емес, қазақ даласында тым сиреп бара жатқаны жаныңа батады. Осылай бола берсе, бұл түлікті болашақ ұрпақ білмей кетуі де мүмкін.
Кеңестік кезеңде қазақтың көшінің көркі, өрісінің сәні, дастарқанының дәмі болған түйеге бүйідей тиіп, жойып жібере жаздаған уақыт та болды.
Десек те, бұл өңірде түйе тұқымы болды. Сол кездегі «Сұлутал», «Ақсуат» кеңшарларында 300 – 400 ойсылқараның болғанын айтпасқа болмас. Міне, осы қасиетті түлікті қайта түлетуді аудан басшылығы қолға алған сыңайлы. Осы жылдың басында Ақсуат ауылының тұрғыны Данияр Тапанов түйе шаруашылығын қайта өркендетуді қолға алды. Оған аудан басшылары қолдан келген көмектерін аямады. Данияр да түйе шаруашылығының қыр-сырын жете меңгерген. Өйткені, әкесі түйеші болған, бала күнінде 300-ден астам түйенің соңында жүрген ол ат жалын тартып мінгеннен соң әкесіне көмекші болған.
Әкеден қалған мұраны жалғастырмақ болған Данияр жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 3 миллион теңге несие алып, бес інген, бір бура сатып алып, шұбат ашытуды жолға қойды. Ұмыт болған ұлттық сусынымыз аз да болса, ауыл тұрғындарының аузына тиді. Табысы да жаман емес. Қазір осыны естіген өзге өңірлерден әсіресе, ірі қалалардан келіп, сусыннан демікпе, сусамыр, өкпе, асқазан жарасына шипа іздегендер тапсырысты молайтқан.
Осыны ескерген Данияр ендігі жерде 350 га жер алып, түйе базасын салуды түбегейлі қолға алды.
-Түйенің пайдасы шаш етектен, – дейді Данияр. Түйе еті нәрлі келеді, оның үстіне салмақ үлесі тағы бар, сауылатын бір інген күніне 18 литр сүт береді. 20-30 түйе сауылса, жылына 3 тонна шұбат өндіріледі. Аталған өндірісті алдағы жылы ашуды жоспарлап отырмыз.
Кенжелеу дамып келе жатқан түйе шаруашылығын өркендету мақсатында қазір Тапановтар нар түйесін әкелді. Кәсіпті біртіндеп несібесіне айналдырған Тапановтар әулеті еті мен сүтін былай қойғанда, тек қана жүнін сату арқылы түйе бағудың барлық шығынын жабуға болатынын айтады. Ал жолдасы Балнұр Тапанова осы істі кәдеге асырып, түйе жүнінен көрпе, жамылғы жасауда.
Жалпы ауданда шұбат өндіруді жолға қою мақсатындағы жұмыстар қызу жүргізілуде. Жылдың басынан бері тағы төрт азамат жұмыспен қамту бағдарламасы аясында түйе сатып алуға ниет білдіріп, несие алды.
Демек, төрт түліктің төресін төрге оздырсақ, төрт құбыламыз түгенделіп, Тарбағатайда ойсылқараның қарасы көбейеді.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button