Отыншы Әлжановты лайықты бағалай алдық па?
Отыншы Әлжановтың есімін, оның Мақаншыда ерлікпен қаза тапқанын Тарбағатайдың күнгейіндегі жұрт әлі санасынан шығарған жоқ. Елді аласапыранға түсірген сонау ақ пен қызылдың қым-қиғаш соғысы жайында бүгінгі ұрпақ тек тарих беттерінен ғана оқи алады. Қызылдармен болған ұрыста орыс шіркеуіне барып жасырынып, қарсылық танытқан есіл ерді «Таудың қызыл қырандары» тірідей өртеп жібереді.
Енді Отыншы Әлжанов кім еді? Отыншы Әлжанов 1873 жылы 12 тамызда сол өңірге әйгілі бай Әлжан Сақауовтың отбасында бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысының №6 ауылында дүниеге келіп, 1918 жылы большевиктердің қолынан мерт болады. Оның сүйіп қосылған жары әйгілі Қошмұхаммед Кемеңгеровтің (Қошке) туған әпкесі Нұржәмила болатын. Омбы округіне атағы жайылған Дүйсебай қажының қызы. Ал әкесі Әлжанның жаңалыққа жаны құмар, ел ішінде көзі ашық азамат болғандықтан, жалғыз ұлы Отыншыны тоғыз жасында Зайсандағы ұл балаларға арналған бастауыш орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Алғыр шәкірт осы оқу орнын 1887 жылы үздік бітірген соң, заманның қыр-сырын бағып отырған сұңғыла әке оны бұдан кейін Омбыдағы қалалық училищеге оқуға түсіреді. Осы жерден орта білім алып шыққан дарынды жас жігіт 1890 жылы осы қаладағы мұғалімдер семинариясына құжаттарын тапсырып, аталмыш оқу орнын 1894 жылы ойдағыдай тәмамдаған соң, дала генерал-губернаторы кеңсесінде қызмет етеді. Бір жылдан соң ол Ақмола облыстық сотына тілмаш болады. Отыншы Әлжановтың есімі осы тұста көзі ашық, көңілі ояу азаматтар үшін бірқыдыру таныс болып қалған шақ еді. Оның өзі туып-өскен аймақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырып, жазған зерттеу еңбектері сол тұстағы «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета» сынды басылымдарында көбінесе «Бабай бүркіт», «Орта жүз» атты бүркеншік есімдермен жарық көріп отырды. «Қырғыз (қазақ) балаларын тәрбиелеу туралы әңгімелер», «Қырғыз (қазақ) даласындағы халыққа білім беру туралы» т.б. мақалалары жұрт арасына кең тарайды. Сатира жанрына да қалам сілтеген оның «Қарынбайдың хикаяты», «Күшік пен мысық», «Бақсы мен дуана» т.б. шымшымалары осы басылымда жарық көреді. Өкініштісі, оның еңбектері әлі бір жүйеге келген жоқ, оны іздестіру жұмыстары да баяу жүргізіліп отырғаны жасырын емес.
Отыншы Әлжанов 1907 жылы Көкпектідегі екі кластық орыс-қазақ училищесіне меңгеруші болып тағайындалады. Сол тұста өңірде мектеп ашу жұмысына білек сыбана кіріскен алаш ардагерінің еңбегі де жеміссіз болмағанын айта кеткен ләзім. Алайда қарашекпенділердің жаппай қазақ жеріне қоныс аудара бастауына наразы болған ол бұл мәселе туралы жоғары ұлықтарға әлденеше шағымданады. Патша үкіметінің саясатына қарсы шыққан бүлікші ретінде енді оның артына қоңырау байланып, халқының ауыр тірлігін ашына жазған хаттары өзіне қатты соққы болып тиеді. Патша үкіметі әлдекімдерді айдап салып үстінен іс қозғап, Семей түрмесіне жабады. Ақыры, «бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген, солақай саясат есіл ерді Жетісу губерниясы, Лепсі уезіне бес жылға жер аударып жібереді. Бұл жайында ақын Қалихан Алтынбаев пен Ерғали Жұмахан бірігіп жазған «Ақсуат» атты кітапта былай делінеді:
«…Отунчи Альджанов как политически неблагонадежный сосланный в г. Лепсинск поднадзор полиции. Здесь в Лепсинске О. Альджанов занялся ходатайством по разным делам в мировом и окружном судах и стал пользоваться популярностью среди местных мусульман татар и особенно киргиз» деп Лепсі уезінің бастығы жоғары ұлықтарға хат жазады. Кесімді бес жылын абақтыда өткізген оны патша үкіметі босата қоймағанға ұқсайды. Өйткені, саяси жағынан бүлікші атанып, ел намысын қорғап жүрген қайраткерді үкімет назарда ұстауды қалайды. Семей облысының генерал-губернаторы 1913 жылы дала генерал-губернаторына жазған хатында: «…Альджанов и в месте высылки продолжает свою противоправительственную деятельность, я пологал бы ходотайство его о возвращении на родину отклонить, тем более, что возвращение его в данный момент, в виду политических осложении в прилегающих к Зайсанскому уезду местностях Китая и производящихся Киргизских выборов может повести за собою нежелательные последствия» дейді. Оның үкіметке әлі де сенімсіз екендігі, алдағы сайлау барысында тағы бүлік шығаруы ықтималдығы туралы донос жасайды. Ал Ресей жерінде болып жатқан бүліншілік Жетісу жерін де айналып өтпеді. Ел арасында береке кетіп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Лепсі уезіне қарайтын Үржар, Мақаншы ауылдары да бұл саяси оқиғалардан шет қала алмай ақ пен қызылдардың өзара шайқасы қарапайым халыққа да алапат зиянын тигізді. Жаралы жолбарыстай қансыраған жақтың қайсысы болмасын бейбіт елге бүйідей тиді. Мұны мына бір архив материалдары айғақтай түседі. Нұрбек Уәлиев ағамыздың «Туған жер – Тарбағатай» атты зерттеу еңбегінде: «…1918 жыл 15 маусым. Сергиопольден Жетісуға облыстық атқару комитетіне телеграф арқылы ақ казактардың Үржарда қару-жарақты тартып алғанын, селоға (Благодатный) шабуыл жасамақ екенін хабарлап, аудандық кеңес тұтқындалған. Үржар мен Андреевка арасындағы телеграф үзілген. Сол күні облыстық атқару комитеті Сергиополь кеңесіне Мамонтовтың жауынгерлік отряды шығады. Мықты болыңдар. Көмек болады деп хабарлайды» немесе «…Жетісу облысына Семей жақтан ақ гвардияшылар мен интервенттердің шабуылына байланысты әскери жағдай жарияланды». Ал 3 шілде күні қызыл гвардияшылар отрядының командиры И.Е.Мамонтовтың Жетісу облысының әскери қолбасшысына Үржарға атыссыз кіргенін хабарлайды. (83-бет). Ақыры дәл осы күндері Тарбағатай тауының теріскейінің төл перзенті, есіл ер Отыншы Әлжанов таудың күнгейіндегі Мақаншы ауылында ерлікпен қаза табады. Алашқа әйгілі жанның қазасы туралы сол тұстағы баспасөз үндемей қалмады. Мәселен, 1918 жылғы «Абай» журналының № 9 санында «…Мақаншы қаласын қызылдар шапқанда қазақтың бір оқыған қызметкері – Отыншыны шаһит қылып, сүйегін өртеп жіберді.
Талай жерде: «Жарлық естіртеміз, сөз айтамыз» деп қазақтарды жиып алып, пулеметті құрып жіберіп, шалғымен шапқандай тып-типыл қылып жусатқандары болыпты. О жақтың орысының қазаққа көрсеткен күнін құдай басқа салмасын. «Аңға шығамыз» деп қазақ ауылын қамап алып, жан-жағынан бытырлатып атып, адамдарын жусатып салып, малын айдап жөнеліпті, жас балаларды найзасының ұщына шаншып доп қылып ойнапты. Керосинды бүркіп жіберіп, сіріңке қойып, бақырып, секіріп, жанталасып өлгендердің қызығына қарап тұратыны естіген адамның құйқа тамырын шымырлатады…», деп жазды.
Отыншыны барша қазақ елімен бірге Міржақып Жулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгеров сынды алыптар аза тұтты. «Ұлт қызметінде жүріп құрбан болған Отыншы Әлжанұлының мезгілсіз қазасына қайғырамыз. Марқұм Алашорданың бір мүшесі еді. Құрылтайдың өкілі еді. Алаш баласына Отыншының шығыны батады. Орны ойсырайды, әсіресе балшықтан кісі жасай алмай отырған Жетісудағы ағайындарға басшысынан, көсемінен айырылғаны жан ауырарлық іс болды. Тағдырға шара бар ма? Марқұмның жаны жақсы жайда болып, қалғандарына сабырлық берсін деп тілейміз», деп жазды Жүсіпбек Аймауытов «Абай» журналының аталмыш санында. Ал Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде «Тағы да құрбан (Отыншы Әлжанов)» деген мақаласында «…Қымбатты Отыншы, алаштың көркейгенін көре алмай арманда кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем емес» деп жазды.
Отыншы Әлжановтың ұрпағы да кеңес заманы тұсында қуғын-сүргінді көп көрді. Үлкен ұлы Мұхамедқасым (Мұқаш) қаржы саласында еңбек етеді. Кеңестің қудалауына түсіп, оның құрығынан қашып, қырғыз, орыс жерлерінде біраз жыл бой тасалайды. Сөйтіп жүріп халқының бай ауыз әдебиеті қазынасын жинастыруға да атсалысқан көрінеді. Мұқаш ақсақал 1967 жылы 62 жасында дүниеден озады. Екінші ұлы Ғалымжан Әлжанов Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетінде оқып жүрген шағында 1937 жылы жазықсыз айдалып, ақыры 1956 жылы ақталады. Кейін ол да үбірлі-шүбірлі болып еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жоғары орындарда қызмет етеді. Ғалымжан Әлжанов 1965 жылы дүниеден озады.
Туған елі үшін опат болған Отыншы Әлжановтың есімі бүгінде әлі де өмірден өзінің лайықты орнын ала алмай келе жатқаны анық. Қазақ ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жанын қиған азаматқа қандай сый-құрмет көрсетсек те артық емес.
PS. 2016 жылы Үржар ауданының орталығында Отыншы Әлжановқа кеуде мүсін орнатылды.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы