Отыз сегіз жылын адам емдеуге арнапты

Бір кездегі қызметі барша жұртқа ұнаған балалар дәрігері Қайырхан Смағұловтың рентгенолог мамандығын игеріп, осы бөлімшеде тер төгіп келе жатқанына да артық-кемі жоқ 22 жыл болған екен. Ал рентген қызметінің адам өміріндегі маңызын әңгімелеп жатудың қажеті бола қоймас. Дәрігерлердің барлық тұрғындарды флюорографиялық тексеруден жыл сайын өтіп тұруға міндеттеп жататыны әсте бекер емес. Демек, Қайырхан Сабырұлының мойнына артылған жауапкершілік жүгінің қаншалықты салмақты екендігін ешкім айтпай-ақ пайымдауға болады.
Ауыл жұрты құрмет тұтты
Сонау 1972 жылдың көктемінде Қаратоғай орта мектебін тәмамдаған бойда арман қуып астанаға аттанған талапты бозбала діттеген мақсатына қол жеткізіп, Алматы мемлекеттік медицина институтына түскен болатын. Сабақты беріле оқып, машықтану пәндерінде әркез жақсы қырынан танылып жүретін жас жігіттің түбінде білікті дәрігер болатынына ұстаздары қалтқысыз сенім білдірген еді. Бұл сенімді Қайырхан еселі еңбегімен толықтай ақтады деп айтуға әбден болады.
– 1980 жылдың 1 тамызы күні, – деп еске алады Қайырхан Сабырұлы. – Маралиха учаскелік ауруханасында балалар дәрігері болып еңбек жолымды бастадым. Бұған дейін Самар аудандық ауруханасында интернатурадан өткен болатынмын. Ал Маралиханың (қазіргі Маралды) өте қиын өңір екендігін жұрт жақсы біледі. Жолы қиын, таулы жердің табиғаты да қытымыр, аязы ақырып тұратын аймақтың қары да аса қалың жауады. Соған орай жол болмай, тығырыққа тіреліп қалатын кездеріміз жиі кездесетін. Әлдекім ауырып-сырқап қалған жағдайда мұндай қиыншылықтың неге әкеліп соғатыны айтпаса да түсінікті.
Келген бойда іске білек сыбана кірісіп, ынтамен еңбектене бастаған жас маманға совхоздың сол кездегі енжар басшылығы көңіл бөлген жоқ. Үйленіп, шаңырақ көтерген тұста да оны бар билік қолында тұрған ағалары қолдап, көмек көрсете қоймады. Ал біреудің жалғыз бөлмелі суық асүйін жалдап тұрған кездегі көрген қиындықтарын Қайырхан ағамыз ерін ұшымен ғана аңғартып өтті.
– Ол кезде жолдамамен келген мамандар сол мекемеде үш жыл жұмыс істеуге тиіс болатын, – дейді Қайырхан. – Осы үш жылды өтеп тастаған соң, ауданға немесе қалалы жерге көшіп кетерміз деген ойда болған едік. Біртіндеп дос-жаран, туған-туыс пайда болды, маралихалықтармен етене араласып, мүлдем сіңісіп кеттік. Сөйтіп жүргенде, бұл ауылда өміріміздің ең қызықты шақтарының 14 жылы өте шығыпты ғой.
– Қайырхан келген бойда өзінің еңбексүйгіш, тынымсыз да ынталы азамат екендігін аңғартты, – дейді бүгінде Күршімде тұратын зейнет жасындағы кәсіпкер ағамыз Тұрысбаев Қайрат. – Мен ол кезде совхоз комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет істеп жүргенмін. Мінезі жұғымды, жұмысы жүрімді жігітті ауыл жұрты да кеудеден итерген жоқ, тегіс сыйлап, құрмет көрсете бастады. Кез келген үйде кішкентай бала бар, осы нәресте сәл сырқаттанып, мазаны ала бастаса, ата-анасы дереу Қайырханды шақыртатын. Ол уақытпен санасу, бәлдену дегенді білмейді, түннің бір уағы немесе түтеген боран болса да, дереу жетіп, бар ынтасымен ем-дом жасай бастайды. Дәрігердің ең басты қасиеті – шынайы ықыласы, мейірімі мен адал пейілі ғой. Ал бұл жағынан жас дәрігер олқылық көрсеткен жоқ, сол себепті де оны бүкіл ауыл жұрты құрмет тұтатын еді.
Маралихада омартаның көп болғаны белгілі, әлі де аз емес деген ойдамыз. Кейбіреуінің телімі қиян шет, шалғайда орналасқан осы омарталарда ол тұста бала саны баршылық болатын. Сол кішкентайлардың бірі ауырып қалған жағдайда, шынымен күрделі жағдай туындайтын еді. Біздің өңір өзен мен бұлаққа бай ғой, көктем-күзде, жаңбырлы кезеңдерде осы суларымыздың өткел бермес тасқынға айналатыны да шындық. Албаты көлік жүре алмайтын кездерде, дәрігердің салт атпен жанын шүберекке түйіп, тасыған өзеннен өтіп бара жатқанына өзімнің де сан мәрте куә болғаным бар.
Дәрігердің айтуынша, сол кезде 465 шаңырағы бар Маралихада бір жасқа дейінгі 95 сәби бар екен. Ал 35 шақырым жердегі Пугачево (қазіргі Үшбұлақ) ауылында осындай 45 нәресте болған. Арнайы көліктің жоқ кезінде үздіксіз аралап, сәбилерге уақтылы егу жасап, ауырған-сырқағанына жедел жәрдем көрсетудің жалғыз дәрігер үшін қаншалықты ауыртпалық болғанын айтпай-ақ ұғынуға болады. Бірақ Қайырхан Сабырұлы осалдық көрсеткен жоқ, ниет болса барлығына да үлгеруге болатынын ісімен дәлелдей білді. Сонысымен жұртқа жақты, ата-аналардың риясыз алғысына бөленді.
– 1989 жыл аяқталып, Жаңа жылды қарсы алуға жарты-ақ сағат қалған уақыт еді, – деп сол шақтардан естеліктер тірілтеді дәрігер. – Бір баланың ыстығы көтеріліп, соған ем-дом жасап болып, үйді бетке алғанмын. Кенет қатты айқайлаған біреудің дауысын естідім. Тоқтай қалғанда, мені қуып жеткен адам бір кісінің қатты жараланып қалғанын баяндады. Барсам, әлгі азаматқа жеті жерден пышақ салынған екен. Мейрам жайына қалды. Дереу көлік ұйымдастырып, жол-жөнекей мезгіл-мезгіл система қоя отырып, таңертеңгі сағат жетіде жаралыны Күршімге жеткіздім. Сәті түскенде, әлгі азамат ажалдан аман қалды.
Тағы бірде біздің учаскеге екі баланы алып келді. Екеуінде ес-түс жоқ, бірақ бойларынан ешқандай жарақаттың ізі байқалмайды. Не болғанын түсіне алмай, ақыры ойнап жүрген жерлеріне баруға бел байладым. Барсам, ойыншықтардың арасында «клофелин» атты дәрінің шынысы жатыр екен. Сонда барып ұғындым, дәмі тәтті дәріні балар қызығып ішіп қойған екен. Ал оның адамның қан қысымын көп төмендетіп жіберетіні бар. Осыдан соң дұрыс қолданылған ем-шараның арқасында естерін жиған кішкентайлар үш-төрт сағаттан соң қайтадан ойнап кетті.
Әріптестерінің еңбегін әсте ұмытпайды
Қайырхан сол кезеңдерде өзімен бірге жұмыс істеп, барша қиындықтарды тең бөліскен Читалова Лида, Дабырбаева Гүлзада, Исина Әсия сияқты тәжірибелі медбикелерді ілтипатпен еске алып, ризалық сезімін білдіреді. Аяз бен боранға қарамастан, ат-шанамен жол шеккен шақтар, көлігі үнемі бабында, шанасы жегулі даяр тұратын атшы марқұм Қапасов Әшім ағалары да күні кешегідей есінде. Ол сондай-ақ аға дәрігер болған марқұм Рамазанов Тұрсынхан ағасының, кейінірек келіп, басшылық жасаған Анапиева Күлзикен қарындасының есімін де құрметпен атайды.
– Сол Маралихада жақын араласып, сыйласқан Итжанов Мейіржан, Тұрсеке, Болат Уәлиевтер, Ахметов Сәтбек, Рамазанов Серікхан, Әпселемов Мұрат сияқты азаматтардың қиын сәтте қолтықтан демеп, қуанышты кезде шын пейілмен ортақтасқан пейілдерін қалай ұмытармын? – дейді Қайырхан. – Үш балам сол ауылда дүние есігін ашты. Қысқасы, мен ондағы дарқан қауымға жан-тәніммен, бар пейіліммен разымын.
Қайырхан құдай қосқан қосағы Нұрсағат Досқалиқызына деген алғысы мен ризалығын айтып жеткізе алмайды.
– Мен осы балаларымының қалай өсіп-жеткенін дұрыстап біле де бермейді екенмін, – деп күледі ол. – Бұлардың барша ауыртпалығы мен еркеліктерін көтерген де, бәрімізді тамақтандырып, әлпештеген де – сол асыл жарым. Сонау тапқан еңбекақың қолға тие бермейтін қиын кезеңде базарға шығып, азын-аулақ саудасымен бірді-бірге жалғаған да – сол. Бүгінде үш баламыз ошақтың үш тұғырындай тірегіміз, сүйенішіміз болып отыр. Динарамыз ШҚМУ бітірген, ол қазіргі кезде Өскемендегі №43 мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Нұргүл де ШҚМУ-ды тәмамдады, қазір Күршім гимназиясында психолог. Ал ұлымыз Нұрлан – әскери қызметкер, үш баланың әкесі. Екеуіміз – бес немере сүйіп отырған бақытты ата-әжеміз, немерелердің күтімі мен қам-қарекеті де негізінен сол әжелерінің мойнында.
Қайырхан Маралдыдан қайтпас та еді, өкінішке қарай, ондағы аурухана жабылып қалып, білікті дәрігер Күршімдегі аудандық орталық ауруханаға шақырылды. Бірер жыл жедел жәрдем бөлімшесінде еңбектенген ол 1996 жылы арнайы дәреже алған соң, рентген бөлімшесіне орналасып, осында жемісті еңбегін жалғастыра бастаған болатын. Содан бері сынаптай сырғып, жиырма екі жыл өте шығыпты.
– Қайырхан ағайды өз басым қатты құрметтеп, ұстаз тұтамын, – дейді осы бөлімшенің лаборанты Балағожина Риза. – Ол кісі ұсақ-түйек деместен кез келген шаруаға асқан жауапкершілікпен қарайды. Өзгелерден де осыны талап етеді. Өте мәдениетті әрі кішіпейіл азамат үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруден ешуақытта айныған емес.
Міне, білікті дәрігер Қайырхан Смағұлов жайындағы онымен араласып, жақын жүрген адамдардың пікірлері осындай мазмұнда. Алдымыздағы ақпан айында зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шығуға әзірленіп жүрген ағамыздан келешек жоспарлары жайлы сыр тартқан едік.
– Ойлап отырсам, отыз сегіз жыл өмірімді адам емдеуге жұмсап, шамам жеткенше адал еңбек еткен екенмін, – дейді Қайырхан Сабырұлы. – Бір адам үшін осының өзі аз емес. Енді Тәңір тірлік берсе, алдағы өмірімді кішкентай немерелерімді бағып-қағуға арнасам деген ойдамын. Нұрсағат екеуіміздің соларды жанымызға алып, алаңсыз ел аралап, арқаны кеңге салатын шағымыз да жеткен сияқты. Ендеше, демалысқа шыққан күннен бастап мазасыз шаруадан қол үзгенім дұрыс болар.
Өмір бойы өзгелердің қамын ойлай жүріп, өзінің жанын күтуге, кең тыныстап, еркін көсілуге мұршасы болмаған ағамыздың бұл сөзін біз де қостап, келешек жоспарларының түгелдей жүзеге асуына шынайы тілектестігімізді білдірдік.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.