Ауыл шаруашылығы

Қой саны кеміп кетті

«Мал өсірсең қой өсір,табысы оның көл-көсір» дейтін заман артта қалғаны ма? Әлде Шопан ата түлігінен, оның беретін өнімінен әлі де үміт күтуге бола ма? Аягөз ауданында өткен семинар- кеңестің негізгі түйіні де осыған келіп саятыны байқалды.

Жиынға Жарма, Тарбағатай, Зайсан, Күршім,Үржар, Көкпекті, Аягөз секілді бірнеше аудандардан  етті-майлы бағыттағы қой өсірушілердің, жүнді- етті бағыттағы және қазақтың «Байыс»  тұқымды республикалық палаталарының, облыстық ауылшаруашылық басқармасының, асылдандыру инспекциясының, ветеринария басқармасының өкілдері, Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми- зерттеу институты мен Павлодар, Семей қалаларындағы оқу орындарынан ғалымдар қатысты.

Семинар-кеңес барысында бүгінгі қой шаруашылығының кенжелеп, қой санының азайып кетуі мәселесінің жай-жапсары кеңінен талқыланды.

– Мұның бірнеше себебі бар, – дейді ет-жүн өнімділігі бағытындағы  қой өсірушілер палатасының кеңсе төрағасы Ескендір Құсайынұлы, – біріншіден, бұл жерде осы саланың күрделілігі жайлы айта кету керек. Қой қоңды болып, одан жақсы өнім алуы үшін шопан мал соңынан таңның атысынан, күннің батысына дейін жүруі тиіс. Соған орай оның еңбекақысы да жоғары болуы қажет. Сондықтан  біз Үкіметке бірнеше ұсыныстармен шығып отырмыз. Өмірін қой шаруашылығына арнаған жандар зейнетке 58 жастан шығуы керек. Олардың балалары елді мекендердегі интернаттарда тегін білім алуы тиіс. Сол сияқты, олардың еңбекақыларының 50 пайызын мемлекет көтеруі керек. Шопан балаларының жоғары оқу орындарына түсуі үшін жеңілдіктер болуы  тиіс. Елімізде жүн өңдейтін кәсіпорындар жоққа тән. Шетелдік инвесторлар өз нарығын шикізатпен  толтырып алғаннан соң оны өңдеу үшін екі-үш жыл уақыт өтеді. Бұл кезде қой жүні өтпей қалады.

Бұдан бөлек,  жиынға қатысушылар «Байыс» тұқымды қойды сақтау,  аудандарда қой малын асылдандырумен айналысатын орталықтар ашу және қойды қолдан ұрықтандыруға берілетін жеңілдіктер мен субсидиялар төңірегінде ой қозғады. Бүгінге дейін асыл тұқымды қой ұрықтандыратын орталық Үржар ауданында ашылып, екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Енді Аягөз, Тарбағатай аудандарында осындай орталықтар ашылмақ.

Қоса кетсек, соңғы кездері қой малы санының күрт кеміп келе жатқаны белгілі. Мәселен, 2015 жылы облыс көлемінде қой саны 2 млн. бас болса, биылғы мәлімет бойынша оның саны 1,7 миллионға дейін кеміген.

Берікхан Тайжігіт

 Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button