Осман империясын Әмір Темір қалай қиратты?
Әмір Темір бұрынғы Хорезм империясының және Мауреннахр аумағын толықтай жаулап алған соң, ортаазиялық қала – Самарқандты өзінің резиденциясына айналдырды. Көшпелі халық империясы үшін Самарқанд Кіші Азияға, Үндістанға, әрі Египетке, басқа да мұсылман мемлекеттеріне баратын Жібек жолының дәл төсінде орналасқан болатын.
Осман түріктері византиялық Константинопольді жаулап алып, империяның басқару пунктіне айналдырса (артынан Ыстамбұл деп атады), Темірлан да Хорезмнен Самарқандты тартып алған соң, оны басқару орталығына айналдыра білді.
Осы арада кішкене шегініс жасап, біз енді Темірлан туралы айта кетсек дейміз.
Әмір Темір 1336 жылы (тышқан жылы) тоғызыншы сәуірде Шахирсабз қыстағында туған болатын. Әкесі Тарағай (немесе Тарғын) Найман тайпасының барлас руынан. Түркі қыпшақтар (Шыңғыс хан қағанаты) Мауреннахрды алғанда, Шағатаймен бірге келген найманның біраз бөлігі осы араға қоныс тепкен еді. Сол заманның атақты жылнамашысы әрі тарихшысы, испан елшісі Клавихоның жазғандарына көңіл бөлейік. Дәлме-дәл мағына берсін деп, аудармай орысшасын бердік.
«Тимур унаследовал организацию армии от Чингиза, предусматривавшую ее разделение. Это иерархическая система разделяла каждый домен на военные соединения, соответственно числу людей в сборах. Тимур и его дом «свято относились к законам Чингиза. В их отрядах, их дворах, их празднествах, их действиях, они никогда не действовали против институтов Чингиза».
Әмір Темір өзінің үзеңгілес досы Қыраншы батырдан: «Бүкіл Самарқандты, Бұхараны, Хиуа мен Үргенішті, Мауреннахрды бағындырдық, енді бұлардың тұрғындарын әскерге дайындаймыз ба, не істейміз?» деп сұрағаны бар.
Соны ескеріп, Әмір Темір осы өлкенің ұсталарын жинап алып, арба-арба жебе жасатып отырды. Сондай-ақ ұсталарды үнемі жорыққа да бірге алып жүрді.
Еуропалық христиандарды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген найзағайдай жылдам Баязид Кіші Азияға Темірді жібергісі келмеді.
Ал Әмір Темірдің мақсаты Кіші Азияны жаулап алып, содан кейін Үндістанды, Египетке дейінгі ел-жұртты және Египетті басып алу еді. Сөйтіп, бүкіл Азия құрлығын өзіне бағындырып алу болатын. «Найманның сайыпқыраны» (Хилда Хуккем) бұл кезеңге дейін бүкіл Орталық Азия елдерін біріктіріп, Кавказ бен Қырымды жаулап алды. 1402 жылы шілде айының жиырма сегізі күні Анкара түбінде сол заманның аса зор соғысы басталды. Жалпы, Осман түріктері әскерінің үштен екісі Дешті-Қыпшақ жерінің жалайырлары мен қоңыраттары болатын. Кезіңде жаяу әскерлері көп елдерге шамасы келмей жеңіліп қала берген соң түріктер көшпелі қыпшақтардың хандары мен тайпа басшыларына елшілерін жіберіп, алтын мен күмісті аямай төгіп, олардың атты әскерлерін жалға алған болатын. Сөйтіп барып, олар Осман түріктеріне империя болуға жол ашып берді. Қыпшақтың атты сарбаздарының күшімен Еуропаның және Азияның біраз бөлігін басып алды. Түрік янычарлары тек артта жүріп демеуші соғыскерлердің рөлін атқарды.
Осман түріктері мен Әмір Темір әскерлері Анкара түбінде соғысуға қарсы тұрған кезде жаңағы жалайырлар мен қоңыраттар өз қандастарына қол көтеруге дәті жетпей, Темірлан жағына шығып кетті. Оны испандық Клавиха былай деп жазады: «Когда они сблизились друг с другом для битвы, первое несчастье которое обрушилось на Баязида было то, что кочевое племя жалайыри и конрады (қоңыраттар) все поголовно предали его, а так как они состовляли главную часть его войск, то его армия было сильно ослаблена».
Амалы қалмаған Баязид қолына қылышы мен балтасын алып, соғысқа өзі араласты. Бірақ қыпшақтың болаттай берік атты сарбаздары қойсын ба, бірнеше сағаттың ішінде түрік янычарларының тас-талқанын шығарды.
«Истребитель христианского Запада был разгромлен орлом Найманов (Хилда Хуккем)».
Баязид пен оның жақтастарының көбі қолға түсті. Әйелдікке алғанына бірнеше ғана ай болған серб қызы Оливер мен ұлты түрік жас тоқалы Патма екеуі Әмір Темірдің қолына өтіп, жорықта жүрген императордың сүйіктісіне айналды.
Оңбай жеңілген Ұлы Түрік қағанатының көтерілуіне жарты ғасырдан аса уақыт кетті. Осман империясын бір жорығында ғана ойранын шығарып, құрдымға кетірсе, Алтын Орда империясын үш рет соққы беріп, әрең әлсіретті. Бірақ ыдырата алмады. Алтын Орда Тоқтамыс пен Едігенің және Мамайдың таққа таласуынан жеке хандықтарға бөлініп кетті.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.