Құқық

Отан қорғаудың озық үлгісін көрсетіп келеді

«Адам өмірінде екі нәрсені таңдауда қателеспеуі қажет: біреуі – жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау» деп бекер айтпаса керек. Өкінішке қарай, мектеп бітірген көптеген жас қай мамандықты таңдарын білмей, ойына келген оқуға түсе салады. Кейін өз ісі өзіне ұнамай, қиналады.

 

Ешкім іштен батыр болып тумайды

Бүгінде көптеген мамандықтың ішіндегі абыройлысы – әскери мамандық. Осыған орай, біз Өскемендегі Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөліміне барып, сондағы офицерлердің күнделікті қызметімен танысып қайтқан едік.

Лейтенант Саян Жақсыбай – рота командирінің орынбасары, ол тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарға жауапты. Ротадағы жетпіс шақты жас сарбазды тәрбиелеу – осы жігіттің міндеті.

– Жалпы, адамды тәрбиелеу – ең қиын іс. Оның үстіне, оң-солын ажырата алмайтын балалар емес, мектепті бітіріп, қалыптасып келген жас жігіттер. Әрқайсысының мінезі, пікір-көзқарасы әртүрлі, – дейді жас офицер.

Әскерге енді ғана келген бозбаланы мұндағы темірдей тәртіпке көндіру, қиын сәтте оған қолдау көрсету, оның ішкі жан дүниесін түсіну, қажетті сөздермен қайрау… Мұның бәрі командирлердің шеберлігіне, біліктілігіне байланысты.

– Бауыржан Момышұлының «Соғыс писхологиясы» деген керемет еңбегі бар. Әрбір әскери адамға сол кітапты оқып шығуға кеңес беремін. Сонда «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді, өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөздер бар. Сондықтан жас сарбаздардың бойында батылдық, өжеттілік сынды өмірде қажет қасиеттерді тәрбиелеп шығуға болады, – дейді Саян.

Атасы Тынық мұхитта теңізші болған, әкесі Германияда танкист ретінде жауынгерлік борышын өтеген Саян бала кезінен әскери болуды армандаған көрінеді. Әсіресе атасының ескі формасын киіп алып, айнаға қарауды жақсы көріпті.

Бұл бөлімдегі ұландықтар Өскемен көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті күзетіп, түрлі деңгейдегі қылмыстың алдын алу бойынша жауынгерлік қызметтерді  атқарады.

– Кеше ғана мектеп бітіріп, әскери борышын өтеуге келген жауынгерлерді қала көшелеріне шығару үшін дайындау керек. Біздің жас офицерлер оларға қылмыстық, әкімшілік-құқықтық кодекстерді үйретеді, сонымен қатар олар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін де меңгереді, – дейді тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі бөлімшенің бастығы, майор Нұрлан Бәшенов.

Сонымен қатар жастардың психологиялық төзімділігіне де жіті мән беріледі. Мәселен, көшеде белгілі бір жайтқа байланысты ескерту жасаған сарбазды боқтықтың астына алатын адамдар да болады. Осындайда сарбаз шыдамдылық танытып, «Азамат, қайталап ескертеміз, сіздің әрекетіңіз заңға қайшы, қазір полиция шақырамыз» деп ескертеді екен. Әрине, мұндай жағдайда сарбаздарға жүйкенің мықтылығы қажет-ақ. Оны білікті офицерлер алдын ала тексеріп, әр солдаттың қаншалық шыдамды екенін анықтайды. Барынша төзімді болуға баулиды.

 

Әрбір ер азамат елін қорғауға міндетті

– Петропавл қаласындағы Ұлттық Ұланның Әскери институтын жыл сайын 400-дей жас лейтенант бітіріп шығады. Олардың 20-25-і біздің бөлімге жолдамамен келеді. Біз жас офицерлермен оқу-әдістемелік жұмыстар жүргіземіз. Әрқайсысына тәжірибелі командирлерден және ардагерлерден тәлімгер тағайындалады. Олар взвод командирлері міндетін атқарады, әр взводта 30-35 сарбаздан, үш келісімшарт сержантынан бар. Сондай-ақ олар әскери топ бастығы ретінде солдаттармен бірге көше патруліне де шығады, – дейді майор Нұрлан Бәшенов.

Өзінің әскери борышын өтеп жүрген сарбаз Шалқар Нұрмұханбет Талдықорған өңірінен екен. Әскерге дейін «Жетісу» телеарнасындағы «Таңжарық» ақпараттық-сазды бағдарламасында жүргізуші болған.

Былтыр жазда келген ол осы уақыт ішінде жауынгерлік өмірге әбден шыңдалып алыпты. Оның айтуынша, Отан алдындағы парызын өтеген соң қайта өзінің телеарнасына барып жұмысын жалғастырмақ. «Сенің жұмысың үшін әскери билеттің не қажеті бар? Әскерге не үшін келдің?» деп сұрдық.

– Иә, журналистика саласында еңбек ете бермекпін. Ал әскерге борышымды өтеу үшін келдім. Ел басына күн туа қалған жағдайда әрбір ер-азамат қолына қару алып, өз Отанын қорғауға міндетті ғой. Сондықтан автоматты қалай құруды, қалай онымен атуды білмесем, әскери шеңдерді ажырата алмасам, қалай өзімді азаматпын дей аламын. Мұнда мен әке-шешенің, уақыттың қадірін түсіндім, жаңа ортаға бейімделуге үйрендім. Кешкі сағат 6-дан түнгі 12-ге дейін Өскемен көшелерін патрульдеуге шығамыз, – деген ол өз басынан кешкен бір оқыс оқиға туралы да айтып берді.

Жаз кезінде үш сарбаздан тұратын сарбаздар тобы Бітібаева көшесімен келе жатады. Кенет алдарынан бір қыз жүгіріп шығып, құрбысын бір ер адамның қорқытып жатқанын, көмек көрсетулерін сұрайды. Оқиға орнына келсе, расында да, бір мас жігіт бойжеткенді балағаттап, ұрғалы жатыр екен. Олар алдымен ескерту жасайды, бірақ азамат көнбеген соң амалсыз қолын қайырып, кісен салады да, рация арқылы полиция шақырады. «Полиция жеткенше әлгі жігіт қашпақшы болып, қарсылық білдірді. Кейін білсек, ол үш жыл түрмеде отырып шыққан адам екен. Әлгі қыздар бізге рақметтерін айтып жатты», – дейді Шалқар оқиға туралы.

Атап өтерлігі, былтыр қала патрулі барысында Ұлттық Ұлан сарбаздары 60-қа жуық қылмыстың ашылуына септесіп, 700-ге тарта әкімшілік-құқықбұзушылықтың алдын алған.

 

Офицер боламын деген жас өзіне-өзі сенімді болуы тиіс

5518 бөлімінде кинологиялық қызмет те бар. Мұндағы иттер есірткіні, жарылғыш заттарды, күдікті адамды иіскеп табуға үйретіледі. Кинолог мамандығына Алматы облысының Қаракемер ауылында оқытады. Сонымен қатар әскерге қабылданған жас сарбаздардан тамақ істеуге икемі барлары да екі айға сол елді мекенге жіберіліп, аспазшылықты меңгереді. Себебі қарауыл қызметінде, далалық жаттығуларда сарбаздар тамақты өздері дайындайды.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан әскерилерге көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Мәселен, әрбір жас офицерге Өскемен қаласында 24 мың теңге көлемінде пәтерақы төленеді, бұл – жан басына берілетін сома. Егер оның әйелі, бала-шағасы болса, олардың әрқайсысына дәл осындай мөлшердегі қаражат төленеді. Оның үстіне, салық ұсталмайтыны себепті, жалақыларының мөлшері де жоғары.

– Келешекте офицер боламын, әскери жолды таңдаймын деген жас, ең алдымен, өзіне-өзі сенімді болуы тиіс. Талапкердің психикалық денсаулығына, дене күш-қуатына ерекше мән беріледі. Логикалық ойлау қабілеті де дамыған болуы шарт. Жалпы, жоғарыда аталған Қызылжардағы әскери институтқа түсем деушілер алдын ала арнайы тексеруден, қатаң талап сүзгісінен өтеді, – дейді майор Нұрлан Бәшенов.

Мұндағы командирлер болашақ офицерлерге өмірлік жарды талаппен таңдауға кеңес береді. Өйткені офицердің жұбайы болу оңай емес. Бұйрықпен қайда жіберсе, сонда барып, қызмет ететін олардың кейде екінші жартылары көші-қонға қарсылық білдіріп, ренжіп жататыны да бар. Бірақ офицердің әйелі мұндай қиындықтарға әрдайым дайын болуы тиіс.

– Біз жас офицерлермен өте тығыз жұмыс істейміз. Әлеуметтік желілерде чаттар ашылған. Қандай да бір мәселе туындаса, шешуге тырысамыз. Офицерлердің отбасыларымен байланыстамыз, әрқайсының үйіне барып, тұрмыс жағдайын да тексереміз, – дейді Н.Бәшенов.

Ұлттық Ұлан сарбаздарының әскери дайындығы мен жарақталуы, білімі мен қарым-қабілеттері еліміздің ішкі-сыртқы қауіпсіздігіне деген сенімімізді нығайта түсті. Бөлімнің ішкі өмірімен жіті танысқан біз «Отан қорғаушы» деген ең абыройлы мамандықтың қаншалықты маңызды екенін түсініп қайттық.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button