ОЙРАТҚА ОЙРАН САЛҒАН ЕР ШАҚАБАЙ
Еліміздің Шығыс аймағында 1745-1755 жылдар арасында бірнеше ірі шайқас болғандығы тарихтан белгілі. Солардың бірі – 80 күнге созылған Шорға шайқасы болса, екіншісі бір жарым жылға ұласқан Шаған шайқасы. Бұл шайқастар жөнінде үстірт сөйлеуге болмайды. Оларды әсіресе бүгінгі тәуелсіздік таңында ерекше атап өткен жөн. Себебі бұл шайқас қазақ пен қалмақтың шешуші бас шайқасы ретінде ұғынылып, екі жақтан да бұл соғысқа ірі дайындықтар жүргізіледі. Мыңдаған сарбаздар мерт болады. Тағдыры таразыға тартылған қазақ халқының болашағы үшін болған бұл шайқастардың маңызы да өте зор болды.
Нақтырақ айтқанда, дәл осы тұста Найманның Қаракерей тобына кіретін Мұрын, Байжігіт, Қыржылар қалмақты шешуші кезеңде талқандап, босаған жерлерге қазақ руларының жылжып қоныстануы басталады. Шорға шайқасында қазақ жауынгерлері қалмақтың Торғауыттар тайпасын талқандағанмен, олар Сауыр, Сайқан, Маңырақ, Тарбағатай тауларының үстірттерінде әлі де көп болатын. Ол кезде қазақ жасақтары Зайсан көлінің жағасы, Шорға жазығы мен қазіргі күнде Болатсу деп аталатын жерге ғана жеткен. Жұмықтың үлкен ұлы Болат батыр өз есімімен аталатын осы жерде шекарабасы болып тұрып, әкесі Жұмықтың көзі тірісінде жаумен айқаста қаза тапқан.
Тарихшы Н.Аристов Қабанбай батырдың өз жұрты туралы «1816 жылы Тарбағатайға Байжігіт дегендер келіп қоныстана бастады» деп жазса, Қытай деректерін алдыға тартқан Н.Мыңжан «1817 жылы солтүстік батыс өлкелердегі Зайсан, Тарбағатай қатарлы жерлерге Байжігіттер келіп қоныстана бастады» – деп көрсетеді. Тарбағатай өңірінің қазақтары Шілікті аңғарына дейінгі аралыққа орналасса, Төртуылдар Зайсан ойпатының оңтүстігіне – Сауыр мен Алтайға орналасты. Ал ақнаймандар басында теріскей Тарбағатайдағы Қарғыба, Бөкен, Шегелек өзендерінің бойын жайлап жүрді. Ақжар өңіріне Байжігіттен тарайтын алты Жұмық пен бес Саты ұрпақтары орналасады. Қазақ руларының осылай орналасуын орыс тарихшысы Н.Аристов түтін санымен қоса жазып кеткен.
Бұл кезеңде тарих саханасына шыққан Ер Шақабайдың арғы аталары Қаракерей Қабанбай, Ер Дәулетбай, Қараша батырлар дүниеден өткен. Бірақ Байжігіттер Қабанбай батыр дүниеден өтіп, Арқадағы Нұра өзенінің бойына жерленген соң, 46-47 жылдан кейін ғана Шығыс өңірлерге толық табан тіреген.
Бұл кезде аты шыққан Ер Шақабай, Сайыр батыр, Жәуен мергендер соғыстың соңғы шегіне жетіп, жеңісті аяқтады деуге де болады. Қараша батырдың батырлық даңқ үзілмеген ұрпақтары ішінде шөпшектері саналатын Шақабай батыр мен Сайыр батыр найзагер, ал Жәуен батыр садақшы мерген және сөзге ұста шешен адам болған екен.
Тарихта Шақабай батыр екеу. Оның біріншісі – Қабанбай батырдың замандасы Керейдің Жәнтекей руынан Шақабай батыр Есентайұлы. 1688 жылы туып, 1778 жылы қайтыс болған.
Екіншісі – Найманның Қаракерей руының Бәйжігітінен тарайтын Таңатарұлы Ер Шақабай. Шақабай қазақ халқының қалмақтарға қарсы 200 жылға созылған соғысының, одан соң жоңғарды түбегейлі талқандап, қазақ жерін басқыншылардан толық азат етуде, Маңырақ, Тарбағатай тауларына қоныстану кезеңінде ерлігімен аты аңызға айналған ержүрек батыр. Атасы Қараша батыр Қабанбаймен құрдас болған. Шежіреде Қарашадан Аман, Аманнан Қосантай, Қосантайдан Таңатар, одан Шақабай туған деп көрсетіледі. Ұрпақтарының айтуынша, Шақабай 1755 жылы нағыз соғыс шырқау шыңы өтіп, қалмақтың туы жығылған Шорға шайқасы кезінде дүниеге келген. 1755 жылы туып 1835 жылдары қайтыс болған.
Табиғатынан алып денелі боп жаратылған Ер Шақабай мен Сайыр батыр он үш жасынан жауға қарсы шығып, алғашқы жекпе-жектерін 17 жасында Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ шайқастарында өткізіп, батыр атанып, ерен ерліктерімен көзге түскен. Жас Шақабай алғаш 17 жасында қалмақтың атақты Бұйыршы батырын өлтірген. Жекпе-жекте қалқанының дал-дұлын шығарып найза ұрғанда, төңкеріле құлаған қалмақ батырының аяғы үзеңгіде қалған көрінеді. Қалмақтың аты үркіп тепкілеп далаға сүйреп кетіпті. Мына сұмдықты көрген қалмақтар шайқас бастала сала қашқан екен. Ит-құсқа жем болып кеткен бе, Бұйыршы қалмақтың сүйегі табылмаған. Атын бір күннен кейін ғана тапқан. Содан, сүйегі жоқ болғандықтан, жердің аты қалмақтың атымен аталмай қалған деседі.
Ер Шақабай анау-мынау ат көтере алмайтын, аса алып адам болған деседі. Жекпе-жектерде қалмақтың еш батырын шыдатпаған. Күркіреген дауысы мен алып денесінің өзі жаудың мысын басып, зәресін ұшырыпты.
Соғыс бағыты сол кезде Толағай, Маңырақ тауларынан өтіп, Сеңгірдің қақпасымен Шіліктінің үстіне қарай бағытталған. Сонда Қарашаның Қосантайының ұлдары Бірқұстай жерін, Қарашаның Шоқайлары Үшқайшыны, Қарашаның Биеттері Қырықошақ деген жерді соғысып алған. Қырықошақ кейін аталған. Қарашалар қырық ошақ жасап жеңіс тойын тойлаған, содан Қырықошақ деп аталған екен. Шіліктінің Шағаноба жағын Қошқарбай, Мәметек, Шотайлардың әскерлері кіріп басып алған.
Алынбаған тек Қандысу бойы мен Қызылащы, Қотанащы, Китіңқара мен Терісайрық өзендерінің бойы ғана қалады. Маңырақ тауының оңтүстік етегі мен Тарбағатайдың күнгей беті Қотанащы Қожыр тауының батыс бөктері сары Емілдің басын мекендеген торғауыттардың шекарасы болып тұрады.
Шақабай батыр балаларының ішінде Сары деген ұлын ерекше жақсы көрген екен. Сол ұлы 16-ға енді келгенінде, мал қайырып жүрген жерінде қалмақтар өлтіріп кетіпті. Сегіз-тоғыз атаға созылған қанды соғыс, оның үстіне сүйікті ұлын өлтіріп, әбден қаны қарайған Шақабай қалмақты аяусыз қырған. «Таудай арқасы бар, Тастан жүрегі бар» – деп аталған Ер Шақабай туралы аңыздардың көбі жауға деген аяусыз өшпенділігінен туса керек.
«Баламның кегін алам!» – деп, Шақабайдың салған әр ұрысы Қандысуды қанға бояған екен. Баласын өлтірген қалмақтың батырын, қырық сарбазымен қоса өлтіргеннен кейін ғана, байыз тауып барып, «Баламның кегін алдым!» – депті.
Бірақ жүректе шер қатып қалған. Қандысудың бойын жағалап қалмақты шапқан жорығынан су Қандысу аталған. Терісайрық пен Қандысу бойын толық тазалап болғаннан кейін ғана, қазақтар ішкері қарай мекендеп тұрақтай бастайды.
Тарбағатай тауында Сартай биігі, Кетең, Бабахан шатқалы бар. Басы қарлы. Арғы бетке асар жердің жолы. Бейбіт заман орнай бастағанда сол жолдан шекарашылар арғы бетке өтіп кеткен қалмақтардың қалың әскермен келгендерін бақылайды. Сөйтсе, Қытайға асатын биікте Етікшінің асуы, Қызылащы, Қотанащы жерлерінде қалмақтар алтын қазады екен. Жерден айырылып қалған олар алтын қазып, ақырын білдірмей келіп-кетіп жүреді екен. Сол қазған үңгірлердің орны әлі де бар. Үйдей-үйдей үңгірлердің қасында науа, елегіштер бертінге дейін шашылып жатқан дейді. Қалмақтардың жиылып келіп алтын қазатынын естіген алты Жұмық, бес Саты дереу әскер жасақтап, келесі келер кезді күтеді. Ақыры қалмақтың алтын қазуға келген соңғы сарбаздарын Терісайрықтың бойында тосып ап қырып салады.
Бұл күнде Қызылащыда Мәнжүр шатқалы деген жер бар. Мәнжүр қалмақ батырының есімі. Оны осы соңғы соғыста Жәуен мерген өлтірген көрінеді. Мәнжүр шатқалында заманында жолбарыс, аю секілді небір жыртқыш аңдар болған деседі. Өте қалың жынысты, тоғайлы жер.
Дәл осы сайда келген қалмақтарды қоршап, кескілескен ұрыс болады. Жәуен мергеннің атына оқ тиіп құлайды да, өзі бірден шатқалға өрлеп шығады. Артынан қалмақ Мәнжүр батыр екі сарбазымен тұра ұмтылады. Біраз биікке шыққан Жәуен мерген артынан ыңқылдай қуған Мәнжүр қалмақ тамақ сауытын ағытқанда, тура сол жерден көздеп атып құлатыпты.
Етекте соғысып найзасын ұршықша үйіріп оңды-солды жауды жапырып жүргенде, Шақабайға бір қалмақ ұртына найза ұрады. Шақабай ақырып жүріп, ұртына кірген найзаны тістеп үлгереді. Қалмақ найзаны қайта тартқанда тістеген жерінде найзаның ұшы қалып қойыпты. Сол тістеген күйі қалмақтар түгел қырылып біткенше соғысыпты.
«Аққу құсқа оқ тисе, қанатын суға тигізбес,
Айтулы ерге оқ тисе, қиналғанын білдірмес\” – деп, батырлықты жастайынан санасына сіңіріп өскен қайран ер үйге келгенде ғана суырып, ыстық киіз басқан екен. Кейін екі ұрты тесік болып қалыпты. Тамақ ішкенде су шығып кететін болғандықтан ұртына орамал басып, тамақ ішеді екен, жарықтық. Осы соғыстан кейін қайтып қалмақ жоламапты.
Ер Шақабай 80-ге келген. Бозшада Шақабайдың қыстауы бар. Ұрпақтарында атағы шыққан немерелері «Бес серілердің» қыстауы да сол жерде. Шақабайдың қыстауы кейін сиыр ұстаған соң Сиыр бозша аталған. Бес ұлынан тараған, өсіп-өнген ұрпақтары Тарбағатай мен Өскемен өңірінде тұрады.
Шақабай батыр қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресінің толық аяқтаушысы ретінде, төл тарихымыздың асқақ тұлғаларының бірі. Еліміздің Шығыс шекарасын қорғап, тәуелсіздік жолында өлшеусіз, өшпес із қалдырған. Өзі қатарлас, аталас Сайыр, Жәуен батырлармен бірге баћадүр бабаларының жолын жалғап, тарихтың алмағайып зар-заман тұсында да, өліара кезеңінде де ел аманатын абыроймен атқара білген, қазақ сахарасындағы соғыс атаулыны толықтай жеңіспен аяқтаған тарихи тұлға.
Осы тұлғалардың өмірі мен жанқияр ерлік істері бүгінгі ұрпақ үшін қайталанбас тәлім-тәрбие. Халқымыздың бай мұрасы.
Ер Шақабай батырдың тарихымыздан алатын орнын айқындау бүгінгі күннің негізгі мазмұндарының бірі.
«Ердің ерлігін білмеген, Құдайдың барлығын білмейді» – дейді, аталарымыз. Ендігі кезекте осынау батыр бабаларымыздың ерен ерліктерін дәріптеу бүгінгі уақыттың еншісі.
Жанарбек Берістен,
профессор, философия ғ.к,
ҚР Мәдениет қайраткері