Отқа оранған орманның орны қашан толады?
Қазақ елінің жер үсті байлықтарының бірі – қарағайлы қалың орманы. Семей өңірі де бұл байлықтан кенде қалмаған. Алайда, тоқсаныншы жылдары осы ормандар көз алдымызда қызыл отқа оранып, айналасы бес-алты жылдың ішінде жалаңаштанып шыға келді. Өрттің қайдан шыққандығы, өртенген қарағайлардың қайда кеткендігі әлі күнге дейін жұмбақ.
«Өртенді» деген желеумен әлдеқайда әкетілген ол ағаштарды енді ешкімнің әкеліп бермесі белгілі. Ал жүз жылдан бері жайқалып өсіп, жердің сәніне, адамзат баласының саясына айналған самсаған самырсын мен қалың қарағайлардың кісі қолымен өртелген орны осы күнге дейін ойсырап тұр.
Одан бері де біраз жыл өтті. «Өртенген орманның қазіргі жай-күйі қалай? Орнына жас өскіндер отырғызу жұмыстары жүргізіле ме екен?» деген сауалдар жетелеп, «Семей орманы» мемлекеттік мекемесінің Канонерка филиалына ат басын бұрғанбыз.
Аталмыш филиалдың директоры Байжан Мұсахановтың айтуына қарағанда, мекемелері тікелей республикалық Орман-аңшылық комитетінің қарамағында. Негізгі мақсаттары филиалға қарасты орманды бағып-қағып, қауіп-қатерден сақтау болса, филиалдағы 189 жұмыскердің басты бағыты – өздеріне бекітілген орманды алқаптарды күні-түні бақылау, өрттен кейін бос қалған жерлерге өскіндер егіп, қалпына келтіру.
– Бізді тәуліктің кез келген уақытында, түрлі себептерден туындайтын өрт санының бұрынғыша қалып отырғандығы алаңдатады. Десек те, сонау жылдардағы ауыр жағдаймен салыстыруға болмас. Қазір республикалық «Даму» банкінің бізді жаңа техникалармен қамтамасыз етіп, өзге де қолайлы жағдайлар тудыруының арқасында кез келген өрт ошағының өршіп кетпеуіне жол бермейтін мүмкіндіктеріміз мол.
Ең бастысы, қай жерде өрт шықса да, айналасы жарты сағатта үлгеріп, өртті сөндіріп аламыз.
Осыдан 17-18 жыл бұрын мұндай мүмкіндіктер болды ма? Кеңес заманынан қалған, әбден тозығы жеткен ескі-құсқы техника. Олардың жүруінен тұруы көп дегендей. Іске жарамдысының бәрі жекешеленіп кеткен. Өрт шыққан белгілі бір жерге жету үшін жанармай таба алмай қиналатынбыз. Оны әркімнен бір сұрап, тауып, кісілерді жиып барғанша төрт-бес сағат өтіп кететін. Ал жалмауыздай жалаңдаған қызыл жалын әне-міне дегенше біраз жерді жалмап жіберетін.
Қазір құдайға шүкір, ондай проблема жоқ. Мемлекеттік бюджеттен бүкіл резерватқа жылына бір миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Өртеніп кеткен орманды алқаптарды қалпына келтіру мақсатында сол ақшадан өңірдегі филиалдарға бөліп беріп жатыр. Биыл біздің филиал 400 гектар жерге орман көшеттерін отырғызуды жоспарлаған. Біз оның үстінен 30 гектар қосып, 430-ға жеткіздік. Жалпы, резерват бойынша биыл екі мың 800 гектар жерге екі жылдық қарағай өскіндері отырғызылуы керек болатын. Қорытындысында екі мың 830 гектар болып шықты. Бұл көрсеткіште Долон, Беген, Бөкебай, Жаңа Семей, Семей филиалдарының да үлестері бар, – дейді филиал директоры.
Біз шаруашылық аумағында жүргізіліп жатқан әртүрлі құрылыс-монтаж жұмыстарымен де таныстық. «Бал ұстаған бармағын жалайды» дегендей, қалың орманның ортасында отырған филиал басшылары да маңайындағы қарағайдың қызығын бір адамдай көріп, заң аясында қажеттеріне жаратып жатқанға ұқсайды.
Екі жылдық жас көшеттер отырғызылған алқаптың маңына жұмысшыларға арнап, қарағайдан салынған бес-алты бөлмелі үйдің құрылысы таяуда ғана аяқталыпты. Онда жұмысшылардың жатып-тұратын, ас-ауқат дайындап ішетін, қолдары бос уақытта демалатын бөлмелерінен бөлек, екі-үш бөлмеден тұратын моншасы да бар. Аршылған жас қарағайдың иісі мұрныңды жарады.
Жерден қылтиып-қылтиып шығып тұрған жас көшеттердің өсу барысы мен күтімі жайында білгіміз келген.
– Мына жас өскіндер екі жыл бойы жылыжайда өсіп, жетілгесін отырғызу, суарып-түптеу, шөптеу деген секілді бітіп бермейтін жұмыстары басталады. Суарып, түптеу маусымында тағы да 40-қа жуық адамды жұмысқа аламыз. Арасында өз еріктерімен жұмысқа кіретін мектеп оқушылары да болады. Өйтпесек, үлгермейміз.
Өткен жылдан бастап осы жерден питомник ашқанбыз. Ол дегеніңіз – жас көшеттерді әуелі жылыжайда өсірмей-ақ, дәнін бірден алқапқа себу. Былтыр 1,2 гектар жерге егіп байқағанымыз әжептәуір нәтиже бергендіктен, биыл оның аумағын 2,5 гектарға ұлғайттық. Оларды екі жылдан кейін қазып алып, өртеніп кеткен қарағайлардың бос қалған орындарына отырғызамыз. Жас өскіндер өте нәзік, үнемі күтімді қажет етеді. Сондықтан арнайы орнатылған суару құрылғыларымен, тракторлармен күнделікті суарып отырамыз. Бұлардың өсіп-жетілуі де өте баяу, екі жылда әрі кетсе 10-12 см. ғана өседі. Соның өзіне еңбегіміз зая кетпеді деп қуанып қаламыз. Кейін тамырланып, буыны бекігеннен кейін жылына 30-40 сантиметрге дейін өсетін қабілеті бар. Ал толыққанды қарағай өсіп-өнуі үшін шамамен 100-120 жыл уақыт керек. Бұл барлық жерде өсетін қарағай атаулыға тән емес. Айталық, Риддер, Катонқарағай, Зырян сынды топырағы құнарлы, үнемі жауын-шашынды жерде өсетін қарағайлардың өсуі әлдеқайда шапшаң. Өйткені, Семей өңірінің жері құмдауыт, шөлді болып келеді, – дейді орман питомнигінің мастері Валерий Клец.
– Республикалық «Даму» банкінің бағ-дарламасымен әрі қолдауымен маусым айының 1-інен бастап, бағасы 1 млрд. 400 млн. теңге тұратын жылыжай құрылысы басталмақ, – деп бастады әңгімесін шаруа-шылықтың тыныс-тіршілігімен таныстырып жүрген Байжан Жаншуақұлы. – Оны тендерді ұтып алған итальяндық фирма салатын болады. Мұндай жылыжай Қазақстан бойынша бірінші рет салынбақ. Тіпті, ТМД аумағында жоқ. Бір ерекшелігі, бұл жылыжайға егілген өнімдердің қысы-жазы үзіліссіз өсе беретіндігі өз алдына, бір еккенде қарағай, самырсын, қайың секілді, тағы да басқа ағаш түрлерінің дәнін үш миллионға дейін егуге болады. Және өсіп-өніп, бой көтеріп кету кепілдігі 80-90 пайызға дейін. Ал біздің қазіргі мүмкіндігіміз 50 де 50 ғана.
Шаруашылықтың тіршілігімен таныса жүріп, басшыдан «Өрттің тұтану ошағы көбіне неден болатындығын, оны дер кезінде ауыздықтауда нақты қандай қадамдарға баратындықтарын, сондай-ақ, бүгінгі таңда өрт сөндіруге арналған техникалар мен өрт сөндірушілер жеткілікті ме?» деп сұрағанбыз.
– Биыл қар кетіп, жер кепкелі 13 өрт оқиғасы тіркелді. Негізінен өрттің басым көпшілігі найзағайдан болады. Найзағай түскен жерлердегі шөптер бірден лап ете қалмаса да, бірер күн бықсып, тұтанып жатады. Оның өртке айналуына шамалы жел тұрса, жетіп жатыр. Мұның сыртында демалушылар мен аң аулаушылардың, жол-жөнекей тоқтайтындардың, тағы да басқа өрт қауіпсіздігін сақтамайтындардың да үлесі бар.
Техника жағына келер болсақ, мемлекет жеткілікті қамтамасыз етіп отыр деп сенімді түрде айтуға болады. Мысалы, былтырдан бе-рі біздің шаруашылық Урал, ГАЗ-66, ГАЗ-33, КамАЗ машиналары мен МТЗ-82, МТЗ-100 тракторларының әрқайсысын бірнешеуден алды. Бұлардың барлығы да жап-жаңа және арнайы өрт сөндіруге арналған техникалар. Бөкебай деген филиалымызда бір тікұшағымыз бар. Тікұшақтағылардың басты міндеті – өрт ошақтарын әуеден байқап, дер кезінде рация арқылы филиалдарға хабар беру. Өздері негізгі өрт сөндірушілер тобы келіп жеткенше алғашқы әрекет ретінде сол жерге бес-алты десантшыларды түсіріп, өрттің өршіп кетпеуін қадағалап, барынша өшіру шараларын ұйымдастыра береді.
Орман шаруашылығында күндіз-түні тер төгіп жатқан азаматтардың есіл еңбектерінің кей кездері еш болып жататындығы қынжылтады. Не нәрсені де айлап-жылдап өсіріп-өндіруден гөрі, бір күнде қиратып немесе өртеп, құртып жіберу әлдеқайда жеңіл. Осындайлардан сақтандырғаны ма екен, жол бойында «Табиғи байлығымызды көзіміздің қарашығындай сақтайық» деген ескертпе тақтайшалар көп кездесті.
Бірақ, ондай ескертпелерді елемейтін есерлердің, елесе де, тәңірі берген табиғи байлығымызға жаудай тиетіндердің құйтырқы қылықтарына не деуге болады? Ең өкініштісі, ондайлардың жыл өткен сайын азаюдың орнына, көбейіп келе жатқандығы…
Серік Құсанбаев