Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Өскеменнің бірқатар көшесі кеңейтіледі

Биыл Өскемен көшелеріндегі көлік кептелістерін кеміту мақсатында бірқатар құрылыс жұмыстары атқарылады. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте облыс орталығында жолдарды салу және шаһарды абаттандыру мәселелері талқыға салынды.

– Осы жылы Астана көшесінің Спорт сарайынан полиция департаменті маңындағы Үлбі көпіріне дейінгі бөлігін кеңейту жалғасады. Жұмыстар 1 шілдеге шекті аяқталуы тиіс. Сондай-ақ жылдың бірінші жартысында Базовая көшесін жөндеу жоспарланып отыр, нәтижесінде ол төрт жолақты болады, – деді облыс әкімі.

Жиында белгілі болғандай, Алматы трассасына шығу жолына ерекше назар аударылмақ. Сонымен қатар Жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы көлік қозғалысын жеңілдету үшін Есенберлин, Жібек Жолы көшелері мен Сәтбаев даңғылын түйістіретін айналма жол айрығын салу көзделген. Бұл ретте осы маңайдағы коммуникацияларды көшіру жобасы да әзірленеді. Сондай-ақ Славский және Пермитин көшелерін кеңейтетін жол айрығын салу жобасы бар.

– Пограничная көшесін кеңейту үшін тұрғындардан 13 үйді сатып алуға қаржы бөлдік. Осылайша, біз орталық көшелердегі қозғалыс ағынын азайтып, кептелістерді кемітетін бірқатар бірінші кезектегі жобаларды анықтадық, – деді аймақ басшысы.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button