Жаңалықтар

Өскемендегі Оқушылар шығармашылық сарайында түрлі үйірмелер жұмыс істейді

 Өскемендегі Оқушылар шығармашылық сарайында баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді. Бұл жерде жас буынның талантын ұштап, шеберлігін шыңдауға барлық жағдай жасалған.   

Шығармашылық сарайында шахмат, брейк-данс, сурет салу, вокал, эко-туризм, тігін шеберлігі, театр өнері сынды түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге балақайлар өздерінің қызығушылығына, қабілетіне қарай қатысады, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Сонымен қатар журналист болам деушілерге арнайы студия да ашылған. Ал туған елдің топырағын зерделеп, жан-жануарлары мен өсімдіктерін танығысы келгендерге «Жас экскурсия жетекшісі мектебі» жұмыс істеп тұр. Мұнда балалар өлке тарихымен қатар көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын меңгере  алады.

Өнерге бейім өрендер аймақ басшысымен кездесуді пайдаланып өз өнерлерін көрсетті. Үйірмелердің жұмысымен танысқан аймақ басшысы оқушылармен тілдесіп, олардың шығармашылығына жоғары бағасын берді.

Аталмыш ғимаратта өнер жағынан ғана емес, психологиялық та көмек көрсетіледі. Мұнда 2019 жылдан бері өмірлік, отбасылық қиын жағдайға душар болған балаларға әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсететін орталық жұмыс істейді. Қазіргі жастар арасында белең алған суицид, буллинг сынды мәселелердің алдын алу жолында еңбек етіп жатқан орталық Оқушылар шығармашылық сарайының үш кабинетінде орналасқан. Дегенмен айналадағы у-шу мамандардың жұмысына кері әсерін тигізетін көрінеді. Облыс әкімімен кездесу кезінде орталық мамандары өздерінің жұмысымен қатар көкейде жүрген мәселелерін де айтты.

– Біздің орталықтың негізгі мақсаты – көмекке жүгінген оқушылар мен мамандарға мүмкіндігінше көмек көрсету. Мұнда психологтар өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылармен жұмыс істейді. Ал айналадағы шу оларға кедергі келтіреді. Сондықтан осы орталықты жекеше бір тыныштау жерге көшірсе жақсы болар еді, – дейді Оқушылар шығармашылық сарайының әлеуметтік-психологиялық қызметінің жетекшісі Лилия Куземко.

Ынтымақ Толқын

 

Осы айдарда

Back to top button