Отыз жыл соғысқан Онода
Жапон сарбазы Хиро Онода екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін отыз жыл бойы қолынан қаруын тастамаған. Оның себебі неде?
Лубанг аралындағы төртеу
Хиро Онода 1922 жылы Жапонияның Камэкава деген шағын ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, 1939 жылдың көктемінде Қытайдың Ханькоу қаласында орналасқан сауда компаниясына жұмысқа орналасады. Ол кезде Қытай – Жапонияның қарамағындағы ел болатын. Жұмыс істеп жүріп жапондарға тән қағілездікпен қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгеріп алады. 1942 жылы оған әскери борышын өтеу үшін Жапонияға оралуға тура келеді. Әскерден кейін барлаушы офицерлерді даярлайтын училищеге түседі. Бірақ Хиро оқуын аяқтай алмайды, бүкіл курсанттарды бір-ақ күнде майданға аттандырады. Екінші дүниежүзілік соғысқа араласқан Жапония жаудан жеңіліп жатқан еді…
1945 жылдың қаңтарында кіші лейтенант шеніндегі Оноданы Филиппин еліндегі (ол кезде Жапонияға қарасты аумақ) Лубанг аралына жібереді. Командирі оған қасық қаны қалғанша аралды жауға бермей ұстап тұру жөнінде бұйрық береді. Аралға келісімен ол сарбаздарды тас түйін бекініске көшуге үндейді. Бірақ соғыстан әбден мезі болған жапон сарбаздары оның айтқандарына құлақ аспайды. Кемелермен келген АҚШ әскері әп-сәтте қорғанысты бұзып, аралды басып алады. Онода бастаған барлаушы жасаққа арал ортасындағы орманға қашуға тура келеді. Орманға жасырынған сарбаздар шағын база салып, партизандық соғысқа көшеді. Жасақ деп тұрғанымыз төрт адам, яғни Оноданың өзі, Юити Акацу, Кинсити Кодзуки және Сёити Симада.
Сол жылдың қыркүйегінде Жапонияның соғыста жеңілгенін мойындап, капитуляция туралы актіге қол қойғаны тарихтан белгілі. Осыдан кейін америкалықтар орманның үстінен ұшақтармен үндеу қағаздарын лақтырады, ол парақшаларда «Жапон сарбаздары, үкіметтерің жеңілісті мойындап, капитуляциялық актіге қол қойды, қаруларыңды тапсырып, өз еріктеріңмен беріліңдер» деп жазылған-ды. Бұл қағазды Онода да оқиды. Бірақ, оны АҚШ әскерилерінің арандатушылық қитұрқы әрекеті деп санайды. Себебі аталған төртеудің қолбасшылықпен байланысы жоқ еді. Ал Жапония билігі болса ол сарбаздарды хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізіп те жіберген болатын.
Соғыстан кейінгі «соғыс»
Бес жылдан соң, Юити Акацу Филиппин полициясына беріледі. Бір жыл тергеуден соң, ол Отанына оралады. Жапон жұртшылығы Онода жасағы мүшелерінің тірі екенін осылайша біледі. 1954 жылдың 7 мамырында Лубанг аралында Онода тобы мен жергілікті полиция арасында қарулы қақтығыс болады. Сол ұрыста Сёити Симада қаза табады. Онода мен Кодзуки із суытып үлгереді. Бұдан кейін Жапониядан келген арнайы әскер мен Филиппин елінің полициясы шағын ғана аралдағы солдаттарды бірнеше жыл қатарынан іздеп, таба алмайды. Күдер үзген Жапония үкіметі 1969 жылы қос сарбазды өлді деп санап, оларды алтыншы дәрежелі «Күн» орденімен марапаттайды.
Алайда 1972 жылы күзде Филиппин полицейлері шаруалардан күріш ұрлаған адамды өкшелей қуып, ақыры атып өлтіреді. Сөйтсе ол жапон сарбазы Кинсити Кодзука болып шығады. Онода жалғыз қалады. Бірақ ол берілуге асыққан жоқ. Жалпы, 1945 жылдан бері Онода жасағының отызға жуық әскери және қарапайым тұрғынды өлтіріп, 100-ін жарақаттаған.
Антқа адалдық
1974 жылы жапонның Норио Судзуки деген студенті саяхаттап Филиппинге барады. Орман ішінде келе жатып ол кездейсоқ Онодамен ұшырасып қалады. Содан екі жапондық ұзақ әңгімелеседі. Жас жігіт соғыстың баяғыда бітіп, бейбіт өмір орнағанын, Жапонияның әлемдегі ең дамыған елдердің бірі екенін суреттеп айтып береді. Студент жерлесін үйіне қайтуға көндірмек болады, бірақ Онода: «Жоқ, мен өзімнің қолбасшылығымнан ондай бұйрық алған жоқпын! Бұл аралдан ешқайда кете алмаймын» деп келте қайырыпты.
Судзуки Жапонияға Онодамен бірге түскен фотосуретпен оралады. Жергілікті журналистер жігіттің айтқандарын жарыса жазып, хабар үкіметке де жетеді. Жапония билігі Оноданың бұрынғы командирі, майор Есими Танигутиді тауып алады. Ол кезде қарт командир кітап дүкенін ашып, кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген кезі екен. 1974 жылдың 9 наурызында императорлық әскери форма киген Танигути Лубанг аралына ұшып келеді. Ол бұрынғы сарбазымен байланысқа шығып, аралдағы әскери операцияны тоқтату туралы бұйрық береді. Келесі күні Онода жергілікті әскерилерге өз еркімен беріледі. Оноданы ату жазасы күтіп тұрған болатын. Өйткені оның әрекеттері жергілікті заң бойынша «тонаушылық пен кісі өлтіру» қылмысы болып саналды. Алайда Жапония Сыртқы істер министрлігінің араласуымен ол рақымшылыққа ілініп, екі күннен кейін, 12 наурызда Отанына оралады.
Антына адал жапон сарбазының отыз жылдық соғысы осылайша аяқталды. Тропикалық орманда тұруға әбден үйреніп қалған Онода бір айдан соң, Бразилияға қоныс аударып, сонда шаңырақ құрады, мал өсірумен айналысады. Бірақ 1984 жылы қайтадан Жапонияға көшіп барады. Отанында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастар тәрбиесіне мән береді. 2005 жылы Жапония үкіметі оған «Қоғам алдындағы еңбегі үшін» медалін тарту етеді. Егде тартқан шағында ол «Лубанг аралындағы отыз жылдық соғысым» атты естелік кітап жазады.
Хиро Онода 2014 жылы 92 жасында Токиода көз жұмған.
Р.S. Отанына оралған Онодаға Жапонияның үкіметі 1 миллион иена сыйақы ұсынады. Алайда офицер бұл қаржыны толығымен қаза тапқан жауынгерлер отбасына көмек көрсететін қайырымдылық қорына аударады. Сонымен қатар: ол императордың арнайы шақыртуынан ілтипатпен бас тартады. «Мен қарапайым ғана қатардағы жапон сарбазымын, ешқандай ерлік көрсеткен жоқпын, сондықтан ұлы мәртебелі императордың сарайына барып, онымен жүздесуге лайықты емеспін» деген екен.
Әзірлеген – Ержан Әбіш