Мерейтой

Осы жұрт Жүргеновты біле ме екен?

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен ұлы тұлғалардың бірі – Темірбек Жүргенов.  Биыл осынау тұлғаның туғанына 125 жыл. Осыған орай облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей қорығында дөңгелек үстел  өтті.

–Түркі мемлекеттері ұжымы 2023 жылды Түркі өркениетін дамыту жылы деп жариялағаны белгілі. Қазақстандықтар бұл жылды Түркі өркениетінің ғана емес,  Темірбек Жүргенов жылы деп жариялауды да ұсынған болатын.  Өйткені Темірбек Қараұлы Жүргенов тек қазаққа емес, исі түркі жұртына ортақ тұлға. Ол Қазақстан мен өзге де Орта Азия елдерінің оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының дамуына ерекше үлес қосты.  Темірбек Жүргенов Қазақстанның білім беру жүйесінің,  мәдениетінің негізін қалады. Ол  қазақ халқының ғана емес, жалпы шығыс халқының салт-дәстүрі мен мәдениетінің білгірі еді.  Өзі де өлең жазды, домбырада ойнады. Темірбек Жүргеновтің арқасында қазақ мәдениеті өркен жайды.  Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған шаралар легін сіздер бірінші болып бастап отырсыздар,  –  деді  Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Меңдығаным Шаймерденова.  Ғалым өкінішке  қарай, қазіргі жастардың көпшілігінің Темірбек Жүргеновтің есімін білмейтіндігіне қынжылыс білдірді.

Жиын барысында С.Аманжолов атындағы Шығыс  университетінің оқытушысы Ануза Жұмақанова  «Т.Жүргенов – көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері» тақырыбында баяндама жасады.

Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Ол ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашады.  Осы кісінің арқасында Темірбек өзбек  және тәжік тілдерін еркін меңгеріп алады. Одан кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде оқып, Перовскідегі Суханский атындағы училищеге, ал 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. Сондай-ақ Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетінде білім алады.

Ануза Жұмақанова өзінің баяндамасында Темірбектің қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға қосқан еңбегін ерекше атап айтты.

1924 жылы Темірбек Орта Азия мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараны белгілеу мәселесіне байланысты диплом жұмысын қолға алады.  Сол кезде элита арасында Жетісу мен Сырдария өңірін Өзбекстанға беру керек деген мәселе жиі көтеріліп тұратын. Жүргенов 1926 жылы өзінің диплом жұмысын сәтті қорғап, бұл жерлердің ежелден қазақтың жері екендігін  ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді.

Темірбек Жүргенов 1929 жылға дейін Қазақ педагогика институтының ректоры болып жұмыс істейді. 1929 жылы Тәжік АССР-нің қаржы халық комиссары,  1930-1933 жылдар аралығында Өзбек АССР-нің халық ағарту комиссары болып қызмет етеді.  Ташкентте еңбек етіп жүрген кезінде де Темірбек өнер, мәдениет, білім саласының дамуына үлкен үлес қосады.

Т.Жүргенов Қазақстанға оралған соң, қазақ кен-металлургия, ветеринарлық институт, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті секілді бірқатар жоғары оқу орнының ашылуына мұрындық болады.  Ол Қазақ АССР-і Өнер ісі жөніндегі комитетті басқарады.

Темірбек Жүргенов  1938 жылдың 25 ақпанында Алматыда атылады.

Дөңгелек үстелде сондай-ақ  ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің оқытушысы  А.Туктасинова, Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхананың бөлім меңгерушісі   Т. Башай, әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты Ж.Бейсембаев ұлы тұлға туралы өз ойларын ортаға салды.

Қалай десек те, «Жақсының аты өшпейтіні» сөзсіз.  Ұлтын шексіз сүйген Темірбектей ұлын халқы ешқашан да ұмытпақ емес. Бұл – ақиқат.

 

Осы айдарда

Back to top button