«Дидардың» қонағы

Отантай КӘРІБЖАНОВ, республикалық «Абай» қорының президенті, Абай ауданының құрметті азаматы: -Абай театрын 20 жыл басқардым

Отантай КӘРІБЖАНОВ, республикалық «Абай» қорының президенті, Абай ауданының құрметті азаматы:  -Абай театрын 20 жыл басқардым

Отантай Кәрібжанұлы – қазақ өнері мен мәдениетінің, білім саласының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген жан. Семейдегі Абай атындағы музыкалық-драма театрын 20 жыл басқарып, талай саңлақтарды тәрбиеледі. Еңбек жолын жиырма жасқа толар-толмастан бастаған ол мәдениет пен білім саласына ғұмырының 50 жылын арнады. Таяуда Отантай Кәрібжанұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

−Газет оқырмандары көптен бері сіз туралы білсек, өскен ортасы қандай, ата-анасы,туған жері және өнерге келу жолы жайында оқып, білсек деген өтініштерін жеткізген .
-Өмірімнің, бақытымның киесі – түн ұйқысын төрт бөліп, аналық мейіріммен ақ сүтін берген анам, одан кейін «сүт кенжем» деп бар мейірімін төккен әкем дер едім. Әкем Кәрібжан Кенжебайұлы мен анам Гүлсім Сылдырбайқызы орта дәулетті, өз еңбектерімен күн көрген қарапайым отбасынан шыққан адамдар. Аталарымыз Қыдыр тауының бөктерін қоныстанған екен. Бұл жерге біздің елді сонау қазақ-жоңғар соғысынан кейін Мамай батыр Жұмағұлұлы бастап әкеліп орналастырыпты.
Әкем Кәрібжан жас кезінен ширақ, пысық, алғыр, ұзын бойлы, алып денелі, ат құлағында ойнайтын, балуан жігіт еді. Әсіресе, жылқы малын жақсы көретін. Талай аттарды баптап, бәйгеге қосты. Мұхтар Әуезовтің жирен атын да әкемнің баптағанын өз тұстастары жақсы біледі. Мұхаң туған Бөрілі жерінде 1944 жылы 20 шілдеде сәске кезінде мен өмірге келіппін. Қырғын соғыстың қайнап жатқан кезі екен. Әрі сол кезде ауылға ауданнан өкіл келіп, ауылдықтардың тіршілігімен танысып, қуанышқа да ортақтасыпты. «Ұл ма, қыз ба?» деп сұрайды ғой баяғы. Сөйтіп, әкемнен рұқсат сұраған өкіл: «Балаңыздың атын қояйын, «Отан» болсын», – дейді. Сонда әкем: «Өкіл мырза, айтқаныңыз болсын, бірақ мен «тай» дегенді қосайын» дейді. Сөйтіп, мен Отантай атанғам. Алты жасымда мектеп табалдырығын аттадым. Осы Суықжал ауылының оңтүстік жағында бір тоқал үйде мектеп болды. Бір бөлмеде әртүрлі жастағы балалар отырамыз. Семейдің педучилищесін жаңа бітіріп келген Толымқан Қарамендин деген кісі сабақ берді. Кейінірек қаладағы №5 қазақ мектебіне ауыстым. 1961 жылы қолыма аттестат алдым, мектепте жүрген кезімде небір үйірмелерге, драма, хорға қатысып, көріне бастадым. Бұл өнер жолындағы алғашқы қадамдарым еді. Ташкенттегі Н.Островский атындағы өнер институтының режиссерлік факультетіне түсуге бір жыл бұрын хат жазып жіберіп, сынақ тәртібін жіберуді өтінген едім. Қолма-қол жауап келді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне де түскім келді. Ақыры ойлана келе Семейдегі М. Төлебаев атындағы музыкалық училищенің домбыра бөліміне оқуға түстім де кеттім.
Еңбек жолыңызды Семейдегі облыстық халық шығармашылығы үйінің методисі ретінде бастаған екенсіз. Осындай үлкен лауазым жаңа бітіріп келіп отырған жас маманға ауыр тиген жоқ па?
− Оқу бітіргеннен кейін сол кездегі облыстық білім басқармасы мені Абай аудандық мәдениет үйінің директоры қызметіне жіберді. Бірақ менің қалада қалғым келді. Өнер жолы ешқашан да жеңіл болмасы анық. Ең бастысы, халық көңілінен шыға білу ғой. Сол еңбек жолым басталған кезде қараша айының 16-сы күні әскер қатарына шақыртты. Украинаның Хмельницкий қаласынан бір-ақ шықтым. Біздің эшелон түнде ғана жылжып отырды. Вагонның іші ығай мен сығай, ылғи «сен тұр, мен атайын» дегендер, соған қарамастан вагон ішіндегі жауапкершілік маған тапсырылғандықтан да, ешқандай тәртіп бұзушылықтың болмауын қадағаладым. Житомир қаласына жеткен соң әскери өмір басталды. Жастайымнан спорттты серік еткенімнің пайдасын осы кезде көрдім. Алғашқы ай карантин деп жариялады. Талап бойынша карантин кезінде маршрут, кросс, автоматтан нысана көздеу шаралары өтті. Мен автоматпен нысана көздеуден карантин бойынша бірінші орын алдым. Жас кезімізден «ТОЗ-8» мылтығымен нысана атып дағдыланған едім. Карантин біткен күні 300 адам сапқа тұрғызылды. Әр солдатты бейіміне қарай жан-жаққа батарея, рота, бригадаларға бөлу басталды. Содан кейін «кім аспаздар кухнясына барады?» деп сұрады. 5-6 өзбек пен 3-4 украиндық алға шықты. Солар кейін 5-6 айдан соң біздің бөлімге қайтып келген кезде әрең амандасатын болды. Басқалары да әр жаққа барып жатты. Кім «музыкальный взводқа барады?» деген кезде екі адам ғана саптан алға шыққанымыз есімде. Сөйтіп, оркестр құрамына қабылдандым. Оркестрдің бастығы Ұлы Отан соғысына қатысқан старшина Николай Афанасьевич екен. Солдат-музыканттардың барлығы да Украина, Киев, Одесса, Умань қалаларынан. Ресейден Истомин, Қазақстаннан мен. Сонымен солдатта жүріп, өнерімді, білімімді көрсеттім. Оркестр дирижері А. Спандунянц керекті музыканттарға қолқа сала бастады. «Қайтпай-ақ қойыңдар, тағы біраз қал» деп. Мен бірақ «Отаныма ораламын, елге қайтамын» деп кесіп айттым.

«Обком мен облисполком бізге неге жас баланы жібереді?» деп ренжігендер де болды

– Ширек ғасырға жуық уақыт бойы Абай театрының директоры қызметін атқардыңыз. Осы еңбек жолыңыз жайлы айтып берсеңіз.
-Оқу бітірген соң облыстық мәдениет басқармасында алты жыл еңбек еттім.1973 жылдың тамыз айында еңбек демалысында жүргенмін. Ол кезде Жаңа Семейде тұратын едім. Бір күні облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мәулемғазы Мәсәлімов облисполкомның төрағасы Екейбай Қашағановтың тапсырмасымен келгенін айтты. Оның айтуынша, мені Абай атындағы облыстық драма театрына директорлық қызметке жібермекші екен. Бірақ директорлыққа мені кімнің ұсынғаны беймәлім. Белгіленген уақыт бойынша облисполкомның төрағасы Екейбай Қашағановтың қабылдауына келдім. Жайлап басып, кабинеттің табалдырығын аттай бере, креслода шалқайып отырған Екейбай ағаны көрдім. Ол кісі орнынан тұрып, менің сәлемімді алып, отыруымды өтінді. Шашын артына қарай тараған, көзілдіріктің астынан сығырайған көзімен мені бір шолып өтті де, былай деді: «Айналайын, сені қай жерге жұмысқа жібергелі отырғанымды білетін шығарсың. Байқаймын, тым жас екенсің. Театр – республикадағы ең белгілі өнер ордасы. Ондағы әр актердің өзі бір театр. Сондықтан саған сеніп тапсырып отырған жұмыс жауапкершілікті талап етеді. Келешекте қазақ театрына жаңа ғимарат салуымыз керек». Мені облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мәулен Мәсәлімов апарып, театр ұжымымен таныстырды. Сол кездегі Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі, театр партия ұжымының хатшысы Халекет Ешмұратовтың сөзі ойымнан кетпейді. Мәсәлімов мені таныстырғанда, бірінші сөз алған ҚазССР халық әртісі С. Қыдыралин орнынан тұрып: «Бұл не масқара, обком мен облисполком бізге неге жас баланы басшылықа жібереді?» деді. Ал К. Сәкиева «Келсе, келген шығар, бұл бала 5-6 айдан соң өз жөнін табар» деді. Олар «бұл бала» деп сөйлегенде, Халекет аға былай деді: «Әй, жолдастар, жас келсе іске» деген. Сіздер неге ұшқары сөйлейсіздер. Менің айтарым, тәжірибесі бар, іскер жігіт, менің сенімім мол».
Бір Алланың көмегімен табаны күректей 20 жыл еңбек еттім. Еңбек көптің құрметіне бөленгенде байқалатыны рас.
– Абай театрынан басқа қаладағы Абай атындағы мәдени-ағарту училищесін басқарып, оның аяғынан тік тұрып кетуіне ықпал еттіңіз.
-Училищеге келгенде байқағаным, ескі оқу ғимараты көп жылдар жөндеу көрмеген екен. Шатырдан аққан су, шіріген еден, есік-терезе мен бөлмелер алқам-салқам. Электр жүйесі де сын көтермейді. Кадр мәселесіне келсек, 100-ге таяу ұстаздың 99 пайызы өзге ұлт өкілдері, ал студенттердің 99 пайызы қазақтар. Міне, ең сорақысы – осы. Қазақ мектептерін бітіріп келген балалар орыс тілінде оқуға мәжбүр. Сонымен, жұмысты неден бастау керек? Бір ай бойы оқу процесімен танысуды бастадым. Үлгерімі болмаған, сабақтан шығарылған балалардың тізімін алып, нендей себептермен шығарылғандығын тексере бастадым. Соңғы бір бұйрықты алып қарасам, оқудан шығарылған бала психология пәнінен неше дүркін сынақ тапсыра алмағаны үшін оқудан шығарылған екен. Оқу бөлімінің басшысы В. Алейниковты шақырып алып «Бұл бала сынақты қай тілде тапсырды? деп сұрадым. «Әрине, орыс тілінде» дейді. «Бұл баланы оқудан шығарғандарыңыз дұрыс емес. Керісінше сынақ алған ұстазды оқудан шығару керек. Баланы оқуға қайта аламыз. Сынақты қазақша ала алмаса, мұғалім аудармашы жалдасын» деп қатты ескерту жасадым. Бұдан кейін заман ағымына сай Абайдың 150 жылдығы тойланар кезде мені Абай театрына басшылық қызметке қайта шақыртты. Театр ғимаратын 150 жылдыққа дайындау мәселесі тұрды. Бұлардан соң облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, одан соң қаладағы М. Төлебаев атындағы музыкалық училищеде басшылық қызметте болдым.

Абай мен Шәкерім мұраларын насихаттаймыз

– «Ата-анам мен жолдастарымнан өзге өмірдегі сүйенішім – жарым Аманғайша» деген екенсіз.
– Жұбайым Аманғайша екеуіміздің отау көтергенімізге 45 жыл уақыт өтіпті. Аяулы жарым менің көмекшім болды. Ыстық-суықты бірге көріп, қолының ашықтығымен, көпшілдігімен туған-туыс, ағайынның ықыласына бөленді. Менің қызметіме байланысты жан жақтан небір танымал адамдар келетін. Солардың барлығын күтіп, шайын қойып, етін асып отыратын. Белгілі өнер майталмандары Асқар Тоқпанов, Тахауи Ахтанов, Асқар Сүлейменов, Дулат Исабеков, Нұрғиса Тілендиев, Оралхан Бөкейлердің барлығы біздің үйде қонақта болып, дастарқанымыздан дәм татты. Бір жылы «Кісінейді құлындар» атты Оралхан Бөкейдің шығармасын сахналап едік. Сонда Семейге Оралхан да келді. Кешкі рейспен Алматыға ұшу керек. Бірақ күн боран әрі аяз, кешкі рейс таңертеңге қалатын болды. Үйге қайтуға тура келді. Біз түнгі үштің шамасында үйге келсек, ауладан бір дәмді иіс мұрнымызды жарып барады. Сөйтсем, ертеңгі жұмысына қарамастан, Аманғайша ішінде алмасы бар бір үлкен қазды пісіріп қойыпты. Самолет тосамыз деп тоңазып кеткен біздер таласа-тармаса бас қойдық, ыстық шайын ішіп, жүрек жалғадық. Бүгінде Аманғайша екеуіміз ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырып отырмыз. Аллаға шүкір, бақытты отбасылардың біріміз.
– Сіз қазір басқарып отырған «Абай Құнанбаев» қоғамдық қорының мақсаты қандай?
– Әрине, бұл қоғамдық қор болғандықтан да, үкіметке еш қатысы жоқ. Біз Абай мен Шәкерім мұраларын насихаттаумен айналысамыз. Абайдың ақындық құдіретін, Шәкерімнің философиялық ой-толғамдарын жұртшылыққа жеткізу үшін жұмыс істейміз. Қордың жұмысын дөңгелетіп, жұмысын жақсылап жүргізу үшін қаражатты өзіміз табуға тиіспіз. Сондықтан да Абайды ардақтым деп танитын азаматтармен бірге жұмыс істейміз. Бұл қорды әу баста Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімов басқарды. Алғашқы ашылған жылдары қор 1918 жылы Мұхаң мен Жүсіпбек негізін салған «Абай» республикалық журналын қайта жаңғыртты. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт томдық кітабы жарық көрген. Бұл кітап Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуында алғашқы кеш өткізген Нұрғали және Нәзипа Құлжановтарға арнап Нәзипаның 125 жылдығына орай әдеби жиын өтті. Ал биыл М. Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің ұстаздары мен студенттері қатысқан «Абай, Шәкерім әуендері» де көпшіліктің көңілінен шықты. Міне, биыл Абайдың 170 жылдығы, мәселенің барлығын көк қағазға тіреп қоймай, атаулы күнді өз мәнінде атап өтпекпіз.
-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button