Отыз мыңнан астам тұрғын қатысты
Айта кетейік, «World cleanup day» – бұл жыл сайын өтетін әлемдегі ең ірі акциялардың бірі. Биыл оған дүниежүзі бойынша 180 мемлекеттің тұрғындары қатысты.
Аталған экологиялық акцияға шығысқазақстандықтар биыл алғаш рет қатысты. Қоршаған ортаны таза ұстауды мақсат еткен игі шара өткен сенбі күні облыс орталығында Протазанов көшесінде, Үлбі өзенінің жағалауынан бастау алды. Акция аясында 30 мыңнан аса шығысқазақстандық айналаны қоқыстан тазалап, экологияны жақсартуға айтарлықтай үлес қосты.
Облыстық экология департаментінің басшысы Данияр Әлиевтің айтуынша, аталмыш акция тұрғындардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
— Тәртіпке бағыну бала кезден бастау алады. Ата-анамыз әрдайым бізге ауланы таза ұстауды үйретті. Біз қоғамдық орындарды ластамай, ішкі мәдениетіміздің жоғары екенін көрсете білуіміз керек. Қазір әлемде технология мен өндіріс саласының қарқынды дамуына байланысты қоқыс көбейіп кетті. Өкінішке қарай, адамдар қоқыстың шектен тыс мөлшері зиян екенін түсіне бермейді. Біз кейінгі буын өкілдеріне тазалық пен тәртіпті сақтау маңызды екенін ұғындыруымыз керек, – деді Данияр Әлиев.
Экологиялық акцияға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мектеп оқушылары, студенттер мен қоршаған ортаның жағдайына бейжай қарамайтын тұрғындар қатысты. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық санитарлық талаптар қатаң сақталғанын атаған орынды. Әр аумақты тазалауға кем дегенде он адамнан атсалысып, олар 1,5 метрлік қашықтықты сақтай отырып, бетперде киіп, қолғаппен жұмыс істеді.
«EcoJer» экологиялық бастамалар қауымдастығының аймақ бойынша жетекшісі Елена Березинская-Абилованың айтуынша, бұл акцияның ұйымдастырылатыны туралы ең алдымен әлеуметтік желілерде ақпарат таратылған. Кейін акцияға қатысуға ниет білдірген жандардың қатары көбейген екен.
– Акция экология департаменті мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өтті. Оған тұрғындар өз еріктерімен қатысып, қоршаған ортаны қорғауға үлестерін қосты. Мені жыл сайын экологиялық проблемаларды шешуге көп көңіл бөлініп келе жатқаны қуантады, – деді акция барысында Елена Березинская-Абилова.
Экологтардың алдын ала есептеулері бойынша, сенбілікке қатысушылар қоқысты облыстың қала-аудандарын қоса алғанда, қырықтан астам орында жинаған.
Тек Өскемен мен Семейде ғана осындай орындардың саны жиырмадан асып, онда 300-ге жуық адам тазалау жұмыстарын жүргізген және 700-дей қап қоқыс жиналған. Жиналған қоқыс үйінділері сол күні дереу мамандандырылған ұйымдар ұсынған арнайы көліктерге тиеліп, қоқыс алаңына шығарылды.
Өңірдің эколог мамандары жыл сайын сенбіліктерге қатысатын адамдар саны артып келе жатқанын, әсіресе, жастардың белсенділігі жоғары екенін атай келе, Дүниежүзілік тазалық күні акциясына қатысқандардың барлығына алғыс білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай шаралар тұрақты ұйымдастырылатынын мәлім етті.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ