Өнегелі өмір

Отандық гидрогеологияның негізін қалаған еді

Қазақ тарихының қилы кезеңінде өмірге келіп, сол дәуірдің аласапыранын көзбен көрген, өмірдің ащы-тұщы дәмін ерте татып, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі Сіләмхан Жапарханов еді.

Сіләмхан Жапарханов 1927 жылы Жарма ауданы, Қараш ауылында өмірге келген. Өз естеліктерінде айтып кеткендей, қазақ даласын шарпыған ашаршылық оның туған өлкесіне 1930-32 жылдары жеткен еді. Ашаршылықтан ауылдың (100-120 адам) тең жартысы қырылған. Көбі қариялар мен балалар болған, тіпті денелері көмусіз қалған. Ал ашаршылықтан аман қалғандар жан сақтау мақсатында Түрксіб теміржолымен жүретін пойыздарға жабысып, Семей, ары Алтай өлкесіне өтіпті. Олардың арасында Сіләмхан Жапарханұлының анасы мен туған-туыстары да болған. Осылайша ашаршылық 1934 жылға дейін жалғасқан.

Сіләмхан Жапарханов үйдің кенжесі болған, отбасында сегіз ағайынды. Ол кезде оның алпыстағы науқас әкесі болған. Ал анасы 58 жасында Алтай өлкесінде көз жұмыпты.

Сол кезде Шар кентінде «Түрксіб» теміржолшыларының балаларына арналған жетіжылдық мектеп болатын. 1941 жылы туысқан ағасының үйінде тұрып, Сіләмхан сол мектепті бітірген. Ал аға-апайларының мектепке баруға мүмкіндігі болмай, ауылда ескіше хат таныған.

Екінші дүниежүзілік соғысқа ауылдан С.Жапархановтың 22 туысы аттанған. Олардың артында әйелдері, балалары қалды. 22-нің 12-сі оралмады, алтауы мүгедек болып келді, тек төртеуі аман-есен оралды. Ал өзі немере інісімен бірге колхозда еңбек етіп, күн көрді.

Жетінші сыныпты бітірген соң «Балажал» кен орнында алтын өндіретін артельге қабылданады. Ол жерде жасөспірімдер геологтарға сынама алуға көмектеседі. Сол кезде жеткіншек өмірін осы саламен байланыстыруға бел буады.

Геолог мамандығының қыр-сырын меңгере бастаған С.Жапарханов 1944 жылы Қазақ геологиялық-геодезиялық техникумына оқуға түседі.

1948 жылы техникумды 22 адам бітіріп шығады. Үздік түлектер қатарында Сіләмхан Жапарханов та болды. Сол жылы ол Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түседі. 1953 жылы институтты бітірген соң Орталық Қазақстанның геология басқармасына (Қарағанды қаласы) «аға гидрогеолог» лауазымына жіберіледі. Мұнда ол өнімді еңбек етеді. Минералды жерасты суларының 7 қорын  ашады. Олардың қатарында Ақшатау, Жоғарғы Қайрақты, Көктенкөл, Жәйрем, Жезді су кен орындары бар.

1957 жылы Қарағанды қаласында сол кездегі Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевпен кездесу өтеді. Онда Қ.Сәтбаев Орталық Қазақстанның кен базасын дамыту жұмыстары жайында айтып, жас мамандарды зерттеу материалдарын жинақтауға шақырады. 1959 жылы Сіләмхан Жапарханов жинаған зерттеу материалдарын Ғылыми кеңеске ұсынып, 1962 жылы Біріккен геологиялық кеңестің төрағасы академик Қ.Сәтбаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғайды. Кейін Қазақ КСР ҒА Геологиялық ғылымдар институтының ғылыми хатшысы атанады. Онда 1966 жылға дейін (сектор меңгерушісі болғанға дейін) Қ.Сәтбаевтың басшылығымен еңбек етеді. 1959 жылы академик Уфа Ахмедсафинмен танысып, ол өмірден өткенше (1984 жыл) тығыз байланыста болады.

Геологиялық ғылымдар институтында (қазіргі Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) ғылыми хатшы болған жылдары Қ.Сәтбаевпен қатар еңбек еткен.

1974 жылы докторлық диссертациясын Ленинград тау-кен институтында қорғайды. Бұл жұмысын жиырма жыл бойы жинаған зерттеу материалдары мен Қ.Сәтбаевтың идеялары негізінде жазған.

Сіләмхан Жапарханов 1960-80 жылдары Геологиялық ғылымдар институты ғылыми кеңесінің, КСРО Жоғарғы аттестациялау комиссиясының (Ташкент қаласы), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ҰТЗУ докторлық кеңесінің мүшесі болған. Ұзақ жылдар бойы Қазақ телерадиокомитетінің штаттан тыс тілшісі, Қазақ КСР «Білім» қоғамы төралқасының мүшесі болды. КСРО және Қазақ КСР халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне бірнеше рет қатысып, грамотасымен үш мәрте  марапатталды.

Ресей ақпараттандыру академиясының құрметті академигі (1990 ж.) және Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (1995 ж.) болды.

Профессор Сіләмхан Жапарханов 1986 жылдан ғылыми-педагогикалық қызметін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ҰТЗУ Гидрогеология және инженерлік геология кафедрасында жалғастырды. Отыздан астам жылын сүйікті университетіне арнады. Мұнда ол Гидрогеология және инженерлік геология кафедрасының меңгерушісі, 1991 жылдан профессоры болды.

С.Жапарханов – академиктер Сәтбаев, Вернадский атындағы  сыйлықтардың лауреаты. 2015 жылы «Қазақ ҰТУ-дың еңбек ардагері», Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ҰТУ-дың «Құрметті түлегі» атақтарына ие болды. Қазақстанның тау-кен гидрогеологиясы ғылыми мектебінің негізін қалаушысы әрі  жетекшісі болды.

Алпыс жылдан астам ғылыми кадрлар даярлады. Ол 7 ғылым докторын, 22 кандидат, 10 магистр, 300-ден астам инженер мен «гидрогеология және инженерлік геология» мамандығы бойынша бакалаврларды дайындап шығарды. 400-ден астам еңбегі жарық көрді. «Су басқан кеніштерді игеру кезінде гидрогеологиялық процестерді болжау және басқару», «Кен орындарын шаймалау гидрогеологиясы», «Жерасты сулары қорларын жасанды толтыру» мәселелері бойынша зерттеулер жүргізді.

2001 жылы «Жер қойнауының құрметті барлаушысы», 2012 жылы «Су шаруашылығының құрметті қызметкері», 2010 жылы «Жарма ауданының құрметті азаматы» атанды. Ел алдындағы ерекше еңбегі үшін дербес зейнеткер болды.

Белсенді ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметі үшін көптеген алғыс хаттармен марапатталған. «Отан соғысы» ордені мен медальдары бар. 15-тен астам халықаралық съезд, конгресс пен симпозиумға қатысқан. Ғылыми жетістіктері газет-журналдарда жарияланды. 1992 жылы ЮНЕСКО шақыруымен Мәскеу мемлекеттік университетінде шетелдік ғалымдарға дәріс оқыды.

Ол адал жар, қамқор әке болды. Жан жары Римма Арықовамен бірге 57 жыл бақытты ғұмыр кешті. 2010 жылы жұбайынан айырылған соң бала-шағасының ортасында болды. Кейінгі жылдары жасы мен ауыр сырқатына қарамастан, күнделікті жаңалықтардан хабардар болды, гаджеттерді пайдалана білді. Есте сақтау қабілеті керемет еді, туған-туыс, дос-жаранға ыстық сүйіспеншілігін көрсетіп кетті. Өмірінің соңғы жылдары «Соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары кеңесі» қоғамдық қорын құрып, басқарды. Ірі қоғамдық әрі қайырымдылық жұмыстарға атсалысты. Бүгінде бұл қор мұқтаж соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетеді. Атап айтқанда, оларды азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтып, үйлерін жөндеп, тазалап, қайырымдылық жасап келеді. Ардагерлерді ақтық сапарға шығару рәсіміне де атсалысады.

Сіләмхан Жапарханұлы 2020 жылы 21 маусымда бақилық болды. Еліміздің ғылым саласы ауыр қазаға ұшырап, қара жамылды…

«Соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары кеңесі» қоғамдық қорының мүшелері профессор оқыған Семейдегі бұрынғы Қазақ геологиялық-геодезиялық техникумына, қазіргі Семей геологиялық барлау колледжіне Сіләмхан Жапархановтың атын беруді ұсынып отыр. Білікті шәкірттер тәрбиелеп, еліміздің ғылымын дамытуға белсене атсалысқан тұлғаның есімін осылайша есте қалдыру орынды. Бұл мәселенің оң шешім табарына сенеміз.

Думан Арғынкелді,

журналист

 

Осы айдарда

Back to top button