Ойшыл ақынның білім идеясы
Шәкәрім Құдайбердіұлы қатарлы ойшыл ақындар «жаппай сауатсыздық жайлаған елдің көзін ашуға қалай тырысты, білім нәрін алуға қалай икемдеді?» деген сауалға шәкәрімтанушы ғалымдар әр қырынан келді. Дегенмен бұл өзі түпсіз, жалықтырмас тақырып. Жастар ақыннан не алу керек? Оның күллі шығармашылық мұрасы білім идеясына негізделген ғой. Білім нәрімен игі тәрбие қатар жүреді. Білімі өскен сайын адамның дүниеге көзқарасы түпкілікті қалыптаса бастайды.
Шәкәрімде білімге үндеу, сауаттылықты насихаттау көбінесе қыр елі үшін шыңдағы шынардай бұлдыр елестейтін «ғылым» сөзімен берілген. Ойшыл тұлғаның хат танымаса да ауыл балаларына білімнің ең биік дәрежесі саналатын ғылымның не екенін ұқтыруға ұмтылғаны бірден биік нотамен ән бастағанға да ұқсап кететін сияқты.
«Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл», дейді ол.
Біліммен қорғанудың қасиетін ұғу және оны жұртқа анық сездіру отаншылдықтан, елді аман сақтауға ниеттен туған. Ол «Жастарға» атты өлеңінде тіршілікте адам баласына «өшпес өмір, таусылмас мал берерлік» тек білім қуаты екенін жырға қосып, данышпан Абайды үлгі етіп көрсетіп, «Не де болса білімді ізденелік!» деп аттандап ұран салды.
Қазақ руханиятында Абайды ұлық тұту Шәкәрімнен басталған десек болады. Бұл өзі бұрыннан бар елдік дәстүр болатын. Қас жақсыны қастер тұтуды ескі билер мен шешендер санаға сіңірді. «Қазақ қоғамында жақсылармен кемел сұхбат жасау дәстүрі болған. Бұл – біліктілікке, даналыққа, тапқырлыққа, ұшқырлыққа жаттықтыратын өнер, өнеге мектебі іспетті. Мұның себепкерлері сұңғыла хандар мен ұшқыр тілдің майталман билері. Білімпаздардың ой-толғамы, сырлы кеңесі – ақылының таразысы ғой», – деп жазады «Шешендік өнер» атты кітабында белгілі әдебиеттанушы ғалым, ф.ғ.д., профессор Серік Негимов. Пайдасыз сөз сөйлемеу үшін де білім-парасат керек.
«Алаяқ сұмдарға ерсең, болмас жолың,
Қазағым-ау, қаңғырып қайнар сорың.
Өнер-ғылым үйренсең, еңбек етіп,
Мазақ болмай елдікке жетер қолың», дейді тағы.
Шәкәрім заманында айтылған осы шындық әлі күнге өзекті екенін бәріміз білеміз. Бірақ ауыр қылмыстан жиренбей, оңай олжа табуға құныққандар мұны ойламай, қор болып жатқанын басына іс түскенде ғана ұғатын болса керек. Егер сондайлар әуелде біліміне сенсе басқаша болар ма еді.
«Надандар төрт аяқты малға ұқсайды,
Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды.
Өз бетімен табатын өнері жоқ,
Талапсыз, өлі сүйек жанға ұқсайды».
Шәкәрім қажылық сапарға барып, дін мен дәстүрді қатар алып жүрген, себепсіз ғайбат айтпайтын, аузын бекер былғамайтын ойшыл десек, «Ғылымсыз адам – айуан» деп малға теңей бергені, білімсіз адамды тірі өлікке балағаны қараңғылықтың шырмауынан әбден түңілгенінің белгісі болатын. Намысына тимесе қозғалмайтын сеңдей сірескен надандықты басқаша атау мүмкін емес-ті.
«Білімдіге білімсіз бағынбай ма?
Іздесе, пендеге жол табылмай ма?»
Шәкәрім риторикалық сауал арқылы ащы шындық пен асқан ақылды қосып айтады. Қазіргі заманда алға шыққан бәсекелестікке қабілеттілік деген категория тек тауарға, экономикаға қатысты болмай тұр, оның ең биік деңгейі білім-ғылым саласында көрініс тапқан. Түптен алса, қазақ халқының мақал-мәтелдері де білімді уағыздайды. «Білімнің басы – бейнет, соңы – зейнет», «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», «Кітап – алтын қазына», т.б.
Философ ақын жастарға ізден, ізденсең алдыңнан жарық дүние айқара ашылады дегісі келеді, шын сендіргісі келетіні жырларында анық көрінеді.
«Білімділер насихат көп жазады,
Адам үшін уайым жеп жазады», – деп ол ақындықтың, даналықтың парызын да түстеп танытады. Кейде надандықтың бой бермес ауыртпалығынан қажып, кейіп айтады:
«Еліріп, еріп көп жұрт жүр,
Білмейді құдай ұрғанды.
Түпсіз жауға санайды
Түзу жолға бұрғанды».
Әйткенмен үмітсіз шайтан. Жаны күйзелсе де, басқа салғанға көніп, бөтен елді ел қылып тұра алмасын біліп, қайырылып келіп, ел-жұрт сусап отырғанын өздері де айқын білмейтін қасиетті білімге қайта шақырады. «Насихат» атты өлеңде өзгеше мән бар десек болады. Абай «Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы» деп молдалардың негізінен қиыстырып діни уағыз айта беретіні сияқты қайталамаса ел ұғарлық күйде отырмағанын біледі.
«Балаңа білім үйрет жас күнінде,
Досыңа жақындама мас күнінде.
Халқыңа қайырылар деп насихат айтпа,
Ел бұзық, ерегескен, қас күнінде».
Бұл кезең ақынның Қарасартовтың оғынан ажал табатын 1931 жылдың қарсаңындағы күштеп ұжымдастыру мен аштық басталған сәтті суреттеу болса керек. Осы өлеңнің соңғы шумағын Шәкәрім былайша құсамен аяқтайды:
«Осы күнде қазақтың бәрі де мас,
Жақсылардың біріне біреуі қас.
Атқа мінген жігіттен үмітім жоқ,
Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас».
Бұл мәтіндегі «мас» сөзін ақын тура мағынасында емес, метафоралық мағынасында, елдің бүліншілікке ұшыраған қиын кезеңін тұспалдап тұрғаны байқалады. Ел мүддесі сырт қалған өлара уақыттың трагедиясын көре тұра Шәкәрім бәрібір азып-тозудан түбі білім нұры құтқарарына сенетінін анық сезінеміз.
Қ.Құрмамбаева, Шәкәрім атындағы Семей университетінің
қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.