Оңтүстік Қазақстан өнімімен де, өнерімен де тамсантты
Бұл жолғы жәрмеңке Өскеменде әр сенбі сайын өткізіліп жүрген жәрмеңкелерден өзгеше болды. Ырысты оңтүстіктен келген керуен Металлургтер мәдениет үйі алдындағы алаңды нағыз базарға айналдырды. Жәрмеңкеге облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ арнайы келіп, оңтүстікқазақстандықтарға алғысын білдірді.
Сөрелер алуан түрлі жеміске, уылжып піскен жүзімге, Шардараның дәмі тіл үйірер бал қауыны мен қарбызына лық толды. Оңтүстік өңірінің берекелі керуенін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков пен ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Полатбай Тастанов бастап келді. Биыл 1 миллион 10 мың тонна бау-бақша өнімін жинап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткен оңтүстіктің диқандары Өскеменге 10 тонна күркетауық етін, 52 тонна көкөніс, 10 тонна қауын-қарбыз, 50 тонна алма, алмұрт, жүзім және 10 тонна кептірілген жеміс, жаңғақ, күріш сияқты түрлі өнімдер әкелді. Жалпы құны 40 млн. теңгені құрайтын 133,5 тонна өнімнің барлығы нарықтағы базар құнынан 10-20 пайызға арзандатылған бағамен сатылды. Мәселен, қызанақтың келісі 90-120, қияр 150-200, болгар бұрышы – 70, алма-алмұрт 120-180, жүзім 200-250, қауын – 90, қарбыз, асқабақ 60 теңгеден саудаланды.
Күннің суықтығына қарамастан, жәрмеңкеге келушілердің қарасы көп болды. Әсіресе, көкөніс, қауын-қарбыз, қант, күріш сатылған шатырлардың маңындағы ұзын-сонар кезек түске дейін тарқамады. Ал картоп, қырыққабат, пияз сияқты қысқа қажетті өнімдерді жұртшылық қап-қабымен алып жатты.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбековтің айтуынша, талай жылдан бері жинақтаған бай тәжірибесі бар, көкөніс пен бау-бақша өнімдерін күтіп-баптауды жақсы меңгерген оңтүстік бағбандарының сапалы өнімдерін бүгінде тек республика жұртшылығы ғана емес, шетелдіктер де тұтынып, экспорт көлемі едәуір ұлғайып отыр.
Жәрмеңкеге арнайы келіп, ауыл шаруашылығы өнімдері самсап тұрған шатырларды, көрмені аралап шыққан аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ мыңдаған шақырым жерден ат арылтып келген меймандарға, ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбай тер төккен диқандар қауымына зор алғысын білдіріп, ырыс-береке, толағай табыстар тіледі.
Жәрмеңке барысында Оңтүстік Қазақстан облысы филармониясының ұжымы өскемендіктерге әннен шашу шашып, керемет концерттік бағдарламасымен мерекелік көңіл күй сыйлады. Әсіресе, А.Жүнісқожаев, Г.Нұрпейісова, М.Жуанышбаев, Г.Қанафина, Г.Қалыбекова сынды күміс көмей әншілердің орындауындағы эстрадалық, халық әндерін жұртшылық бірге шырқап, «Радэ» тобының бишілерімен қоса биледі.
Көрме-жәрмеңкедегі таза күмістен жасалған зергерлік бұйымдарды көруге асыққан қыз-келіншектер мен апаларымыз таңданыстарын жасырмады. Әдемі, бірақ қымбаттау сияқты.
– Енді ше, бұл жүзік, алқа, сырға, білезік, шашбаулардың барлығы шебердің қолынан шыққан бірегей туындылар, – дейді Қазақстан этнографиялық туристік орталығының директоры Кендебай Қарабдалов.
Сазбалшық пен қыштан жасалған құмыраларды, ыдыстарды, нарқобыз, сыбызғы сияқты көне музыкалық аспаптарды, ағаштан ойып жасалған бесікті де осы қатардан көруге болады. Ал Шымкент инновациялық институтының доценті, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бибіажар Иманбекқызының шебер қолынан шыққан киізден жасалған мәсі, бас киімдер, шашақбаулар, аяққаптар, үй тұмарлары, сөмкелер мен әшекейлер анадайдан көз тартады. Жастарымыз біреудің ала жібін аттамасын, төрт құбыласы тең болсын деген ниетпен аппақ киізге 21 гүлмен кестеленіп, қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген текемет-құрақтар көздің жауын алады. Ал шебер Күләш Айдарбекова жасап шығарған көзмоншақтар тіпті қазіргі заманғы интерьерге сәндік қолданбалы өнер туындысы ретінде ілуге әбден лайықты екен.
– Осыған дейін оңтүстік бағбандарының керуені Елордамыз Астана мен Алматы жұртшылығын төмен бағамен қуантып қайтты. Енді міне, акция аясында Өскеменге алғаш рет келіп тұрмыз, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков. – Екі облыс әкімдіктерінің арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін арзандатылған бағамен сату жөнінде келісім жасалған. Бұл жәрмеңкеге Түлкібас, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Мақтарал, тағы басқа өңіріміздің 14 ауданы, ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық кәсіпкерлер қатысуда. Әзірге өнімдерді шақтап әкелдік. Алдағы уақытта сұраныс жоғары болса, мол өніммен жиірек келуге де болады. Күркетауық өсіріп, оның етін өңдейтін еліміздегі ең алғашқы кешен – «Ордабасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біздің өңірімізде. Сондықтан өскемендіктердің дастарқанына 10 тонна күркетауық етін әкелдік.
Ендігі кезекте Оңтүстік Қазақстанда Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтеді деп жоспарланып отыр. Сәкен Қаныбековтың сөзіне қарағанда, оңтүстік жұртшылығы жері жомарт шырайлы Шығыстың керуенін тағатсыздана күтіп жүр.