Тылсым дүние

«ҚОҢЫР ӘУЛИЕ» ҮҢГІРІНДЕ ЖАЛҒАНҒАН ҮМІТ

«ҚОҢЫР ӘУЛИЕ» ҮҢГІРІНДЕ ЖАЛҒАНҒАН ҮМІТ

Ел арасындағы «Темірше тағы да ішіп кетіпті», – деген сыпсың сөздің тиылғанына да ширек ғасыр өтіпті-ау. Ол кезде бұлар жас үйленген. Оқуларын тәмамдап, жолдамамен шалғайдағы ауданға келген. Обалы не керек, аудан басшылары «Жастарға жағдай жасауымыз керек» деп, совхоздан төрт бөлмелі үй бергізген. Төрт-бес жылда қызметтеріне әбден төселген жастар қатарынан қалмай тірлік кешіп жатты. Сырт көзге уайым-қайғысы жоқ бақытты жандардай көрінетін…
Бірақ, қазекеңнің кей сөзі сүйектен өтпей ме? Даңғарадай үйде екеуден-екеу тіршілік етіп жатқандары арқаларына аяздай бататын. Әуелде, ес жиып алғанша баланы қоя тұралық деген келісімдері уақыт өте келе екеуінің бас ауруына айналады. Арада ай алмасып, жылдар жылыстаған сайын кез келген ортада баласыздық жайында сөз бола қалса, бұл екеуі қарадай қипақтап, қызарақтайтынды шығарды. «Ағайындарыңнан немесе жетімдер үйінен бала асырап алмайсыңдар ма?» дейтін ақылшылар да табылды. Жанашыр жандардың кеңесімен бірқатар дәрігерлерге де қаралған. Нәтиже болмады. Ақ халаттылардан қайран болмағасын, жазғы демалыстарын пайдаланып, елдің әр қиырындағы біраз атышулы бақсы-балгер, емші-домшыларды да адақтап қайтқан. «Алланың бермегенін адамнан сұрап ала алмайсың» деген рас екен.

«ҚОҢЫР ӘУЛИЕ» ҮҢГІРІНДЕ ЖАЛҒАНҒАН ҮМІТ

Ақыры, күдерін үзген Темірше іштегі қыжылын ішкілікпен басуды әдетке айналдыра бастайды. Әуелде әдеппен ішіп жүретін жас мұғалім келе-келе ішпесе тұра алмайтын күйге жетеді. Кесірінен жұмыстан да шығарылды. Есін бір жиғанында «Енді ішсем, Темірше атым өшсін!» деп Жаңылға да, өзіне де уәде беретін. Бірақ көп өтпей, ескі соқпағын қайта шиырлайтын. Сондай сау күндерінің бірінде аудан орталығындағы шағын базарда жолыққан бейтаныс қария жөн сұрасып: – Е, шырағым-ай, асылдың сынығы екенсің ғой. Жарықтық әкеңді білуші ем, – дей келе, Жасыбай көлінің батысындағы тау қойнауында ел «Қоңыр әулие» атап кеткен үңгірдің бар екенін, сол үңгірге түнеп қайтуларына кеңес берген. Үңгір жайында нақтылап сұрап алмақ болып ақсақалды қайта іздеп еді, таппады… Жер жұтып қойғандай, зым-зия…
…Содан күндердің күні ақсақалдың айтқаны ойына оралып, келіншегін ертіп үңгірге барады. Күні бойы іздеп, ақыры көз байланған шақта жығылып-сүрініп көздеген межеге жеткен қос мұңлық үңгірге бойлап кіруге жүрексініп, кіреберіс ауызыға жантая кетеді. Таң атқалы тау-тасты кезіп шаршағандікі болар, қатып қалыпты. Таңға жуық: – Балам, сен енді есіңді жи. Алла көз жастарыңды көрді. Бір жылдан соң дүниеге егіз бала келеді. Ұлдың аты Құндыз, қыздың аты Жұлдыз болсын, – деген таныс дауыстан оқыс оянған Темірше таңғы алагеуімде мәңгіріп біраз отырып қалады. Ары ойланып, бері ойланып, ақыры, таныс дауыс иесін де тапты-ау, әйтеуір. Иә, сол баяғыда базарда кездесіп, кеңес берген ақсақалдың дәл өзі.
Ақсақал әулие екен, айтқаны айдай келді…
Сол оқиғадан кейін Темірше ішімдік атаулыны сап тыйған. Қазір Құндызы Астанада, Жұлдызы Жезқазғанда тұрмыста. Екеуі де балалы-шағалы.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button