Тылсым дүние

Қоңыр ат қайда кетті екен?!

Қоңыр ат қайда кетті екен?!

Кезінде «Қаба», «Марқакөл» совхоздарында директор болған білікті маман, іскер басшы Айтмұхамбет Асқаров – Ахмет Ахмадиев ақсақалдың айнымас досы екен. Ахмет қазір Күршім ауылында тұрады. Жасы тоқсаннан асса да, әлі тың, өзін сергек сезінеді. Ол кісі – білімі терең, өмірден түйгені көп, қазақтың ауызша тарихының білгірі. Білгенін жұртшылықпен бөлісіп, ұрпақ тәрбиесіне пайдаланады. Өз басым ол кісімен тәуелсіздігімізді алғаннан бері тығыз байланыстамын. Ол кісінің «Өмірдің өзі куә» атты кітабына редакторлық көмегімді көрсете жүріп, өзім де көп нәрсені естіп, білдім. Қарауылжасық Сатыпалды батыр туралы дастанды жазғанда ақсақалдан көп жанды деректер алдым. Бүгінгі айтпағым да сол кісіден естіген әңгіме желісіне құрылды.
Ахметтің досы Айтмұхамбеттің «Қаба» совхозында директор боп жүргенде құнанынан баптатып, дөненінде мінген есік пен төрдей қоңыр аты болыпты. Атқұмар азамат Марқакөл совхозына директорлыққа тағайындалып, қоныс аударғанда, сәйгүлігін ала келеді.
Әу баста Айтмұхамбет жанына ешкімді ертпей, салт атпен шаруашылықты аралайды. Егістікте, шабындықта болады. Шаруаның барысын байқап, жұмысшылардың қал-жағдайымен танысады. Дала қосында олармен әңгіме өткізіп, бірге тамақтанады. Осындай сәттерде қоңыр аттың тізгінін түріп қоя береді екен. Шаруасы бітіп, қайтуға ыңғайланғанда, жануар аңдып тұрғандай, иесінің қасына жетіп келген. Бірде осы тәсілмен малшыларды аралап, үйге түнделетіп қайтады. Қырсық шалғанда жолшыбай бүйірі қатты ауырып, аттан аунап түседі. Әйтеуір, сәтін салып, біраздан соң сергіп кетеді. Осы кезде қоңыр ат иесінің қасында болады. Айтмұхамбет әртүрлі жұмыс сапарынан кейін атын суытып, өріске бос жібереді екен. Ал таңертең аты ешқандай іздеу салғызбай, үйдің қасында тұрған.
Айтмұхамбетті шаруашылығы шайқалған совхозға аупартком арнайы жіберген ғой. Іскер азамат уақытпен санаспай еңбек етіп, жылға жеткізбей совхозды озат шаруашылықтар қатарына қосады. Ісі одан әрі оңға басып, социалистік жарыстың қорытындысы бойынша ауыспалы туды жеңіп алады. Өкініштісі сол, бұл жетістік мансапқор, секемшіл лауазымды басшының біріне ұнамайды. Сол шіркін тырнақ асты кір іздеп, Айтмұхамбетті қудалай бастайды. Амал қанша, ары таза, намыскер азамат әділетсіздікке төзбей, жүрек ауруына шалдығып, асқындырып алады. Мұның соңы қайғылы қазаға ұшырайды.
Ел-жұрты аза тұтып, абзал азаматын соңғы сапарға шығарып салады. Осы тұста қоңыр ат та құйындата шауып қабір басына келеді. Осқырынып, жер текпілеп иесін жерлегенше тұрады да, одан әрі қорымды айнала шауып, құйындатқан бойы иесімен сан мәрте аралаған кең өлкенің көк жиегіне сүңгіп кетеді.
Жуықта Ахмет ақсақалдан сол аттың одан арғы тағдыры қалай болғанын сұрап едім, мардымды жауап ала алмадым. Бәлкім, Марқа тұрғындары білетін шығар…

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button