Ауыл шаруашылығы

Қой өсірудің шебері

Еңбек адамы деген сөзді естісем, менің есіме Құсайын Аралбаев түседі. Өзінің адал еңбегімен күнін көріп, бала-шағасын өсіріп жеткізген бұл кісі бүкіл өмірін Қарақол асыл тұқымды қой совхозында өткізіп келеді.

Жасы 74-ке аяқ басқан ардагер аға бүгінгі күні 48 жыл отасқан жан жары Гүлгүнә апай екеуі бес бала өсіріп, олардан бірнеше немере-шөбере сүйіп отыр. Иә, бір кезде Бекембай Әбжанов атындағы  «Қарақол» асыл тұқымды қой шаруашылығы шынында да меринос жүнді қой өсіруден Одаққа танымал болған еді. Сол совхоздың шын мәнісінде, «отымен кіріп, күлімен шықты» дейтіндей еңбегі сіңген ағайынды Жексен мен Құсайын Аралбаевтар болды. Рас, өзінен үлкен ағасы Жексен Аралбаев бұл күндері бақилық болған. Алайда оның жолын тәрбиелі, еңбекқор перзенттері жалғастырып келеді. Құсайын аға да еңбек жолын 1962 жылы осы ақтылы қой өргізуден бастаған. 2010 жылы зейнеткерлікке шыққанша ақ таяғын тастаған жоқ.

sdr

Байжұма ақсақал мен Айша ана екі ұлды қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқыттырмай, адал еңбекке баулып өсірді. Әскер қатарына алынбас бұрын Құсекең қой өсірудің шеберлері, әкелі-балалы Социалистік Еңбек Ерлері атақты Ішпекбай, Совет Жақсыбековтерде шопанның көмекшісі болды. Өзі де бүгінгі күні  қой өсіруде елеулі көрсеткіштерге қол жеткізген Құсайын аға Аралбаев сол бір кезең жайлы ыстық ықыласпен еске алады:

-Жарықтық Ішпекбай Жақсыбеков атамыз өте кеңпейілді, артық сөзі, қақ-соқпен жұмысы жоқ таза еңбек адамы еді. Ол кісіні «Батыр ата», ұлы Советті «Батыр аға» дейтінбіз. Сол кісілерден көп өмірлік тәжірибе жинақтадым. Әскерге әлі бармаған бозбала шағымыз ғой. Ішпекбай ақсақал бірінші туған тұсақтың әр жүзінің соңынан 132-ден  қозы өргізді. Жанында жүріп, көп нәрсе үйрендім,-дейді «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, байырғы шопан Құсайын Аралбаев. – Сол тұстағы  Ерғазы Тәңірбергенов, Тұрсын Махметов, Дәмен Нұрмағамбетов, Съез Слямов, Кемелбек Дүйсекенов, Әбілқас Өзбеков, Төлеген Райымханов шаруашылық директорлары болып тұрған кезеңде еңбек еттік қой. 1967 жылы әскер қатарына аттанарда 47 қозы, 7 мыңдай рубль алдым.1969 жылы аман-есен оралғасын, келесі жылы ағам Жексен өз алдына жеке отар алып шықты. Ағама төрт жылдай көмекші болдым да, мен де 1974 жылы өз алдыма 600 саулық қой алып, жеке шопан болып бөлек шықтым. Жаман болғамыз жоқ. Қой бағу мен үшін таңсық емес. Әр саулықтан 115-ке дейін төл өргіздім. Әр қойдан 5, 5 жарым келі жүн қырықтық. Осының бәрі қазір аңыз сияқты. Содан, 1998 жылы шаруашылық тарап, қоластымыздағы малды айлығымызға деп таратты. Техника алғаны техника, қой алғандары қой алды. Содан сол кездегі «Қарақол» шаруашылығының басшысы Төлеген Райымханов қайта шақырып алды. Сол кісінің өтінішімен тағы бірнеше жыл жылқы бақтым. Е-е-е, бауырым-ай, ақ қойдың қызығы мен шыжығын бір кісідей көрдік қой. Жарым-жалғыз адам ешуақытта жоғары жетістіктерге қол жеткізе алмайды.  Оның жанындағы көмекшісі де мықты болуы керек. Соның бәрінде мына отырған апайларың Гүлгүнә жанымда болды. Рас, көптеген қиындықтар болды. Сонау бір жылдары мына көршілес Сағат кентіндегі  Сасықкөлден балық алып келіп, жол бойында соны сатқан да күндер де болды. Жалпы, отбасыңды асырау жолында еңбектен тартынбау керек. Арланбаған дұрыс. Ал енді жалпы,  мен өміріме риза адаммын. Адал еңбек еттік. Соның қарымына ақымызды алып тұрдық. Кісі ақысын жемедік. Ең бастысы, бала-шағаларымызды маңдай терімізбен, адал еңбекпен өсірдік. Балалар да солай тәрбиеленді.

Иә, Құсайын ағаның өмірлік жары бес баламен 2004 жылы зейнетке шыққан. Перзенттерін өсіріп, жеткізді. Қыздары тұрмыста. Ұлы Алтай қаласында ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Ағамыздың өзі ұзақ та қажырлы  еңбегінің арқасында көптеген марапаттарға ие болған. Үкімет еңбегін жоғары бағалап, «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеудесіне таққан. Бүгінгі күні екі ұл, үш қыздан 12 немере, үш шөбере көріп отырған бұл кісілер өздерінің адал  еңбектерінің арқасында Қарақол ауылында бақуатты ғұмыр кешуде.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button