Инфрақұрылым

Отызға жуық әлеуметтік-мәдени нысан салынып жатыр

Кейінгі жылдары өңірімізде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның нақты дәлелі ретінде биыл бой көтеретін отызға жуық әлеуметтік-мәдени нысанның құрылысын атап өтуге болады.

Жуықта аймақ басшысы Даниал Ахметов әлеуметтік-мәдени нысандар мен әлеуметтік тұрғын үйлер салу мәселесін қаузаған жиын өткізді. Облыс әкімінің айтуынша, биыл аймақта құрылыс қарқыны ең жоғары көрсеткішке жетті. Кейінгі бес жыл көлемінде алғаш рет бір жылда миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Жеке құрылыс компанияларымен ынтымақтаса отырып «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы жемісті іске асырылып жатыр. Ендігі мақсат осы қарқынды төмендетіп алмай ары қарай жалғастыру.

Сонымен бірге облыс әкімдігі «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ипотека ресімдеуге ниет білдірген көпбалалы отбасыларына тұрғын үй сертификатын беру жүйесін қолға алды. Соның арқасында аталған санатқа жататын мұқтаж отбасылар баспанамен қамтылып, әлеуметтік қолдауға ие болады.

Өңірімізде әлеуметтік-мәдени нысандар де көптеп салынып жатыр. Ресми ақпаратқа сүйенсек, аурухана, мектеп, балабақша, спорт модулі, клуб қатарлы жиыны 27 әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысан құрылысы бір уақытта жүргізіліп жатыр. Бұл ретте облыс орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендерге басымдық берілген. Бородулиха ауданында, сондай-ақ Күршім ауданының Марқакөл, Ұлан ауданының Таврия, Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын, Көкпекті ауданының Самар ауылдарында және басқа да ауылдар мен кенттерде биылдың өзінде жаңадан бассейн, денешынықтыру-сауықтыру кешені сияқты нысандар пайдалануға берілді.

Ал спорт модульдері шалғайдағы барлық елді мекенде салынады. Үржар ауданының Қабанбай ауылында биыл спорт модулінің ғана емес, сондай-ақ полиция бөлімі мен фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталады.

Ең ауқымды жобалардың бірі – Семейдегі балаларға арналған оңалту орталығы. Бұдан бөлек Семейдің Степной және Восточный кенттерінде жаңа мектептердің құрылыс жұмыстары қолға алынған.

– Барлық нысанның құрылысы кестеден кешікпей жүріп жатыр. Дегенмен соңғы уақытта мердігер компаниялар құрылыс материалдары қымбаттап кетті деген мәселені жиі көтеріп жүр. Осыған байланысты облыстың құрылыс және экономика басқармаларына әрбір жағдайды мұқият қарауды, қажет болса жобаларға түзету енгізуді тапсырамын. Құрылыс жұмыстарының сапасы осыған байланысты екенін ұмытпау керек, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

SHYGYS press

Осы айдарда

Back to top button