Тарих

Оспан батыр және Шығыс Түркістан республикасы

Оспан батыр және Шығыс Түркістан республикасы

Оспан батыр және Шығыс Түркістан республикасы


Сыртта қалған исі қазақтың біраз бөлігін ел етем деп атқа қонған, сол жолда басын құрбан еткен қазақтың соңғы батыры Оспанның алаш баласы үшін орны бөлек. Оны ұмытуға тиіс емеспіз. Биыл туғанына 115 жыл толған Оспан батыр жөнінде айтып та жазылып та жатыр. Алаш баласының қамы үшін оқ құшқан арда батыр жайында қалам тербеу бізге де бұйырыпты. Шығыс Түркістанда тәуелсіз мемлекет құрсам деп айқасқа түскен батырға кезінде КСРО көмектескені рас. Тіпті Сталиннің өзі Оспан батырдың көтерілісіне үлкен мән берген. Оған мына хаттар куә.

Сталин не үшін қолдау көрсетті?

Хорлогийн Чойбалсан!

До меня дошли слухи, что на территорий Китая в Алтайских горах, поднялись востания казахов, под руководством Оспан батыра. Поручаю вам, уточнить все детали и доложить мне. Руководством Шан Кай Ши, армия Гоминдана говорят вытесняет это востание. Может стоит, помочь этому храбрецу, военной подмогой, либо оружием и советником. Жду ответа…
Иосиф Сталин. Кремль.

Сондай-ақ, бірнеше айды өткізіп барып, екінші хатында былай депті;

Хорлогийн Чойбалсан!

Вам нужно срочно съездить, на место востания и вместе с руководителем этого востания создать временное правительство, с последовательным образованием в Республику.

Иосиф Сталин. Кремль.

Шығыс Түркістан деп аталатын Алтай мен Тарбағатай, Алакөл аралығында жатқан ұланғайыр дала Қазақ халқының тарихи атақонысы. Сол ұлы далада тіршілік кешкен біздің ата-бабаларымыз тәуелсіз ел болуға қаншама рет талпынып, көтеріліске шыққан болатын. Оңтүстік Шығыс Түркістандағы көтерілістерді есепке алмағанда, одан кейінгі ең ірі көтеріліс Оспан батыр көтерілісі деуге болады. 1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында бұрқ еткен Есімхан-Ырысхан-Ақтеке үштігі бастаған ру ақсақалдарының Қытай үстемдігіне күресі кейіннен соның құрамында болған Оспан батырдың басшылығына ауысады.

Қытай жағында қалған ел өз жерінде тұрып жатқанмен, алып елдің теперішін аса көп көрді.

Соның бірі – Шан Кай Ши бастаған Гоминдан үкіметінің қорлау мен шаншу, тоз-тозын шығару істеріне шыдамаған Алтай, Іле, Тарбағатай аймағын мекендеген қалың қазақ Оспан батырдың бастауымен көтеріліске шықты. Жүрегі түкті батырдың қолбасшылығымен Гоминдан әскерімен қиян-кескі ұрыстар жүріп жатты. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары басталған бұл көтеріліс ел арасында кеңінен қолдау тапты. Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде, аталары Шыңғыс және Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар ма еді?..

Гоминдан үкіметімен өз уақытында келісімге келе алмай, екі арадағы араздығы өсе түскен Сталин Моңғол мемлекеті арқылы Оспан батыр бастаған көтеріліске дем беріп, соғысқа керекті көп мөлшердегі қару-жарақ жіберткен еді. Кезінде кеңестік шенеунік Пахомов бастаған біраз адамдарды Оспанға жіберіп, алдағы мезгілде не істеу жөнінде ақыл-кеңес те беріп отырды. Осылайша ұзақ жылғы табан тірескен соғыстың нәтижесінде Оспан батырдың сарбаздары Алтай, Тарбағатай және Іле өзені бойындағы туған елінде, өскен жерін уақытша болса да азат ете білді.

Шыңжаңның солтүстік қанаты саналатын үш аймақ Гоминдан езгісі мен өктемдігінен тазартылып, бостандық алды. Сөйтіп, 1944 жылы күзде Оспан батырдың ұзақ жылғы жан аямаған қан төгіс күресі арқасында Шығыс Түркістан республикасы (немесе уақытша өкіметі) дүниеге келді. Бұған әрине, сталиндік саясаттың үлкен көмегі де болған еді. Бірінші болып осы уақытша үкіметті таныған кеңестік жүйе мен Моңғол елі еді. Оның бастығы болып сол кезеңнің оқыған-тоқығаны мол азаматы, қазақ Әлихан төре тағайындалды. Кейіннен аз ғана уақыт оны басқа ұлт өкілдері де басқарды. Ал Оспан батыр Алтай аймақтық әкімшілігінің әкімі болса, орынбасарлығына Дәлелхан Сүгірбаев ие болды.

Оспан батыр және Шығыс Түркістан республикасы

Батырдың түбіне қызыл қытайлар жетті

Гоминдан өкіметімен кескілескен соғыста, тобықтан қан кешіп жүріп, жеңіп алған әрі орнатқан республикасын, өзі реттеп бергендей көрінетін Чойбалсан өкіметі мен орыстарға Оспан батырдың көңілі оншалықты тола қоймады. Нақты алға қойған тілегі орындалмай, орыстың айтқанымен жүруге көндіге алмаған батыр, ыстық пен суықта ондаған жылдар соғысып, талай мыңдаған сарбаздарын құрбан етсе де, ешкімге тәуелсіз мемлекет құруға қол жеткізе алмағанын анық түсінді. Міне, сондықтан ол күресуін тоқтатпады.

«Мен қар жамылып, мұз төсеніп, халқым үшін күрестім, енді оның қызығын дайын астың иелері көріп отыр. Билікті ана орыс үйреткен Дәлелханға бердім» – деген еді бір сөзінде. Дәлелхан Сүгірбаев пен орыс генералы Викторов ақылдасып, Оспан батырды үгіттеп, Шығыс Түркістанды қайта қолға алуды алдыға тартады.

Халықты көтеретін де, көндіре алатын да тек абырой, беделі алысқа кеткен Оспан ғана еді.

Кезінде Гоминдан билігін өмірге әкелген Шан Кай Ши мен Шыңжаңды өктемдікпен әрі аса қаталдықпен басқарып отырған Шыңшысай Қытайдың Мао бастаған қызыл коммунистерінен жеңіліс тапты. Бұл кезеңде Кеңес өкіметі Германия фашистерін күйретіп тынған болатын. Гоминданды қытай коммунистері жеңіп, билікті қолға алған соң, Сталинге Оспан батыр да, оның өзі үш аймақты біріктіріп құрған Шығыс Түркістан республикасы да енді керексіз болып қалды. Бір жағынан оның тәуелсіз болып тұрғаны – Орталық Азия республикалары үшін де қауіпті еді. Енді орыс жағынан да, қытай жағынан да Оспан батырды қудалау, жою, сонымен қатар, қан төгіп жүріп құрған Шығыс Түркістан республикасын құлату керек болды. Сталин, ерікті Қытай коммунистеріне берді.

Әттең, батырға енді көмекке келетін ешкім болмады. Оспан бастап үш аймақ (Алтай, Тарбағатай, Іле) дүрлігіп жатқанда, басқа өлкелер (Қытайға бағынышты) үн-түнсіз жатқан еді. Майдандасқан қызу күрес елуінші жылға дейін жалғасты. Сол кездегі Шығыс Түркістан әскерінің бас қолбасшысы Ысқақбек батыр ауылына бір топ нөкерлерімен барып, оған ақыл-кеңес бермек болды. Бірақ батыр көнбеді. Иә, Оспан батырдың көнбеуінің жөні бар. Ол екі жаққа да тәуелді болғысы келмеді. Кезінде өзі іргесін көтеріп, шаңырағын бекіткен республиканың дербес болғанын армандап еді.

Ол сонау 1939 жылдың аяғынан бастап елінің тәуелсіздігі үшін жаппай үш аймақты көтеріп, қан майдан ашып, соғысып келген адамға Шығыс Түркістан аумағында тең келетін батыр жоқ еді.

Сол үшін Оспан батырды қазақтар ғана емес, шет елдіктер де жоғары бағалады.

Дегенмен, өзінің жұртынан басқа, жан-жақтағы елдерден ешбір қолдаусыз қалған батыр 1951 жылы қытайлардың қолына түсіп, мерт болды.
Оспан батыр көтерілісі, тарихта Гоминдандық отарлау, езіп-жаншуға және одан кейінгі қызыл коммунистерге қарсы ХХ ғасырдағы аса ірі кескілескен көтеріліс болды. Оспан батырдың қазақ елі тарихында алатын орны ерекше болмақ.

Уақытында Шыңжаңның жарты өлкесін азат етіп, тәуелсіз ел құрам деген асыл арманы орындалмай кетті. Көп ұзамай, өзі құрған уақытша өкімет те (республика) құрдымға құлады. Оны қызыл қытайлар құртып тынған еді. Әрине, қазір бәрі тарихқа айналды. Бірақ ел азаттығын ту етіп көтерген азаматтың ерлігі мен еңбегін кейінгі біз, ұрпақтары еш уақытта ұмытпауымыз керек.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button