Өткеніне разы, келешегіне сенімді
Қазан айы – қайырлы да қадірлі ай. Бұл – қарияларға қамқорлық көрсетіп, қауқарсыздарға қайырымдылық жасайтын ай. Ендеше, оған қапысыз даярлықпен келуіміз керек.
Сонымен қатар жас буынға тәлім беріп, бүлдіршіндердің қолына қалам ұстататын, жалпы адамзат атаулыға жол ашып, жоба нұсқайтын ұстаздар қауымы мерекесінің де осы аймен бірге келетіні рас. Демек, ұстаздарға деген ықылас-пейілімізді, құрмет-қошеметімізді көрсететін шағымыз да – осы ай.
Көңілімді «осы айтулы мерекеде жұрт назарына кімді ұсынып, оқырманды кімнің өмірбаянымен таныстырамын?» деген ой тербегенде менің көз алдыма бірден өзіміздің Марған апай – Марғуа Молдамсейітқызы елестеген болатын. Олай болатын жөні де бар еді, өйткені бұл кісі – жасы сексенді алқымдап қалған қарт әже, оның үстіне өмір бойы мұғалім болып, бала оқытқан ардақты ұстаз.
– Мен 1943 жылдың 10 қарашасында бұрынғы Маралиха ауылында дүниеге келдім, – деп бастады сөзін Марғуа апайымыз біз өзімен әдейілеп іздеп барып жолыққанымызда. – Ата-анам Молдамсейіт пен Бағыш үш қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Мен солардың бесіншісімін. Маралиха орта мектебінде оқып, сегіз класты бітірдім және осы сегіз жыл бойы үздік оқып, үнемі грамота алып отырдым. Сегізден кейін білім қуып Қызылорда қаласына аттандым, сондағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге түстім.
Бұл оқу орнын 1964 жылы қызыл дипломмен бітіріп, ауылыма қайтып оралдым да, бастауыш класқа сабақ бере бастадым. Келесі, 1965 жылы Алматыға барып, КазПИ-дің биология факультетіне түстім. Бұл жоғары оқу орнын сырттай оқып бітірдім.
Марғуа Молдамсейітқызы 1967 жылы өзінің өмірлік серігін тауып, тұрмысқа шығады да, жолдасымен бірге Күршімге қоныс аударады. Сол Күршімде тату-тәтті тұрмыс кешкен өнегелі отбасында дүниеге Талғат, Құрмат, Жанна атты үш сәби келіп, шаңырақты шаттыққа бөлейді.
– Ол кезде негізінен орыс ұлты мекендейтін Күршімде жалғыз №1 мектепте ғана қазақ кластары болды, – деп еске алады Марғуа апай. – Ал ол жерден маған орын табылмады. Қосымша сабақтар беріп, амалдап жүрдім. 1970 жылы қазіргі гимназия, №3 Күршім орта мектебі ашылды. Маған бұл мектептен де орын бұйырмады. Ақыры, орыс кластарына қазақ тілінен сабақ бере бастадым. Қосымша сабақтан да дәріс беріп жүрдім.
1977 жылы биология пәні мұғалімінің орны босап, М.Нұржанова толық жүктемемен жұмыс істей бастады. Содан ұстаздық ете жүріп, талай биіктерге шыққан ол 1985 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Қатал да талап қойғыш мінезімен ерекшеленген ұлағатты ұстаз оқу ісінің меңгерушісі қызметін зейнет демалысына шыққан 2001 жылға дейін абыроймен атқарды. Сапалы білім, тиянақты тәрбие беріп, шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналған М.Нұржанова мектепте тағы бір жыл еңбектеніп, содан соң біржола демалысқа шыққан болатын.
1987 жылы бақытты да қызықты өмірдің шырқын бұзып, тағдырдың қара дауылы соғып өтті. Жиырма жыл отасқаннан кейін сол кезде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген құдай қосқан қосағы Валерий Жанұзақұлы ауыр науқастан дүние салды. Қайсар да қажырлы әйел басқа түскен нәубеттен мойып, есеңгіреп қалған жоқ. Үш баласын өзі тәрбиелеп жеткізді, ешкімнен кем қылмай оқытты. Еңбегімен елге қадірлі, ағайынға ардақты жан болған Марғуа Молдамсейітқызы – бүгінде осы үш перзентінен 9 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.
Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, ардагер ұстаз атанған М.Нұржанованың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол еңбек етіп жүрген кезінде Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын иеленді. Бұдан соң аудан әкімдерінің «Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін» грамоталарымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Күршім ауданына – 90 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Марғуа апайымыз зейнетке шықтым, қартайдым деп отырған жоқ, ол әрдайым қайнаған өмірдің ортасында, құрдас-замандастарының алдында. Аудандық ардагерлер кеңесі президиумының, төралқасының мүшесі ретінде бесаспап қария қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, ардагерлер ұйымдастырған концерттік бағдарламалармен аудан ауылдарын тегіс аралап, өнер көрсетті. Осы топтың құрамында Катонқарағай, Көкпекті аудандарына шығып, ондағы өнерсүйер қауымның алғысына бөленді. Бүгінде 79 жасқа келіп отырған ардақты әжейдің алдағы өмірден де үміті мол, келешекке деген сенімі селкеусіз. Денсаулықтың арқасында бір сәт те тыныш отырмайтын апайымыз жеміс ағаштарын өсіріп, күтіп-баптап, олардан алған өнімін отбасы дастарқанына қоюдан жалыққан емес. Қоштасарда біз биылғы қарақат пен шиенің мол өскен жидегін айналадағы көршілерге, таныстарына тегін таратып бергенін масаттана әңгімелеген Марғуа Молдамсейітқызының осы сергек-ширақ қалпынан айнымай, ұзақ та бақытты өмір сүре беруіне тілектестігімізді білдірдік.
Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.