Ұлыстың ұлы күні

Өскеменде өзгеше бір шара өтті

Ынтымақ ТОЛҚЫН

Оның өзгешелігі сол қала жастары жиналып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеді, ұлттық ойындарын ойнады. Ән мен жырдан шашу шашып, ақындар сөз сайыстырды.   

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған  «Наурыз жастар фест» атты фестиваль облыс орталығында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын айтпасқа болмас.

Жер бусанып, күн мен түн теңеліп, бүкіл тіршілік атаулы оянған тұста көшпенді халқымыз әз Наурызды тойлаған. Бұл мейрамның шығу тарихы тереңде. Ол – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Наурыз елімізде тәуелсіздік алғалы бері тұрақты түрде тойланып келеді. Көктемнің, жаңа жылдың жаршысы болып жететін шуақты мейрамды жас-кәрі тегіс зор қуанышпен қарсы алады. Өскемендік жастар да бұл дәстүрден ауытқыған жоқ. Тіпті жылдағыдан өзгешелеу тойлады десек қателеспейміз.

Рас, қалалық жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен өткен «Наурыз жастар фест» фестивалі көпшілік көңілінен шықты. Шаһардың қақ ортасына алты қанат аппақ киіз үй тігіліп, ұлан-асыр той болды.

– Бүгін жылдың басы болған әз Наурызды жастармен және қала тұрғындарымен қарсы алып жатырмыз. Мұндай фестиваль қаламызда алғаш рет қолға алынып отыр. Шараны сайыс түрінде өткізгенді жөн көрдік. Жастарымыз халық әндерін шырқап, би биледі, асық атып, арқан тартып сайысты. Табан астында суырыпсалып айтатын ақындарымыз ортаға шығып, айтыстың көрігін қыздырды, – дейді Өскемен қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Айдос Әділбекұлы.

Сонымен қатар бұл күні көпшілік арасынан ұлттық нақышта тартымды киінген адамдар анықталып, марапатталды. Фестивальдің өтетін орны мен уақыты алдын ала хабарланғандықтан белгіленген жерге шамамен мыңға тарта адам жиналды. Олардың ішінде әсіресе жастардың қарасы мол және олар аса белсенді көрінді. Сайыстарға білек сыбана қатысып, топ жарып шыққандары лайықты сый-сияпатын алып жатты. Айталық, халық әндерін орындауға жиырмадан астам үміткер тіркелген. Олардың өнерін арнайы шақырылған, арасында кәсіби мамандары бар қазылар алқасы бағалады.

– Бүгін ұйымдастырылып жатқан «Наурыз жастар фест» фестивалі көңілімнен шықты. Ұлттық ойындарға да атсалыстым. Қазір шырқалып жатқан халық әндері қандай тамаша, құлақ құрышын қандырады! Шынымды айтсам, қазіргі жастар арасында мұндай әндерді айтатындар, тіпті тыңдайтындар жоқ шығар деп ойлаушы едім. Жоқ, көп екен. Ризамын. Бұл фестиваль осымен бітіп қалмай жыл сайын өткізіліп тұрса жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге, дәстүрімізді насихаттауға зор ықпал еткен болар еді, – дейді  қала тұрғыны Мұхтар Бақытнұрұлы.

Аталмыш фестивальда ұлттық ойындардан бөлек кыздар арасында бауырсақ пісіруден де сайыс өтті. Қатысушы жастар өз біліктіліктерін көрсетіп, жиылған жұрттың ықыласына бөленді.

Көшпенділер арасында кең танылған әз Наурызды наурызкөжесіз елестету мүмкін емес. Шараны ұйымдастырушылар келген қонақтарға наурызкөже мен палау ұсынып, ұлттық тағамдардан дәм татқызды.

 

Осы айдарда

Back to top button